Рамазан айы өтті де кетті, ал, артта не қалды?

Ораза тұтушылар Алла алдындағы міндетінен құтылды. Дін ғалымдарының айтуы бойынша жәннаттың «Раййан» деген есігінен кіру мәртебесіне ие болды.

Алла қаласа ақыреттің ауыр сұрағы мен азабынан аман қалады. Күнәлары кешіріліп, рухтары бір жаңарып, жүректері тазарып қалды. Олар рухтарымен қатар, тәндерін де артық заттардан тазартып алды.

Тәндерінің зекетін беріп, келесі жылға дейінгі бәле-жәледен өздерін құтқарып алды. Сондай-ақ, ораза тұтқандардың ауызашар сәтіндегі дұға-тілектері қабыл болатындығы уәде етілген.

Оразаға шамасы келе тұра тұтпағандар ше…?!

Бір мұсылман баласының жоғарыдағы игіліктерден құр қалуының  өзі үлкен өкініш емес пе?! Құлқынның айтқанына құлақ түріп Алланың осыншама сый-сияпатынан құр қалу дұрыс па?!

«Өткен ораза өтті ғой, енді айтудың не реті бар», – деген ойдың келуі де ғажап емес. Алайда, біз бұрынғы иманы кәміл, әрі бекем ата-бабаларымыздың ісінен ғибрат алғанды жөн көрдік. Олар оразаның соңына қарай осындай қасиетті айдың өтіп бара жатқанына қамығады екен. Дәл бір қимасымен қоштасқан жандай. Ораза өткеннен кейін де, осы оразаның қалдырған әсерін жалғастырып, құлшылыққа деген құлшыныстарын жоғалтпайды екен.

Келесі жылдың оразасына да ерте бастан әзірлік жасап, жыл бойы рамазан айының рухын бойларында ұстайтын болған. Бұл пайғамбарымыздың: «Егер адам баласы рамазан айының мәнін лайықты түрде түсіне білсе, жылдың бастан-аяқ рамазан болуын қалар еді», – деген хадисінен туындаса керек.

 Ұлық мереке – ораза айт

Айт – қуаныш пен көңіл көтеру  күндері. Бірақ бұл қуаныш – жәй бір ермек іздегендердің  көңіл көтеруі емес, керісінше, Алланың бұйрығын аман-есен орындап, Оның уәде еткен сыйларына қауышуды үміт еткен нағыз еңбекқор, бойсұнғыш мүмін пенделердің қуанышы.

«Айт» сөзі мейрам, мереке дегенді білдіреді. Сондықтан айт күндері қуаныш пен көңіл көтеретін күндер. Адам бойындағы барлық ұлы сезімдердің тасып-толқитын, сыйластық пен сүйіспеншілік сезімінің мұсылмандар арасында барынша жайылатын сәттерінің бірі. Бұл күндерде аралас-құраластық пен бір-біріне қолғабыс етулері ең жоғары деңгейге шығады.

Айт адамдарды жақындастырып, біріктіруде ең күшті құрал. Тіпті, айт күндеріндегі құттықтаулар мен сый-сияпаттар тек қана тірілердің арасында қалып қоймай, өмірден озып, қабірлерінде дұға дәметкен марқұмдарға дейін ұласып жатады. Бағышталған дұғалармен олардың рухтары да шат-шадыман болып қалары сөзсіз.

Ораза және Құрбан айттары пайғамбарымыздың Меккеден Мәдинаға көшуінің екінші жылынан кейін тойлана бастады. Рамазан оразасы да осы жылы алғаш рет парыз етіліп, осы айды оразамен өткізген мұсылмандар Рамазаннан кейінгі Шәууал айының алғашқы үш күнін айт ретінде мейрамдаған болатын. Сондықтан бұл мейрамға «Ораза айты» – делінеді.

