Ілгергі байлардың байлығын, малының санын біздің Отырар алқабында Ислам жолына берген зекетіне қарап бағалаған екен. Кім де кім зекетті көп берсе, соны жұрт «бай» деп есептеген. Ал кімде кімнің зекет-қайыры, садақасы аз болса, төскейі мыңғырған малға толып жатса да, көзге ілмей, атын қатты шығара бермеген. Мұның дерегіне нағашы, Жетімдердің Қасай атасынан шыққан сыпыра шежіреші, қаламгер Шериаздан Шорабекұлының жазбаларына қарап көз жеткізуге болады.

Ол өзінің «Шежіре (Қоңыраттан Қасайға дейін)» атты кітабында «Көп малдың зекеті де көп болуға тиісті ғой. Малының саны көп болғанымен берген зекеті мардымсыз болса, оны «сараң», «қайырымсыз» деп, Қарабайға теңеген. Уақытында Көтеншіде берген зекеті мен қайырымдылығына байланысты озық бай атағын алған үш кісі болыпты. Бірі – мың жылқы біткен Қасай Аралбайұлы Алпар, екінші – түлік төресі түйеден озық атағы шыққан Бегеннің баласы Биарыстан болған, үшінші – Шопан атадан озық шыққан бай Бөгенбай – ағайынды Тыныбек, Таңқы екен» деп атап өткен.

Шакеңнің жазуынша, бай болғанымен оның лайықты зекеті болмаса және ағайын-туысқа, құда-жекжатқа қайырымы, әулие-әмбие аруақтарға, мүсәпірлерге қайыр-садақасы болмаса, құрбандық шалмаса, Әйтеке би айтқандай, жинаған малынан сауап таба алмай, қарғысқа ұшырауы ғажап емес.

Бұдан бөлек, байлықты анықтаудың тағы бір әдісі – Арыс пен Сырды жағалай мекендеген жұртта түсі, түрі, пішімі және тағы да басқа келісілген белгілері бірдей малды өзгелерге қарағанда барынша көп шығара алуымен де анықталған көрінеді.

Мысалы, бұған қатысты жат емес, аталас ағайынымыз, атақты бай – Үндеместің тұңғышы Дәуренбек мырзаның оқиғасы ауызға алынады. Керек десеңіз, осы жайдың барысы жазарман әпкеміз Ұлжан Дәуренбекованың «Үндемес ата ұлағаты» атты баба әруағына арналған кітапшада да кеңінен көрініс тапқан.

Оның ұзын-ырғасы былайша өрбиді: Сауда-саттықпен айналысып жүрген Дәуренбек бірде Түркістанның базарына үйір-үйір жылқы айдап барып сатады. Базарға келген бай саудагерлердің бірі «Үндеместің малына, байлығына бұл маңда тең келетін ешкім жоқ» деп тамсана беріпті. Сонда Арқа жақтан келген байдың бірі Дәуренбекке келіп: «Сенің байлығыңды жұрт айта алмайды, екеуімізге көпшілік куә болсын, бәстеселік, келер айдың жаңасында сен де, мен де осы базарға мал айдап келелік» депті.

Базардағы көпшілік, екі байдың бәстескенін қызық көріп: «Біз куәміз, дегенмен, қара қылды қақ жаратын, туралықты ту еткен кісілерді екі жаққа да қалыс адамнан сайлаймыз» десіпті. Бір ауыз ұтымды, аталы сөзге тоқтаған дегдар қазақтың дәуірі, «Уәде – құдайдың аты» деп қала әкімінің алдына келеді.

Екі байдың да байлығын жақсы білетін әкім Түркістандағы жақсы мен жайсаңдарды, ел басшыларын жинап, болған оқиғаны айтады. Көпті көріп, көп жасаған ақсақалдар мен ел басқарған көсемдер: «Келесі айдың жаңасында базарға түр-түсі, жасы мен дене пішімі де бірдей жүз-жүзден нар мая әкелесіңдер, бақылаушы сарапшы, куәгерлерімізді өздеріңмен бірге алып кетесіңдер» депті. Содан Дәуренбектің бір өзінен егіз сияқты 97 нар мая шығыпты. Түркістаннан ере келген өкіл үш нарды інілерінен алуға рұқсат беріпті.

Уәделі мерзімде Дәуренбек базарға айтылған малын әкеліпті де, бәстескен жақтың малы жартысына да жетпей, ұялғаннан бай базарға келе алмай қалыпты.

