1299 жылы Анатолияның cолтүстік-батысында князьдік ретінде құрылған Осман мемлекеті арада екі жарым ғасыр өтер-өтпестен әлемнің сол кездегі ең алып мемлекетіне айналып, орта ғасырдың саяси аренасынан супердержава ретінде орын алды.

Жалпы, Осман патшалығы, 1453 жылы Шығыс Рим империясының бас қаласы болған Константинополь шаһары османдық патша Фатих Сұлтан тарапынан басып алынғаннан кейін, империялық келбетімен таныла бастады. Дәл осы жеңістен кейін патшалық «Девлет Аалий Усманииа», яғни «Ұлы Осман мемлекеті» деген атау алды. Былайша айтқанда, православ христиандарының рухани орталығы болып танылған Константинополь шаһарын мұсылмандардың иеленуі – Осман империясын Еуропаға қуатты, бәсекелесуге тұрарлық күш ретінде мойындатқызды.

Осман династиясы жерінің ең кеңейген кезеңінде шығысында Еуропадағы Вена қаласына, батысында Бағдадқа, солтүстігінде Каспий жағалауларына, ал оңтүстігінде Африканың солтүстігіндегі елдерге дейін созылған, 5 млн 200 мың шаршы шақырымды алып жатқан әлемнің ең үлкен мемлекеті саналды.

Осман мемлекеті тек мұсылмандар ғана емес, сондай-ақ, жүздеген ұлттар мен түрлі діни сенімдегі қауымдарды өз қамқорлығына алған көпұлтты держава еді. Еуропа мемлекеттері XVI ғасырдың басына дейін көктем шығысымен осман падишахтарының кәрі құрлыққа жасайтын жаңа жорықтарынан сескеніп, шекараларын күшейтетін. Ал империяның атақты жауынгерлері – янычарлардың соғысқа қатысуларының өзі қарсылас тарап жауынгерлерінің жүректеріне үрей ұялататын.

Сондай-ақ, османдықтар теңізде де осал емес еді, патшалықтың әскери флоты Сүлеймен Әділ патшаның кезеңінде Жерорта теңізіне толық үстемдік жүргізу абыройына ие болды.

Дегенмен, әр нәрсенің басталуы бар да, соңы бар. Осман империясы да бұл қағиданың тысында қалған жоқ. Сонымен, шығыс пен батыс арасында 6 ғасырға жуық мәдениет, сауда-саттық көпірі рөлін атқарған алпауыт империяның тарих сахнасынан кетуіне не себеп болды? Қай жерден қате кетті?

Бұл сұрақтардың жауабын XV-XVI ғасырлардағы Осман империясының жүргізген саясатынан, сол кездегі әлемдегі қалыптасқан геосаяси құрылымнан іздеп көрейік.

1. Қарулану және жаңа технология алаңдарында артта қалуы

Негізінде ешқандай империяның, яки мемлекеттің құлауы бір күнде не бір айда жүзеге асатын дүние емес. Бұл ұзақ тарихи процесстердің нәтижесінде «жемісін» беретін құбылыс. Сол сияқты Осман империясының тарих сахнасынан кету процессі де бірнеше ғасырға созылды. Анығырақ айтқанда, XV ғасырдың екінші жартысынан османдықтар билігінің артқа кету кезеңі басталды деп айтуға болады.

Жалпы, Осман мемлекетінің армиясы Сүлеймен патшаның кезеңінде әлемнің ең заманауы әскерлерінің бірі еді және халифат өзінің ең үлкен жетістіктеріне де сол кезде жеткен болатын. Осман империясының негізгі әскери күшін сауытты атты әскер мен жаяу әскерлер құрайтын. Адами ресурстардан басқа Осман патшалары жаңа қаруларға, зеңбіректерге көп мән беретін.

Мысалы, 1453 жылы қуатты қамалдармен қоршалған Константинопольды, Фатих Сұлтан венгриялық зеңбірек ұстасы Урбанның соғыс қарсаңында ойлап тапқан, жаңа алып зеңбіректерінің арқасында алғаны көпшілікке мәлім. Сондай-ақ, Ыстамбұл алын-ғаннан кейін де қалада бірнеше зеңбірек шығаратын фабрика іске қосылды.

Осман патшалары басқа жерлерді жаулауға шыққанда әскермен бірге жүздеген зеңбіректерді алып шығатын. Бұл оларға тас қамалдарды, бекіністірді қиратуға керек еді.