Айт намазын оқу – уәжіп

Жұмаға бару уәжіп болған адамға айт намазы да уәжіп саналады. Айт намазының уақыты күн найза бойы көтерілгеннен кейін басталады.  Ораза  айт күндері мисуак қолдану, ғұсыл алу, иісті нәрселер себу, ең әдемі киімдер кию сүннет амал. Ораза айтта намазға дейін тәтті нәрсе немесе құрманы санын тақ етіп жеген жақсырақ. Бурәйда (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) Рамазан айтында дәм татпай үйден шықпайтын. Ал құрбан айтында намаз оқығанға дейін еш нәрсе жемейтін».

Айт намазға барарда бір жолмен, қайтарда басқа жолмен жүру – мұстахаб. Айт күндері мешітке барғанда айт намазының алдында және одан кейін де мешітте нәпіл намаздар оқылмайды.

Сондай-ақ айт түндерін ғибадатпен өткізген адам да үлкен бақытқа қауышпақ. Хадис шәрифте былай делінеді: «Жүректер өлетін күні айт түндерін ғибадатпен өткізген адамның жүрегі өлмейді».

Ораза айты – Рамазан айындағы Алланың жарылқауы мен кешіріміне қауышудан туындайтын қуаныштың көрінісі. Пенделердің күнәларының кешірілгендігін періштелер сүйіншілейді екен.

Бұл жайында Пайғамбарымыз: «Ораза айты күні таңертең ертемен періштелер жолдарға сыймай кетеді. Олар:

– Уа, мұсылмандар қауымы!  Жомарттығы шексіз Раббыларыңның  мейіріміне асығыңдар! Ол  өте көп  жақсылық  пен сый жасаушы, – деп дауыстайды.  Осы сәтте мұсылмандарға көптеген сауаптар беріліп:

– Сендер түнде ғибадат жасауға әмір етілген едіңдер, оны орындадыңдар. Сендер күндіз ораза тұтуға әмір етілген едіңдер, ораза тұттыңдар, Раббыларыңа бойсұндыңдар, енді сауаптарыңды алыңдар, – делінеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір үн қатушы былай дауыстайды:

– Сендерге сүйінші! Раббыларың сендерді кешірді. Тура жолды тапқан күйлеріңде үйлеріңе оралыңдар! Бүгін аспан әлемінде «марапаттау күні» болып жарияланады.

Міне, осындай Жаратушы Иеміздің ісінен ғибрат алып біздердің  де кешірімділікке ұмтылуымыз тиіс. Яғни кешірімді болу, өзгелерге кеңшілік жасауға ұмтылған абзал. Сол үшін де айт күндерінде араздасқан, ренжіскен адам қалмау керек. Негізінде ренжіскен адамдар айтты күтпестен тез арада татуласуы шарт.  Араздасқан жағдайда да үш күннен көпке созылмауы керек.

«Айттық» кәде – пайғамбар өсиеті

Айт күндері қуаныш пен көңіл көтеру күндері болғандықтан әртүрлі шариғатқа сай көңіл көтеретін іс-шаралардың ұйымдастырылуы құба-құп. Балаларға да айттың қуанышын сезіндіру үшін осындай орындарға алып баруды ата-аналардың ұмытпағаны жөн.

Айттың мәнін келтіретін  істердің бірі – мұсылмандардың бір-бірлеріне сый-тарту жасаулары. Себебі айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы –мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар… Бір-біріңе берген сыйлықтарың – араларыңдағы өшпенділікті жояды», – деп өсиет еткен. Біздегі «айттық» кәдесінің де осы өсиеттен туындағаны сөзсіз.

Рамазанның отыз күн оразасын аман-есен өткізіп, шәууал айының алғашқы үш күнін айттап мейрамдаған мұсылманға шәууал айында сауабы мол тағы бір амал бар. Ол Шәууәл айында ұсталатын алты күн нәпіл ораза. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады», – деп осы мол сауапты сүйіншілеген.

Ал, қаза оразасын ұстап, нәпіл ораза ұстауға уақыты жетпей қалған адамдар үшін де шәууәл айының уәделі сауабы үміт етіледі. Олай болса, Алла Тағала Рамазан айында күнәларымыздың кешірілуін және келесі жылғы Рамазанға оразадағы осы құлшылық сезімдерімізді жоғалтпай жетуді нәсіп етсін! Айт баршаға құтты болсын, қадірменді ағайын!