Дәуренбектің нар маяларын көрген саудагерлер мен базаршылар таң-тамаша болыпты. Жастайынан көзін саудамен ашқан, сексеннен асқан бір қария: «О тоба, осы жасқа келгенше мұндай байлықты көрмек түгілі естімеген де едім. Жүз түйенің түрі-түсі, жасы, тіпті бойы мен денесі де бірдей болып, бір кісінің малынан шыққан екен, демек, есепсіз мал біткендігі рас екен. Осынша малды қалай бағып, өсіріп, меңгерді екен?» деп таңданыпты.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Қыдыр ата» феномені

«Маңғытай шежіресі» кітабындағы деректерге сүйенсек, ел ауызындағы әңгімеде Үндемес атамыздың немересі Стамқұл да өте бай болған, ол кісі де бабасы сияқты мырзалығымен, қайырымдылығымен аты шыққан жан. Үлкен жыландағы ашаршылықта босқындарға арнайы асхана аштырып, өз есебінен тегін тамақтандырып отырған екен.

Бірде аш-жалаңаштардың ішіп-жеген тамағына Түркістан базарына 400 бойдақ құнан қой сатып, асхананың ақшасын төлеген көрінеді (Дәуренбекова Ұ. Үндемес ата ұлағаты. – Алматы: «Tolagai-2050», 2019).

Тағы бір деректерде 1917-1919 жылдары Стамқұлдың өз әулетінің есебінен Түркістанда жарлы-жақыбайларға арнап асхана ашқаны айтылады. Асханаға қажетті барлық азық-түлік пен керек-жарақты бірде Стамқұл, бірде Дәуренбек, бірде Жұмабек көтерген дейді. Асханадан әртүрлі ұлт өкілдері тегін тамақтаныпты.

Міне, осы Стамқұл басшы болып, Үндемес тұқымы 1905-1907 жылдары Арыстанбаб жатқан, қабірстан мешітінің артқы бөлігінің құрылысына 70 бойдақ ісек берді деп те ел аңыз қылады. Ұлжан Әшірбекқызының жазуынша, мешіттің өзі сабан кірпіштен, күмбез шатыры ағаштан кейіннен тұрғызылып, оның сырты қаңылтырмен қапталған. Қысқасы, айта берсек, өте көп.

Өз кезегінде осыншама қолы ашық, дарқан байлардың арғы тегі Үндеместің өзінің де айналасына қылған қайыр-шапағатын ел әлі күнге ризалықпен еске алады. Сол кісінің жақсылығының арқасында бұл маңда өсіп-өнген халық көп-ақ.

Біздің әулет те солардың қатарынан болса керек. Отбасылық естеліктерде арғы бабамыз Байқабыл қажының Стамқұлдармен ағайындастығынан едәуір дәулетті болғаны сыр етіледі. Бір ғажабы, Үндемес атаның өзі соншалық байлығына қарамастан, жеке басы Мекке-Мәдинаға бармақшы болып, бірнеше рет жиналып, сәті түспей қалып қоя берген деседі.

Соның бәрінде де қажылыққа бара жатқандарға үйір-үйір жылқы садақа қылыпты. Қартайған кезде: «Құдай нәсіп етсе барармын» деп қасиетті орынға зиярат етуге кетіп бара жатқандарға көп мал-дүние беріп, өзінің шын киімін де қосып беріп отырғаны туралы сөз бар. «Мына мал мен дүниені жолға жаратып, шын киімімді сол жаққа көміп, басына белгі қойып келіңдер» деп аманаттайды екен, жарықтық.

Иә, «Бай болсаң, халыққа пайдаң тисін, Батыр болсаң, дұшпанға найзаң тисін.
Бай болып пайдаң тимесе, Батыр болып найзаң тимесе, Жұрттан алабөтен үйің күйсін!». Кезінде от ауызды Әйтеке би айтқан сарабдал сөз қашан да өзекті.

Заманауи ойшылдың бірі түйіндегендей, бұл келер ғасырларға да кетер ғақлия. Яки Ш. Шорабекұлының пайымына салып айтсақ, ілгеріде бай да, бар да көп болған, соның ішінде қайырымы бар болып өткені санаулы.

Қазір де бай аз емес. Не де болса, олардың жомарты әлі сараланып шыға қоймаған шығар, әлі де бұрынғы Атымтай байлардың жолын тұтады деп үміттенеміз. Ауданымыздағы Үндемес-Стамқұлдар мен Алпарлардың ендігі сарқыты, заңғар замандастарымыз, есімі республикаға кеткен Сейітжановтар екені анық. Олардың да әр қайырымдылығына Алла сауабын молынан жазсын!

Солай! Қазіргідей банк шотындағы сомасы, атына жазылған мүлкіне қарап Форбсқа ендіретін кез емес. Ауылымызда байдың да байы, байлықтың да байлығын анықтаудың да нешеме жолдары болған.

Отырардың көне лайфхакы қайта жаңғыруға лайық па, қалай ойлайсыз?!

Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ,

мәдениеттанушы-лингвист,

Түркістан облысы,

Отырар ауданы

Пікір жазу