(Рухани сұхбат)

Марқұм Қыпшақбай әкем бір күні құрбандық шалды (негізі жыл сайын шалатын). Құрбан айт пен Тәуелсіздік мерекесі бір уақытқа сәйкес келіп қалған болатын.

Содан әкем маған: «Құрбандықты неге шаламыз, осының мәнін білесің бе?» деді. «Аллаға құрбан шаламыз» дедім. «Дұрыс, бірақ оның мәнін ойлап көрші» деді. Ойланып қалдым (жарты ақылмен жүрген мен байғұс оны қайдан білейін).

«Онда тыңда, мен саған қызық айтайын» деді:

– Қайрат Рысқұлбеков ағаң желтоқсан оқиғасында неге «Еркек тоқты құрбандық» деді?

– Ибраһим пайғамбар Алланың жолында баласын шалуға неге бекінді?

– Қазақ «Ер – ел үшін туады, ел үшін өледі» деп неге айтты?

– Батырларымыз үйінде қартайып өлуді емес, халықты қорғау жолында шейіт болуды бақыт санады.

Бұл әрекеттердің ортақ мағынасы бар, балам, – деді.

Құрбан болу, тәсілім болу, мұрат үшін жан тапсыру неге адам баласы үшін жаратылғанынан бері қымбат қазына болып келеді? Бұған көкірегі махаббатқа толы адам еріксіз барады.

Неге мұсылман баласы осыларды шын көңілімен жасайды? Және ол әрекеті үшін ғасырлар бойы халықтың көкейінде сағынышпен еске алынады. Қан төгіледі ғой. Ал жазықсыз адамды өлтіргендер жаман атқа қалады. Екеуінде де бірдей қан төгіледі.

«Алашордашылар өлетінін білсе де, жанталасып ел үшін соңғы күніне дейін маңызды істер жасап кетті. Неге еліне өзін арнады? Неге жеме-жемге келгенде адам баласы отаны үшін осындай көзсіз ерліктерге барады? Бұған итермелеп тұрған не?» деді тағы да.

Тарихты «өзімше» суша сімірем деп жүрген мен ойланып қалдым. Біз оқып жүрген тарихта цифрлардан басқа ештеңе жоқ екеніне көзім жетті. Біз оқып жүрген тарихтың рухты қозғауға еш ықпалы жоқ сияқты көрінді. Бәрі сыртқы қалыпқа бағытталғанын тағы да ұққандай болдым… Өткеннің адамға бұлайша нұр шашатынын білмеп едім.

«Біріншіден, – деді әкем, – адам баласына «нұр» өткеннен шуақ шашады. Өткеннен алған көңіл қуатын пенде бүгіннен немесе болашақтан ала алмайды. Қызылдар бізге өткенді санадан алып тастауға тырысты. Содан біз қуатсыз маңырап қалдық. Әлі күнге дейін бірдеңе жасайық десек, қорқа-соқтап артқа тарта бастайтынымыз сол», – деді.

«Бір құдси хадисте Хақ Тағала: «Жер мен көкке сыймаймын, мүмин құлымның көңіліне сыйамын!» – дейді. Халық, халқ – Алланың бір аты. Сенің халық үшін жаныңды пида етуіңе дайын болуыңның астарында Аллаң үшін, Жаратушың үшін жан тапсыру мәні тұр. Халыққа деген махаббатың – Аллаға деген махаббатқа өткел, көпір. Өзіңді, отбасыңды, отаныңды жақсы көрмесең, Жаратушыңды сүюге көтеріле алмайсың.

Иманың, отбасың, отаныңа деген сүйіспеншілігің сені Аллаңа апаратын жол. Басқа жол жоқ. Барлық жол бітеу. Бұл тіркесті Жаратушымыздың өзі жасаған. Біз оған бағынудан басқа шарамыз жоқ. Себебі ол – Жаратушы, біз – жаратылғанбыз.

Жанымыздың иесі де сол Алла. Біз отбасымыз үшін, отанымыз үшін жанымызды қиған кезде, Аллаға қарай бағыт аламыз. Бірақ әділдікпен ғана. Сенің бұл әрекетің кейін ғасырлар бойы халықтың көңілінде қалып қоятыны да сол.