Құттықтаулар!

Қайрат ҚҰРМАНБАЕВ, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры, доцент: «Құрметті мұсылман бауырлар! Алла Тағаланың мұсылман әлеміне ерекше сый етіп берген айт мерекесі құтты болсын. Бір ай бойы мұсылман қауымы Аллаға алақан жайып, ел амандығы мен жұртымыздың тыныштығын, имандылық пен баянды болашақ, салиқалы ұрпақ үшін дұға жасап, қасиетті Құранды хатым етіп, тарауих намаздарын оқып, жақсылықта жарыса қайырымдылық шараларын жасап, ауызашарларда бірігіп, өзара бірлікті, қоғамымыздағы ынтымақ-берекені арттыра түскені белгілі. Алла Тағаладан қасиетті Рамазан айының шарапатын сұрап, ізгі амалдардың барлығы еселеніп, тұтқан ораза, жасаған құлшылық амалдар мен дұға-мінәжаттардың қабыл болуына тілектеспіз. Қасиетті Ораза айт баршамызға құтты-беркелі болсын!».

Шерзод ПУЛАТОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы: «Құрметті отандастар! Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Баршаңызды​ ислам​ үмбетінің​ ең​ қасиетті​ де​ ұлық​мерекесі – Ораза​ айт​ мейрамымен​ құттықтаймын! Жүзден астам ұлттар мен ұлыстар бір шаңырақтың астында берекелі ғұмыр кешіп жатқан Қазақстан секілді көпұлтты мемлекет үшін бұл мерекенің орны ерекше. Бұл күндi барша мұсылман бауырларымыз асыға күтеді. Сондықтан, осы ​мерекені Елбасымыздың жүргізіп отырған салиқалы саясатының, кең байтақ жеріміздегі діни конфессиялардың сыйластығы мен ынтымақтастығының айқын көрінісі деп білеміз. Жаратушымыз бүгінгі ұлық мерекесінде тәуелсіз елімізге, бауырмал халқымызға шапағатын жаудырсын! ​ Бүкіл ел болып бастаған игі істерімізді қолдап, кемел келешегімізді жарқын етсін деп тілеймін».

Балғабек МЫРЗАЕВ, дінтанушы, Ph.D докторы: «Еліміздің мұсылман қауымы отыз күн оразасын аман емес ұстап Ораза айтқа да қауышты.  Иісі мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Ораза айт береке мен бірліктің, ізгілік пен қайырымдылықтың ұштасқан мерекесі. Рамазан айында мұсылман жамағаты бірлік пен қайырымдылықтың үлгісін көрсетіп, еліміздің барлық мешіттерінде күн сайын жүз мыңдаған адамға ауызашар берілді. Осы айда бай мен кедейдің арасындағы қарым-қатынас жақсы жағына қарай беки түсті. Осындай керемет рухани байланыстың орнауына себепкер болған Рамазан айымен қимай қоштасып жатырмыз. Ораза айт Алла Тағаланың разылығын алу үшін таң сәресінен күн батқанға дейін ауыз бекіткен мұсылмандарға Алла тағаланың сыйы іспеттес. Айт намазын оқығаннан соң мұсылман қауымы жамағатпен бірге Жаратқаннан елдің амандығын жұртымыздың тыныштығын сұрап дұға жасайды. Артынан ағайын-туыс пен дос-жарандарына зиярат жасап айтпен құттықтайды. Осылайша адамдардың арасындағы бауырмалдық күшейе түседі. Осындай ұлық мерекемен құттықтай отырып мен де еліміздің  амандығын тілеймін. Егемендіктің арқасында діни ғибадаттарымызды еркін атқарып жүргеніміздің қадірін біліп, тәуелсіз Қазақстанның көк туы мәңгілікке желбіреп, әрбір шаңыраққа бақыт пен береке әкеле берсін деп тілеймін».

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