«Тіріміздің билігі – «Алдияр» ұранды төреде,
Өліміздің билігі – «Алла» ұранды қожада»
Құнанбай қажы
«Қожа» сөзінің этимологиясы туралы
Бұл терминді терең талдайтын арнайы ғылыми зерттеу жұмысы болған жоқ. Оның есесіне ғылыми әдебиетте, көркем – көпшілік басылымдарда үйреншікті әдетпен қожа сөзін парсының /иран/-ие, еге, мырза ұғымдарын білдіретін «хваджа» сөзімен байланыстыру жиі кездеседі. Шығыста «қожа» сөзінің қолданылуы аясы өзінің кендігімен таң қалдырады. Мысалы, орта ғасырлық Мысырда көпестерді, соның ішінде жолаушылап келе жатқан кез келген көпесті «қожа» деп атауы кездеседі. Орта ғасырлық Саманид және Газневид әулеттері билеген Мәуреннахр жерінде «қожа» деп патша уәзірлерін де атайды. Осман империясы тұсында бас үлемді, сарай күтушісін, кітапхана иесін қожа атаса, ал қазіргі Түркия елінде қожа сөзі ұстаз, оқуға, дінге берілген деген ұғымда қолданылады.
Қожа сөзі тек парсы мен араб ғана емес, өзгеде көрші елдерде ғана үндіеуропа халықтарында да бар. Мысалы, орыс тілінде «хозяин» сөзінің түп нұсқасы «хваджа» /қожамен / тікелей байланысты емес пе?! Қазақ тіліндегі «қожа» – иелік, мешіктеу, «қожалық ету» – билеу т.б. мағынадағы сөз қолданыстарының парсы мен хозяиннен айырмашылығы қанша? Ең алдымен қазақ тілінде бұл сөз етістік түрінде кездеседі, ендеше ол осы ұғымының көнелігін білдіретін айғақтың бірі емес пе?
Сонымен қожа сөзі Еуразия аймағында ертеден бері абыздық топтарға қатысты айтылып келе жатқан көне ұғым. YIII-X ғасырлардан бастап бұл ұғым қазақ жеріне қоныс аударып, ислам дінін уағыздай бастаған араб сахабаларына да қатысты қолданыла бастады. Тәңіршілдік түсініктердің жуан ортасында өмір сүріп, Еуразия көшпенділерінің тарихи дүниетанымына ие болып отырған түркі қауымдары семит өкілдерінен жеңіліс тапқан бұл дәуір көптеген өзгерістер әкелді. Қарапайым тілде «қожа» қазақтың рухани өмірінің салмақты салаларына жауап беретін әлеуметтік атауы есебінде қолданылады. Қожа әулеттері дін сферасына, қоғамдық әдет-ғұрыптардың бірталай салаларына, неке және отбасылық дәстүрлеріне бірсіпырасына араласады. Әулеметтік жағынана бұл топты «асыл сүйек» деп де атайды.
Қожалардың ішкі корпоративті байланыстары
Бұл тақырып әлі де терең зерттеуді қажет ететіні белгілі. Әңгіме дәстүрлі қазақ қоғамының ішкі құрылымы, оның әлеуметтік страттары және субэтникалық топтары туралы болып отыр. Қандай да болсын қоғам ішкі жүйеге сүйенеді, егер ол жүйе нақты құқықтық, әлеуметтік құндылықтарға, ережелерге бағынса, егер әр страттың, немесе субэтникалық топтың қоғамда атқарар қызметі мен орыны нақты белгіленсе сол қоғам өміршең. Осыдан олардың жауаптылығы да өрбиді, мыс алы қожалар сүндетке отырғызудан бастап бүкіл дін ісіне жауап берді. Қазақ хандығының мұсылман елдерімен сыртқы саясатын жүргізуде де қожалардың еңбегі көп болды. Ең қауіпті қоғамдар белгілі жүйесі жоқ, аморфты қоғамдар. Олар сыртқы жаудың да, ішкі дағдарыстың да құрбандығына тез айналады.
Дәстүрлі қазақ қоғамы бұл жағынан ерекше ілтипатпен атап өтілуге тиіс жүйе құрды. Оның негізін /ядросын/ генеалогиялық иерерхия тәртібімен жасақталған рулы-тайпалық құрылым жасаса, оның сыртқы қабаттарынан біз – төре, қожа, төлеңгіт сияқты әлеуметтік және субэтникалық құбылыстарды байқаймыз. Осы топтар /страттар/ этностың сыртында Жер планетасын айналып жүрген Жер серіктері сияқты, ру-тайпалық құрылымды бекітетін киіз үйдің басқұры мен бауы сияқты, елді ел, жұртты жұрт, мемлкетті мемлекет қылып тұр. Сол себепті Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» бойынша «Сұлтанды немесе қожаны тіл тигізіп ренжітсе бір тоғыз, ал соққыға жықса үйірімен үш тоғыз мал айып, ал өлтірсе оның туыстарына жеті адамның құның төлейді». «Жеті жарғының» бұл ережелерінде қожаның не сұлтанның қызметтегі адам болуы ескерілген.
Жұрттың бәрі шулап жатқан әнші бала да көп нәрседен хабарсыз болса керек, бұл жерде дәстүрлі қазақ қоғамында қожалар үшін басты мәселе қан тазалығы емес, әлеуметтік статусын сақтап қалу болып табылады, себебі олар сол статустың арқасында тіршілігін жасап отырған. Әрине, қазіргі қазақ қоғамында жоғарыда айтылған мәселенің бірі де жоқ, дегенмен қожалардың ішкі корпоративті байланыстарын сақтай бергені дұрыс деген пікірдемін.
Қожа тобының этноәлеуметтік ерекшеліктері, оның корпоративті қағидалары туралы біз «Казахское обшество в ХІХ в.: традиции и иновации» аталатын кітабымызда жаздық.
Дереккөзі: Тарихшы Жамбыл Артықбаевтың Facebook парақшасы