Шырақшы – қоғамда өзіндік әлеуметтік маңызға ие болған, зиярат орындарының күзетшісі әрі қараушысы қызметін атқаратын адам. Келушілерге зиярат орнының тарихын таныстырып, қабірде жерленгендерге құран бағыштап отыру да шырақшылардың міндетіне кірген.
Қазақ жерінде киелі орындардың тарихи қалыптасу үдерісі барысында пайда болған бұл әлеуметтік-қоғамдық институт дін мен дәстүр үндестігінің көрінісіне айналды. Көшпелі түркілер тарихында «шырақшылық» институты маңызды орын алып, мемлекеттік деңгейде қолдау тапты, мәдениетінде өзіндік із қалдырды.
Тарихи-танымдық әдебиеттерде шырақшылардың мемлекеттің дінбасысы тарапынан тағайындалғаны баяндалады. Әдетте билеушілер тарапынан қайырымдылық қорлары ашылып, шырақшылар сол қордан қаржыландырылатын болған.
Мысалы, Қарахан мемлекетінің рухани тарихын баяндайтын ортағасырлық «Тәзкире-и Бұғрахан» шежіресінде (Аударған – С.Қосан, Алматы, 2007): «Бейсенбі күні сусын мен тамақ әзірленді. Мұсылмандарға ас тартылды. Құран хатым қылды. Сауабын шәһидтер рухына бағыштады», «Шәһидтерге арнап мұсылмандарға ас берді. Хатым Құран қылды. Одан кейін шырақшы тағайындап, қырқын өткізіп, Қожа Факих Әйубты ұлық шейх қылып, қырық кісі жарубкеш күтуші қойып, майшам алдырып, әрқайсысына бір жер тағайын қылды. «Әзіреті падишах Әли Арслан ғазыға, барлық шәһидтерге дұға, тәкбір қылыңыздар» деді» деген мәтіндер жиі кездеседі.
Сонымен қатар аталмыш дереккөзіндегі: «Мұсылмандардың мүрделерін де жер қойнына берді. Қамалға жеткенше де шәһидтердің мәйіттері жерленіп, ту тігіліп, нышана қойылды. Қатты аза тұтты. Қырық үйлік кісіні катиб (жазушы хатшы) етіп, үй тіктіріп, жарубкеш (шырақшы) қылды», «Қашғарға келген барлық садақа, сыйлықтарды Әзіреті имамдардың қабірлеріне, жарубкештерге бөлу үшін көптеген қайырымдылық дүние, «Алланың хақы» деп зекет, оннан бірлерді бердік» деген мәтіндерден ортағасырлардағы шырақшылар қоғамының әлеуметтік өмірінен бірқатар көріністерді аңғаруға болады.
Келтірілген үзінділерден көшпелілер тарихындағы шырақшылардың нақты қызметтік функцияларын айқындауға болады. Яғни шырақшылар әскери жорықтарда, діні мен елі үшін соғыста қаза болғандардың немесе халық үшін басқа да маңызды қызмет атқарған танымал тұлғалардың мазарларын қорғап, күтіп-ұстау мақсатында мемлекеттің бас қазысы немесе дінбасысы тарапынан тағайындалған. Олар ислам дінінің сенімдік қағидаттары мен ұлттық дәстүрлердің аясында қоғам үшін рухани, тарихи-мәдени тұрғыдан маңызды саналатын зиярат орындарын күтіп ұстап, абаттандырып, келген зияратшыларға қажетті қызмет көрсеткен. Сонымен қатар шырақшылар сол орындардың шежірешілері ретінде ұрпақтан ұрпаққа елдің рухани өзегін құрайтын киелі жерлердің тарихын, аңыз-әңгімелерін, әпсаналарын жеткізушілері болды.
Қазақстанда шырақшылық қызметі ғасырлар бойы көп жағдайда әкеден балаға өту арқылы жалғасын тауып отырған. Дегенмен, әсіресе соңғы кезеңде, шырақшылық қызметі өзге де жолдар арқылы адамдарға арнайы жүктелуде. Мысалы, жекелеген демеушілер кейбір киелі орындардың құрылысы мен абаттандырылуын қаржыландырып, ол орындарға шырақшы тағайындап отырады. Ал ендігі бір киелі орындардың шырақшылары елді мекен тұрғындары тарапынан сайлануда. Кейде жеке тұлғалардың қараусыз қалған киелі орындарға шырақшылық ету қызметін өз еркімен қолға алған жағдайларыда кездеседі.
Ал «шырақшы» сөзінің төркіні «шырақ» сөзінен шыққаны, оның «шырақ жағушы» деген ұғымды білдіретіні белгілі. Бұл қазіргідей электр жарығы жарқырап тұрмаған ортағасырларда келімді-кетімді кісісі көп зиярат орындарында қолайлылық үшін жарықтың үнемі жанып тұруын қамдағандықтан туындаған. Жоғарыдағы шежіредегі «күтуші қойып, майшам алдырып, әрқайсысына бір жер тағайын қылды», «үй тіктіріп, шырақшы қылды» деген сөздерден де осы тәжірибелік мақсат аңғарылады.
Сонымен қатар қатарлап қала салмаған көшпелі түркі жұрты елсізге жолы түссе, «далаға қонба, молаға қон» деген нақылға жүгініп, молалы жерге түнейтін болған. Өйткені «молалы жерде су болады, сулы жерде ел болады» –бұлүзінді бәрімізге бастауыш сынып оқулығындағы Ыбырай Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесінен таныс.
Яғни, қабір басына сағана көтеріп, оның жанынан үй тігіп, шырақшы тағайындау – тек марқұмның игі істерін дәріптеп, рухына құран бағыштап отыру үшін ғана емес, алыстан арып-ашып келетін жолаушыға ес-қара болып, ас-суын беріп, қызмет көрсетіп, сауабын алу мақсатында да жасалған. Қала салмай, мола салудағы бір хикмет осыдан – әрі көшпелі тұрмысқа ыңғайлы бағыт-бағдар белгісі мен қоналқалы орын жасау, әрі тарихты кітапқа емес, тасқа таңбалаған көшпелілер өркениетіне тән ашық аспан астындағы шежіре-кітап қалдыру ниетінен туындаған.