Сидқ – Хақ Елшілері (с.а.у) ешқашан өтірік айтпайды. Олар әрдайым тура болып, сөздің ақиқатын айтады. Үмбеті мен қауымы, тіпті дұшпандарының өзі Алла Елшілерінің жалған сөз немесе рия әрекет жасамайтынына сенеді. Пайғамбарлар зәредей бір өтірік сөз айтпағандықтан да көпшілік қауым Олардың әкелген діндеріне мойынсұнады. Ал, туралыққа теріс саналатын өтірік айту немесе жалған әрекет ету – Хақ Елшілеріне мүлде жат. Бүкіл нәбилер пайғамбар болмай тұрып та, пайғамбар болғаннан соң да өтірік айтпайды.
Әділет – Хақ Елшілері туа бітті әділетті болады. Мысалы, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) жиырма жасқа толғанда Меккеде Хилфул-Фудул (намыс одағы) қоғамы құрылды. Бұл қоғам Меккеге сырттан келгендердің құқығын қорғауды мақсат етті. Алла Елшісі (с.а.у) жастығына қарамай осы қоғамдық ұйымды құрушы һәм қоғамдық ұйымның ережелерін белсенді түрде жүзеге асырушылардың бірі болды. Меккелік кейбір аристократтар сырттан келген кейбір қамқорсыз жандарға күш көрсетіп, дүние-мүлкін тартып алып, тізесін батыратын. Осы кезде Хақ Елшісі (с.а.у) әлгі қамқорсыз жандарды жанын салып қорғайтын.
Аманат – пайғамбарлар ешқашан аманатқа қиянат жасамайды. Айталық, Алла Елшісінің (с.а.у) пайғамбарлыққа дейінгі ғұмырына көз жібертін болсақ, Мекке қаласында кез-келген жан сапарға шығатын болса, құнды мал-мүлкін Мұхаммедке (с.а.у) аманаттайтын еді. Кейбір деректерге қарағанда арабтар Пайғамбарымызға (с.а.у) әйелдерін де аманаттайтын болған. Сондықтан да, арабтар Алла Елшісін «Мұхаммед-Әмин» деп атады.
Фатанат – Хақ Елшілері елден ерек ақылды болып туады. Олардың әрбір іс-әрекеті ақылға негізделеді. Пайғамбарлардың ақылға теріс бірде-бір сөзін немесе іс-әрекетін көре алмайсың. Өйткені, Ұлы Жаратушы Елшілерінің рухын әу баста-ақ имани ақылға малып, оның өмірі мен тағдырын ақылға негіздейді. Мұхаммед (с.а.у) де әрбір істі ақылымен таразылап, байыпты түрде іске асыратын. Ол діннің өзегі ақыл екендігін: «Ақылы жоқтың діні жоқ» деп ұқтырды.
Исмат – Хақ Елшілері күнәсіз болады. Олардың күнәсіз болуының себебі, Ұлы Жаратушы Елшілерін күнә жасаудан қорғайды һәм пайғамбарларда күнә жасау сипаты болмайды. Әсілі, пайғамбарлар қате жасауы мүмкін. Бірақ, күнә жасамайды. Олар бір мәселеде ең жақсыны емес, жақсыны таңдаған болса, қате жасаған болып есептеледі. Яғни, пайғамбарлар қате жасаса жа пенделерге тән қате жасамайды.
Тәблиғ – Хақ Елшілері тылсымнан келген илаһи жарлықты ерекше ғибратпен паш етеді. Олар әрбір мәселенің мән-жәйін терең бойлап, көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп насиқаттайды. Қажет кезде базбір мәселелерге сөзімен емес, көркем мінезімен үлгі болады. Олардың сөйлеген сөзі мен шығарған шешімінен мін табу мүмкін емес.