Тағы бір ескеретін жәйт, 1365 жылы I Мурад тарапынан құрылған янычар әскері Еуропадағы ең алғашқы құрылған жүйелі армия болып саналады. Бір тараптан қылыштасу өнерінің шеберлері болып табылатын жүйелі янычар жасақтары османдықтардың еуропалық қарсыластары алдында соғыста үстемдік етуіне үлкен үлес қосты.

Дегенмен, XV ғасырдың соңында Еуропада жылдам ататын винтовкалардың шығуымен османдықтар соғыстағы бұл үстемдіктерінен айырылды. Ең алғаш Осман армиясының қарсыластарынан қару-жарақ алаңында артта қалғаны 1565 жылы Малта соғысындағы жеңілісінде білінді.

Ал, 1593-1606 жылдары Австриямен ұзаққа созылған әскери текетірестерде Осман империясының жаяу әскері, ескірген қару жарағы Еуропа елдерінің замануи армиясы алдында түбегейді тиімсіздіктерін көрсетті. Сондай-ақ, 1572 жылы Испан флотынан жеңілгеннен кейін, Осман ипериясының теңіз күші 1533 жылдан бері жалғасқан Жерорта теңізіндегі гегемониясынан айырылды.

Бұл оқиғалардан соң әскери, саяси сахналарда таразының басы шығыстан батысқа қарай ауды. Міне, осы қарулану саясатында артта қалудың артынан келген жеңілістерден кейін державаның шөгу кезеңі басталды.

Бірақ, осы тұста «Өздерінің жаңа технологияда артта қалып бара жатқандарын біле тұра неге османдық билеушілер армияны, қару-жарақты батыстықтардан қалыспай жаңартпады?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Жауап: османдық сұлтандар жаңашылдықтарға әрдайым ашық еді және әскерлерін заманауиландыруға тырысты да. Алайда, бірде сарай ішіндегі келіспеушіліктерден, бірде билікке әсері болған ескі әскер янычарлардың бас көтеріп, қарсылық білдіруінен бұл реформа жүзеге аса қоймады немесе процесс баяу жүрді.

Дегенмен, XIX ғасырдың екінші жартысында Осман патшасы II Абдулхамид кезеңінде әскерді жаңарту мәселесінде біраз қадамдар жасалды. Ол неміс офицерлерін елге әкеліп, жаңа батыс үлгісіндегі әскер дайындатқызды. Заманға сай қару-жарақ шығаратын неміс фабрикалары салынды. Алайда, бұның бәрі империяны қайта жандандыруға қатты әсері бола қоймады.

2. Ұлы Жібек жолының тоқырауы

Османдықтарды алып империяның иесі қылған бірінші сауытты атты әскері болса, екінші Қытайдан Еуропаға дейін созылған Ұлы Жібек жолы өтетін елдердің басым көпшілігіне билік жүргізуі еді. Жалпы, Ұлы Жібек жолы тек қана османдықтардың емес, сондай-ақ, одан алдыңғы өткен Көктүрік, Селжұқ мемлекеттерінің пайда табатын көзі еді.

Б.з.д. II ғасырда алғашқыда Шығыстан Батысқа жібек таситын жол ретінде негізі қаланған Жібек жолы уақыт өте келе жібектен басқа өнімдерді де тасымалдайтын маңызды керуен жолына айналды. Саудагерлер Қытайдан шығып, Орта Азиямен жүріп отырып, Қара теңіз, Жерорта теңіздері жағалауларына жеткен кезде кемелер арқылы тауарларын Еуропа елдеріне жіберетін. Бұл керуен жолы өзі өткен елдердің экономикасын көтеріп, халықтың әлеуетін жақсартатын.

Сондай-ақ, Жібек жолы тек сауда жолы ғана болып қоймай, әртүрлі ұлттар мен халықтар мәдениеттерінің тасымалдаушысы рөлін де атқарды. Жалпы, Осман империясындағы Еуропадан көшіп келген еврейлердің арқасында өнеркәсіп жақсы дамыған болатын және оңтүстік Азиядан шығатын Дәмдеуіш керуен жолына да бақылау жүргізу халифаттың табыс көздерінің бірі еді.

Дегенмен, Осман мемлекетінің Жібек жолы өтетін басым аймақтарды өз билігіне алуы арқасында ол империяның негізгі пайда табатын көзіне айналды. Иранның Тебриз қаласы арқылы өтетін Жібек жолы Анатолияның солтүстік шығысында орналасқан, османдықтардың екінші астанасы Бурса қаласына келіп тіреліп, сол жерден Италияға кеме арқылы жіберілетін. II Баязид патша кезеңінде Жібек жолы кеден салықтарынан түскен пайда 100 миллион алтынға артты.

