Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын нығайтудағы діннің рөлі» атты әйел жамағаты арасында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясында облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, ғалымдар және сарапшылардың қатысуымен өтті.

Жиын барысында Дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Шахзадаұлы: «Дөңгелек үстелге шақырылған ғалымдар, сарапшылар, қоғам өкілдеріне отбасын жоспарлау, жауапты ата-ана, репродуктивті денсаулық және оны сақтау жолдары, отбасылық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, ерте және мәжбүрлі некенің алдын алу, отбасындағы тәрбие мәселесіндегі ұлттық құндылықтар мен дәстүрді дәріптеу бағытындағы қажетті және пайдалы ақпаратты жеткізгендері үшін алғыс білдіреміз» деп лебізін жеткізді.

Сонымен қатар облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, техника ғылымдарының докторы, заң ғылымдары академиясының академигі Оңайбек қажы Әбділов «Отбасы – мемлекеттің іргетасы һәм ажырамас бөлігі. Мемлекеттің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуі – отбасына байланысты. Отбасының қалыптасуында діннің алар орны ерекше. Ислам дінінде отбасылық құндылықтарға үлкен мән берілген. Шариғатымызда әр мәселе жеке ғылым ретінде қарастырылса, соның ішінде отбасы тақырыбы өз алдына «Исламдағы отбасы» деген арнайы ғылым болып қалыптасқан. Қазіргі уақытта отбасының іргесі берік болмауы ерлі-зайыптылардың қарапайым отбасылық құндылықтарды, өзара міндеттері мен жауапкершіліктерін білмеуінде» деген пікірімен бөлісті.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Алматы: «Мырзахмет» мешітінің алдына аялдама орнатылды

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Ақмарал Қазиева «Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Қазақта «Отбасы туылмайды, оны құрады», «Жақсы жанұяда күйеуі саңырау, ал әйелі соқыр», «Қалай отбасыңды құрасың, дәл солай өмір сүресің» дегендей, даналық мән-мағынасы бар сөздер айтылған.

Отбасылық байланыс мықты болуы үшін, отбасылық және өмірлік тәжірибелері бар жан-жақты жетілген, өзіндік көзқарастары қалыптасқан ер мен әйелдің некелік қарым-қатынасынан үлгі алу керек» деген лебізін білдірді.

Сондай-ақ іс-шараға қатысушылар арасында отбасы құндылығында дәстүрлі тәрбиені негіз ретінде қалыптастыру бағытында пікіралмасу орнады. Сонымен бірге іс-шара соңында некеге тұратын жастарға арнаған жаднама үлестірілді.

Пікір жазу