Сұрақ: Мұхаммед пайғамбар «Мен тек қана көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» деп айтқан екен. Осыны түсіндірсеңіз.

Жауап: Көркем мінез ислам дінінің мәйегі болып саналады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мұсылмандардың иман жағынан ең мықтысы – көркем мінез жағынан ең көркем болғаны», – деп айтады. Сондықтан, әрбір мұсылман қайда болса да, Алла алдындағы жауапкершілігін терең сезіне білуі абзал. Байқамастан жамандық жасап қойса, тез арада оны өшіретін жақсылық жасауы керек. Адамдармен көркем мінезге лайық қарым-қатынас жасауы тиіс. Бұл Пайғамбарымыздың бізге қалдырған өсиеті.

Алла елшісі (с.ғ.с.) пайғамбар болмастан бұрын жақсы мінезімен қоғамға танылып, сенімдерінен шығып «Мухаммадул-әмин» деп аталған еді. Көркем мінезді үстем ету – оның пайғамбар етіп жіберілген себептерінің бірі еді. Хазіреті Пайғамбарымыз жоқтан көркем мінезді шығарып, жүйелеу немесе көркем мінез әдістерін «анықтау» үшін емес, өзінен бұрынғы пайғамбарлар тізбегінің адамзатқа үйреткен көркем мінезін «толықтыру» үшін жіберілген еді. Бұл жерде «көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» дегені, қоғамда бір кездері болып, уақыт өте келе жоғалып күлге айналған немесе бұзылған құндылықтарды тірілту, не болмаса оларды алмастыруға байланысты айтылған. Барлық пайғамбарлар дәл осындай жауапкершіліктермен жіберілген еді.

Бірде Әнәс ибн Мәлик немере ағасының ұлы Сағд ибн Хишам Мәдинаға келгенде, хазіреті Айшадан Алла елшісінің мінезі жайлы айтып беруін өтінеді. Айша: «Сен Құран оқымаушы ма едің?» дегенде, Сағд: «Иә», деп жауап береді. Сонда мұсылмандардың анасы: «Міне хазіреті Пайғамбардың көркем мінезі де осындай Құран еді» дейді.

Алла елшісі сахабаларын әрдайым көркем мінез иесі болуға шақырып, көркем мінезділікке баулуға тырысқан. Тіпті Хазіреті Пайғамбарымыз Убаде бин Самит бастаған бір топ Мәдиналық өзіне қол тапсыруға келгенде, олардан Аллаға серік қоспаумен қатар, ұрлық жасамау, зинадан аулақ болу, балаларды өлтірмеу, жала жаппау секілді адамгершілікке қатысты мәселелерде уәделерін алады.

Хазіреті Пайғамбарымыз Муаз ибн Жәбәлді Йеменге басшы ретінде жіберерде: «Уа Муаз ибн Жәбәл! Адамдарға көркем мінез таныт!», – деп кеңес берген болатын. Сахабалар Пайғамбарымыздың үлгілі болуын және кеңестеріне қатты құлақ асқандығы соншалық Ол қайтыс болғанда, «ол болғанда не істер еді және не айтар еді?» деген сұрақты әрдайым өздерінен сұрап, әрқашан Пайғамбардың мінезі мен әдебін жалғастыруға тырысқан.

Күмәнсіз бұрынғы заманда да көркем мінездік қасиеттер мен көркем мінездік түсінік бар еді. Жомарттық, сенімділік, тура сөзділік және қонақжайлылық, ынтымақтастық және көмектесу тәрізді қасиеттер болғаны шүбәсіз. Бірақ Құран үйреткен көркем мінез олардан өзгеше еді.

Құранның басқа мінездік жүйелерден өзгешелегі, оның ақырет сеніміне сүйенуі және әлемдік қағидаларды алып келуі еді. Осыған қарай көркем мінез адамның тек қана адамдарға қатысы емес, Раббысымен және адамнан басқа да тіршілік иелеріне, сондай-ақ қоршаған ортасымен де байланысы бар ерекшелікте еді. Ислам дінінің түпкі мақсаты – мінезі көркем адамдардан тұратын, мінезі көркем жеке тұлға және қоғам, көркем мінезге лайық бір әлем құру. Бұл үшін адамдар әрқашан жақсылық пен ізгілікке бет бұруы тиіс.

Алла елшісі (с.ғ.с.) «Мұсылмандардың иман жағынан ең толығы – мінездік жағынан да ең көркем болғаны», – деп бұйырады. Бұл хадистен мінезі жақсылар — ең жақсы адамдар, сондай-ақ пайғамбарға ең сүйікті кісілер екендігі білінеді.

Тағы бір хадисте Алла елшісі: «Қайда болсаң да Аллаға деген жауапкершілігіңді ұмытушы болма! Жамандықтың артынан оны өшіріп тастайтындай бір жақсылық жасап жібер. Адамдармен де көркем мінезге лайық түрде аралас. Өйткені Алла Тағаланың бұйрығымен жасалған жақсылықтар жамандықтарды өшіреді», – деп бұйырады.

Алла адамға әрі жамандық сезімін, әрі тақуалық сезімін бірдей жасайтын қасиет бермеген (Шәмс сүресі, 91/8). Сондықтан адамның жаратылысынан берілген мінезі, жақсы немесе жаман жаққа қарай өзгеруі мүмкін.

Алла Тағала тарапынан жақсы саналған қылықтар – жақсы мінез, ал жаман саналған іс-әрекеттер болса – жаман болып саналады. Адам осы қылықтары нәтижесінде жұмаққа, не болмаса тозаққа тиесілін алмақ. Осылайша, Алла Тағала ақыретіне жақсылық әкелгенге одан да жақсысын, ал жамандық алып келгені болса жазасын береді.

Хазіреті Пайғамбар: «Қиямет күні мұсылмандардың таразасында көркем мінезден артық ауыр нәрсе болмайды. Күмәнсіз Алла сөзі мен істері жамандарға қатты ашуланады», – деп, мінезін жақсартқан адамға жұмақтың ең жоғарғы жағынан бір сарай беретініне кепіл болатынын айтады.

Балғабек Мырзаев

2 ПІКІРЛЕР

  1. Пайғамбардың «Мұсылмандардың иман жағынан ең толығы – мінездік жағынан да ең көркем болғаны» деп қандай керемет айтқан. Еліміздің мұсылмандары да көркем мінезді болса, онда қоғамдағы келеңсіз нәрселер өздігінен жоғалушы еді. Алла баршамызға көркем мінезді болуды нәсіп етсін.

  2. Алла Тағала тарапынан жақсы саналған қылықтар – жақсы мінез, ал жаман саналған іс-әрекеттер болса – жаман болып саналады. Жастарымыз көркем мінезді болу үшін әлі де көп жұмыс жасауымыз керек. Қазислам порталына үлкен рахмет! Жазарларың көп болсын.

Пікір жазу