Сауда жолынан түскен қаражатты османдық сұлтандар армияны қаруландыруға, янычарлардың айлықтарына және әскери кемелер жасауға жұмсайтын. Алайда, Орта Азия хандары арасында Әмір Темір кезеңінен басталған бітпейтін соғыстар Жібек жолы өтетін жолдарға қауіп төндірді. Енді саудагерлер бұл жолдан тауар тасуға қорқатын болды. Ал, Еуропа мемлекеттері құрлықты айналып өтіп шығыспен байланыстыратын жаңа теңіз жолдарын қарастыра бастады.

Нәтижесінде әлемдік үлкен ашылулар жүзеге асты. Соның бірі испандық теңізші Христофор Колумбтың Үндістан деп қателесіп ашқан Америка құрлығы еді. Еуропалықтар Шығысқа қатынайтын кеме жолдарын тапқанда Ұлы Жібек жолының тоқырау кезеңі басталды. Құрлықпен жүретін керуен жолдары азайды.

Оның үстіне теңіз жолы екі тарапқа да тиімді түсті. Себебі теңізде жүргенің үшін ешкім салық алмайтын және жол қысқаратын. Бұл XV ғасырдың екінші жартысы еді. Осылайша, кеме жолдарының ашылуы нәтижесінде Осман империясының негізгі пайда көзі болып отырған Ұлы Жібек жолы бірте-бірте өз маңызын жоғалта бастады. Соңында бұрын шығыс пен батысты байланыстырып тұрған ұлы жол құрлықтағы кішігірім елдердің арасындағы сауда жолы ғана болып қалды. Бұл Осман империясының экономикасына үлкен соққы болды және супердержаваның тарих сахнасынан кетуін тездеткен негізгі факторлардың біріне айналды.

3. Жаңа патша тағайындауда белгілі қағиданың болмауы.

Сарайдағы келіспеушіліктер

Осман мемлекеті құрылымының ең әлсіз тұстарының бірі – жаңа патша тағайындауда белгілі қағиданың болмауы еді. Османдықтар әулеттен жаңа патша тағайындауда ескі түрік дәстүріне сүйенетін. Ескі түрік түсінігінде патшаның Құдай тарапынан таңдалатынына сенетін және оны Құдайдың жердегі өкілі деп білетін. Сол себепті патша тағайындауда пенденің араласуы не бір заң қою күнә саналатын.

Осыған қарап османдықтарда да «Кімге Құдай патшалықты нәсіп етсе, сол патша болады» деген қағидамен жаңа әмірші билікке келетін. Тағайындауда негізгі бір қағиданың болмауы ағайындар арасында таласқа, келіспеушілікке, тіпті қантөгіске алып баратын. Ал, Еуропа елдерінде жаңа патшаның тағайындалуында қалыптасып қалған қағидалары бар еді (жаңа патша ретінде әулеттің ең үлкені таққа отыратын).

Осман империясының дәстүрі бойынша ханзадалар ер жеткен кезде басқару үшін басқа провинцияларға жіберілетін. Ал, патша өлді деген хабар жеткен кезде сарайға қайсысы жақын болса, уәзірлермен қайсысының арасы жақсырақ болса, сол таққа отыратын еді. Сондай-ақ, патша тағайындалуында янычарлардың да рөлі болатын.

Ханзадалардың ішіндегі зеректері әкесі тірі кезінде-ақ кейін таққа отыруға өзін қолдау үшін янычар басшыларымен араларын жылы ұстауға тырысатын, керек болса оларды сатып та алатын. Ал, таққа жаңа отырған патша кейін өзінің басына проблема әкелмеуі және тақты өзінің балаларына қалдыру мақсатында өзінің бауырларының көзін жоюдан тайынбайтын. Себебі османдықтардың заңы бойынша әрбір сұлтан ұрпағы патшалыққа кандидат бола алатын еді.

Деректерде Ыстамбұл басып алынғаннан кейін Фатих Сұлтан кезеңінде «Елдің тыныштығы, патшалықтың амандығы үшін әміршіге өз бауырын бейтарап етуге рұқсат етіледі» деген заң шығарылғаны айтылады.

