Сенат отырысында «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» заң мақұлданды.
2022 жылы 14 қазанда Санкт-Петербургтегі бейресми ТМД Саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру бастамасын ұсынды, оны 6 елдің мемлекет басшылары қолдады.
2023 жылы 13 қазанда Бішкекте ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан көшбасшылары орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы шартқа қол қойды.
Сенат депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукиннің айтуынша, ұйымның негізгі міндеттері орыс тілі мен Достастыққа қатысушы мемлекеттердің, сондай-ақ басқа елдер тілдерінің тығыз үйлесімі негізінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты сақтау және нығайту.
Ұйымның жоғары органы Министрлік конференциясы болады, оның құрамына шарт тараптарының бейінді министрліктерінің басшылары немесе шарт тарапы уәкілеттік берген министрден төмен емес мәртебедегі өзге тұлға кіреді.
Ұйымның есептерін, үлестік жарналарды бекітуді, ұйымды тексеру мәселелерін, хатшылықтың санын айқындауды және хатшылықтың еңбегіне ақы төлеу тәртібін конференция шарт тараптарының үкіметтерімен келісім бойынша қабылдайды.
Бұл шарт Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанда күшіне енді. Қазақстанда жауапты мемлекеттік орган болып ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тағайындалды.
Шартты іске асыру республикалық бюджеттен қосымша шығындарды талап етеді. Бұл ретте шығыстардың жалпы сомасы 2025-2027 жылдарға 131 064 000 теңгені құрайды. Бұл шығыстар республикалық бюджет комиссиясының шешімімен мақұлданған.