Хакім Абайдың: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа» деуі сол еді. Басқа қызық жоқ бұл дүниеде. Нанбасаң іздеп көр. Таппайсың. Тапқан сияқты болғаныңмен соңында мағынасыз болып шығып, одан рухың, жаның тыныштық таппай қиналасың. Өмірің босқа өткендей жан азабын тартасың».

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Құрбан айт – қуанышқа жетелейтін мереке

«Дүние – әзәл (әу бастағы ежелгі) мен әбәд (мәңгілік) арасындағы рухтың жырақтық жұрты. Рух онда ғаріп күйде өмір кешеді. Сүйген нәрселерің үшін тәсілім болу, өзіңді құрбан қылуға дайын тұру (отбасың, отаның) – қайғы мен қуанышқа толы осы жырақтық әлемінде Жаратушының құлдарына сый тартқан қуаныш сыйы» деді.

Біз бұлардан не мазмұн табамыз, не мән ұғамыз? Сүйіспеншіліктің көрінісі – жан-тәніңмен берілу. Тақуаның Аллаға беріліп, одан шынайы жан рахатын табатынындай, Алланың саған сыйлаған құндылығына да шын берілу арқылы ғана рухың бұл дүниеде де, о дүниеде де тыныштық табады. Хакім Абай да, Шәкәрім де осы рухани хәлді басынан өткізгендер. Олардың даналық құпиясы да сонда.

Жоғарыда атаған «НЕГЕ-лердің» жауабы осы, балам», – деді.

Рухтың рахаты, көңіл көзіңнің ашылып таза ақылыңның оянуы, өзіңді, отбасыңды, отаныңды сүю арқылы Аллаға деген махаббатқа ұласудан туатын дүние. Дүниеде даналардың ұлы шығармалар жасауының бар құпиясы осында ғана. Қол жетпейтін Аллаға қол созу, оны сүю, сүйе тұра қол жеткізе алмау және одан туатын адамның болмысының оянуы.

Тарихта өткен ұлы құндылық өндірген даналардың өміріне назар салып көрші. Олар тіршілігінде қол жетпей қалған махаббатары не айырылып қалып, ұмтылса да тіршілігінде жете алмау құсалығы болып тұр. Олардың жүрегін тербетіп ұлы істерге әкетіп тұрған құпия да, мән де осында.

«Адамның ақылын жетелейтін құпия – рухтың осы хәлі».

Мағыналы ұлы іс үшін өзіңді құрбан етуге дайын тұрған көңілдің беталысы – Алланың ол адамға бұйыртқан бұйрығы. Рухы удай ашып, жаны тебіреніп, ұлы құндылықтарды өндірген даналардың әрекеті де – Алланың бұйрығы. Қиындық пен құрбан болуға көңілдің бетбұрысы – бұл сенің өзіңнің шын болмысыңды ашқаныңның белгісі. Бұл барлық адамда бар нәрсе. Тек оянуын күтіп бұғып жатат.

Адам шын қиналғанда тәсілім болуға дайын тұрады. Сол кезде адамның тән ләззаты шетке ысырылып, рух оянып, бойды билей бастайды. Рух билейді деген сөз – сенің шынайы адамдық болмысыңның оянғаны. Енді сенен мағыналы әрекеттер туа бастайды.

Рухтың ләззаты қиындықтың астарында жасырылуы тұр. Бақыт – тәсілім болу (жан-тәніңмен құрбан болуға дайын тұру) көңіліңде тұр» деді де, әне құрбандық та сойылды. Жүр, кеттік, жартысын таратып, қалғанын жұртты шақырып, ата-бабаларымызға құран бағыштайық» деп, шапанын иығына іліп алып, дәрет алуға кетті.

Осы сұхбатты еске алып отырғанда, «Халыққа қызмет – Хаққа қызмет» деп басталатын Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың:

Жырт пердесін түнектің,

Тілеп Хақтың Дидарын.

Ашып көзін жүректің,

Көзбен көріп иланың», – деген өлең жолдары ойыма келе берді.

Отанымыз үшін жандарын құрбан қылған бабаларымыздың жандары жәннатта болсын! Алла рухын пейіштік етсін!

Жарас АХАН,

тарихшы

«Көңіл ілімі» еңбегінен

Пікір жазу