Оның үстіне сарайдағы уәзірлер, сарай әйелдері арасында да келіспеушіліктер болатын. Әрқайсы өзіне жақын адамды патша болуға лайықты санайтын. Мысалы, Әділ Сүлейменнің сүйікті жары Хюррем өзінің баласына таққа жол ашу мақсатында Сұлтан Сүлейменнің екінші бір әйелінен туған Мұстафаны төңкеріс ұйымдастырмақшы деген жаламен өлтірткізеді. Оның алдында Сүлеймен патшаның ең сенімді серіктерінің бірі, бас уәзірі Ибрахим пашанының көзін жойдырғызады.

Янычарлар да сарайдағылардан қалыспайтын. Қалаған кездерінде билікке араласатын. Осындай оқиғаның бірі 1622 жылы жас II Осман патшаның янычарлардың бас көтеруі себебінен тақтан түсіріліп, артынан патшаның өлім жазасына кесілуімен аяқталады.

Сондай-ақ, Осман мемлекетінде негізгі билік көзін патша емес, Везирағзам (бас уәзір) ұстайтын. Халықты да сол басқаратын. Тарихшылардың айтуы бойынша, Осман династиясында мемлекеттегі толық билікті өз қолына ұстаған тек қана Фатих Сұлтан, Явуз Селим және Сұлтан Сүлейман екен. Ал, басқа патшалар бірде уәзірлерінің, ал бірде әйелдерінің жетегінде кететін болған. Осман империясында жаңа патшаның тағайындалуы туралы заң тек 1869 жылы ғана қабылданды.

Осы сияқты сарайдағы ішкі кикілжіңдер мемлекеттің тұрақтылығына, дамуына кері әсерін тигізді. Керек кезде әскери, экономикалық реформалар жасауға, дағдарыста тиісті шаралар қолдануға кедергі болды деп айтуға болады.

Осман империясын әлсіреткен басқа да факторлар

1299 жылы I Осман Ғазы құрған Осман мемлекеті 1922 түбегейлі тарих сахнасынан кетті. 6 ғасырлық өмірінде патшалық нағыз империяға тән қасиеттерге иеленіп, Еуропаны тітіреткен супердержава ретінде 1 ғасырдай ғұмыр сүрді. Ол 1453 жылы Ыстамбұлдың алынуы мен 1565 жылы Малтада алғашқы жеңіліс дәмі татылғанға дейінгі кезең.

Әрине, Осман империясының құлауының себебі ретінде тек жоғарыда айтылған жағдайларды айтсақ қателік болар еді. Бұл себептерді алпауыт империяның іргетасын шайқалтып, ғасырлар бойы ақырын шөккізген негізгі жағдайлар ретінде қарауға болады.

Дегенмен, империяның құлауына түрткі болған мына факторларды да көзден таса қылуға болмайды:

1. Еуропа мемлекеттерінің Осман империясын мұсылман елі ретінде өз қарсыласы санап, әрдайым қысым көрсетуі. Османдықтардың еуропалық өнімдерге тәуелді болуы;

2. XIX ғасырдың екінші жартысында Осман мемлекетінде батыстық мектептердің, әскери училищелердің пайда болуы нәтижесінде батыстық пікірдегі ұрпақтың өсуі (Мұстафа Кемал Ататүрік сондай училищелердің бірінде оқып-жетілген еді).

3. Жекеменшік газеттердің таралуының арқасында халыққа шын-өтірігі аралас ақпараттардың қолжетімді болуы. Нәтижесінде елдегі императорлық режимге қарсы көзқарастардың пайда болуы;

4. Еуропалық мемлекеттердің (атап айтқанда, Ұлыбританияның) әртүрлі ұттардан, алуан діни сенімдерден құралған Осман империясының қоластындағы халықтарға жасырын агенттер жіберуі (олардың мақсаты жергілікті халықты патшаға қарсы қою, Осман империясынан бөлініп, тәуелсіз ел болуға үгіттеу еді);

5. Батыс қысымы арқасында империяның құлауына негіз болған заңдардың шығарылуы (1908 жылы дуалистикалық монархияға айналуы).

Сондай-ақ, Осман империясының құлауында I дүниежүзілік соғыста немістермен Антантаға қарсы одақ құруы, артынан соғыста жеңілуі онсыз да әлсіреген режимнің түбегейлі тарих қойнауына кетуіне «соңғы соққы» болды.

Ал, османдықтардың соғыс кезеңінде жиналған еуропалықтар алдындағы қарыздарын кейін құрылған Түркия Республикасы төледі. Бұл қарыздың соңғы төлемі президент Тұрғұт Озалдың кезеңінде өтелді.

Бурхан АБДУЛХАКИМ

Пікір жазу