Сұрақ: Өзге дін өкілдерін алдауға бола ма?

Жауап: Ислам адамдарды бейбіт өмірге шақырғаны сияқты шындық, адамгершілік, адалдық пен достық секілді т.б. көптеген ізгі сипаттарды ортаға қояды. Мұсылман өзіне сенген адамның сенімін ақтап, оған өтірік айтпайды. Егер өзге дін өкілімен тартыс немесе келіспеушілік болып қалған жағдайда, сыпайылық пен әділдікті естен шығармағаны жөн. Құран бізге осылай әмір етеді:

«Іштеріндегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларға: «Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Және біздің Тәңіріміз де, сендердің Тәңірлерің де біреу-ақ. Біз Оған бой ұсынғандармыз», – деңдер» (29:46).

Осы орайда мұсылманның басқа дін адамдарымен немесе намаз оқымайтын кісімен жасауы тиіс қатынасын көрсететін мына оқиға еске оралады:

Бір яһуди халифа Омарға келіп, хазіреті Әлидің үстінен (Алла ол екеуіне разы болсы) шағымданыпты.

Халифа Омар өзінің алдына Әлиді шақырып:

– Ей, Әбу Хасан! Сенің үстіңнен шағым айтқан айыптаушының қасына тұр, – деп бұйырады. Осы кезде Әлидің жүзі өзгеріп сала береді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Күнәні кіші көруге бола ма?

Кейін халифа Омар бұл екеуінің арасын әділдікпен шешкеннен соң оңаша қалған Әлиге қарап:

– Ей, Әли! Мен саған сені айыптаушының қасына тұр дегенімде ашуландың ба? Сенің түрің өзгеріп кеткенін байқадым? – деп сұрайды.

Әли ибн Әбу Талиб:

– Аллаға қасам етейін! Ей, мүміндердің әмірі! Мен оған ашуланғаным жоқ. Бірақ, сен мені «Ей, Әбу Хасан», – деп шақырған кезіңде мені яһудидің көзінше көтермеледі, мұсылмандардың арасындағы әділдік жоғалыпты ғой деген қорқыныш бойымды биледі, – дейді.

Хазіреті Әлидің жеке басы үшін емес, мұсылмандар үшін, дін үшін қам жеуі – тақуалық. Тақуалық болған жерде әділдіктің де болары сөзсіз. Мұсылман өмірде барлық адамға тең қарайды. Басқаша айтқанда, мүмңн адамдармен болған қарым-қатынасында үнемі шыншыл, әділ әрі мейірімді һәм тақуадар.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу