Жауап: Бір кездегі бір ұлтты, бір дінді тәуелсіз Қазақ хандығының бүгінде көп ұлтты және соның салдарынан көп конфессиялы Қазақстанға айналуында соңғы үш жүз жылдық саяси үдерістердің, соның ішінде Ресей империясының отарлау саясатының зардабы елеулі болғаны – тарихи шындық. Отарлау саясатының басты мақсаты белгілі бір ұлттың ең алдымен рухы мен жан дүниесін отарлау болып табылатыны белгілі. Өйткені ұлттың негізгі өлшемі – формалық емес, мазмұндық өлшем. Жері жоқ, мемлекеті жоқ ұлттар да өмір сүре береді, бірақ тілі мен діні сақталмаған ұлт өз болмысын сақтай алмайды. Болмысынан айырылған ұлттың дүнияуи құндылықтарын қорғауға да қабілеті қалмайды. Ұлттық құндылықтар мен дін қағидалары бір-бірінен бөлек қарастырылса, тарих сахнасынан алдымен тұтастай буын, соңынан біртұтас ұлт жоғалады.
Ресей самодержавиесінің отарлық саясаты кезінде де алғашқы кезекте қазақ ұлтының тіліне, дініне және дәстүріне шабуыл жасалды. Осы үш бағыттағы жұмыстар ұлт пен дінді бөліп тастау арқылы діни-ұлттық бірегейлікті ыдырату мақсатында кешенді түрде жүргізілді. Қазақ халқының орыс империясына қосылу кезеңіндегі келісімдерде Ресей императорының атынан берілген «тіліңе, дініңе, дәстүріңе қысым жасалмайды» деген уәде қағазда қалып, іс жүзінде барлық күш-қуат дәл осы үш тұғырды күйретуге жұмылдырылды. Қазақ даласында көптеп ашылған қазақ-орыс мектептері орыстандыру және христиандандыру саясатына қызмет етті. Қазақ даласына мың-мыңдап жіберілген переселендер жерді, тілді, дінді жаулау мақсатымен қоныстандырылды. Олардың арасында қарапайым шаруалармен, саудагер көпестермен қоса Ресей империясының қазақ жеріне жер аудару арқылы құтылуды көздеген азат ойлы төңкерісшіл тұлғалары мен дінбұзар, елбұзар бүліктері де болғаны белгілі. Отарлаушылар тарапынан қазақ даласындағы басқарушылық-билік жүйесінің, тұрмыс салтының өзгертілуі, білім беру жүйесінің, оқытылатын діни әдебиеттердің толық бақылауға алынуы толыққанды тәуелділікке түсірудің таптырмас айла-тәсілдері еді.
Ал, қазақ жеріне татар молдаларын дін тарату желеуімен жіберудегі саясат көп қырлы, терең тамырлы болатын. Бұл саясат ең алдымен Ресейге ыңғайлы әрі түсінікті типтегі санасы трансформацияға икемді, билікке бағына білетін момын мұсылмандарды қалыптастыру, екіншіден көшпенді қоғамның артта қалғандығы мен отырықшы өркениеттің озықтығы, сонымен қатар Ресей самодержавиесінің мызғымастығы жөніндегі түсінікті орнықтырып, қазақ халқының өмір салтын өзгертуге бейімдеу, үшіншіден ең бастысы қазақ мұсылмандығын тәуелсіз, азат рухта, биік рухани құндылықтар аясында қалыптастырған дәстүрлі Орта Азия Ислам мектебінің тұғырын күйрету мақсатына бағытталды. Тұжырымдай алғанда, отарлық саясат қазақ халқының ұлттық-діни бірегейлігіне балта шабудың барлық мүмкіндіктерін жасақтап, жүзеге асыруға тырысты. Дегенмен, бұл кезеңде байырғы тұрмыс-салтынан, тілі мен дінінен қол үзбеген халық үздіксіз жүргізілген ұлт-азаттық көтерілістері арқылы үнемі наразылық танытып, бұғаулауға толық көне қоймады. Отарлық саясаттың бұл кезеңдегі ең ауыр салдары қазақ жерінің басым бөлігінің отаршылдар қолына өтуі болды. Бұл болашақта атамекеніне адал қазақ ұлтының бодандық бұғауына еріксіз көндігуіне себеп болатын жайттардың бірі еді.
Тарихын ұмытқан тағылымын ұмытады. Тірі ғана емес, ірі ұлт болғымыз келсе, қазына-тарихты жиі сараптап, сабақ алып отыру біздің елдік мінезіміздің ажырамас бөлігіне айналуы қажет. Кешегі шежірешіл қазақ қарттарының көксегені де осы елдік мінезді бекемдеу болатын.