Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең үлкен қызы Зейнептен (р.а.) Али және Умама (қыз бала) деген екі немересі болған. Али Мекке алынғаннан кейін өте кішкентай кезінде дүниеден өткен. Ал, Умама Мұғира ибн Нәуфәлға тұрмысқа шыққанымен одан ұрпақ қалмаған.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) екінші қызы Рұқаийаның (р.а.) әзірет Османға (р.а.) тұрмысқа шыққаны белгілі. Ол хижраның екінші жылында қызылша ауруынан көз жұмған. Әзірет Османнан туылған Абдуллах деген баласы екі жасында жарық дүниемен қош айтысқан. Осылайша, Рұқаийадан да ұрпақ жалғаспаған.
Үшінші қызы Үмкүлсүм (р.а.), әпкесі Рұқаийа (р.а.) қайтыс болғаннан кейін әзірет Османмен (р.а.) некелескен. Хижраның тоғызыншы жылы дүниемен қош айтысқан Үмкүлсүмнен бала болмаған. Осылайша, одан да Пайғамбарымыздың ұрпағы жалғасын таппаған.
Пайғамбарымыздың негізгі ұрпақтары – әхлі бәйт оның төртінші қызы Фатима анамыз және әзірет Әлиден (р.а.) Хасан мен Хусейн (р.а.) арқылы жалғасқан. Фатима анамыздан басқа да Үмкүлсүм, Зейнеп, Мухассин (Мухсин) деген немерелері болған. Мухассин кішкентай кезінде қайтыс болып кеткен. Немересі Зейнептен тарағандар «Зәйнәби» деп аталып кеткен. Ал Үмкүлсүмнің балалары болғанымен, олардан ұрпақ жалғаспаған.