Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өскемен қаласында салынып жатқан заманауи жаңа мешіттің құрылыс жобасымен танысты.

Мешіт жобасымен Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар таныстырды. Оның айтуынша, құлшылық үйі мен дәретхана арасында арнайы дәліз салынады. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құрылыс жұмысының сапасына, мешіттің жеке көлік тұрағының болуына назар аударып, сауапты іске белсене кіріскен демеуші азаматтарға айрықша алғысын жеткізді.

«Мешіт – күллі жақсылықтың тоғысқан мейірімділік мекені. Алла үйіне келген адамның жүрегі тыныштық табады. Сіздер қаншама жанның көңіліне қуаныш, жүрегіне тыныштық сыйлағалы тұрсыздар. Алла игі істеріңізге мол сауаптан жазсын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, ерекше стильде салынып жатқан мешітте бір мезетте 700 адам құлшылығын өтей алады. Құрылыс жұмысын 2022 жылы бітіру жоспарланған.

Пікір жазу