Рамазан айында оқылатын жиырма ракаттық тарауих намазы ораза тұтушының емес, ораза айының сүннеті болып табылады. Сондықтан да белгілі себептермен (науқастық, жолаушылық т.б.) немесе қандайда бір себепсіз ораза ұстамаған адамның сауабына сеніп, тарауих намазын оқуына әбден болады. Тарауих намазына қатысты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде кім рамазан айында иман келтіре отырып әрі сауабын бір Алладан ған күтіп (тарауых) намазын оқыса, өткен күнәлары кешіріледі», – деген (Бұхари, Салатут-тарауих, 1).
Екінші сұрағыңызға келсек, егер тарауих намазына кешігіп келсеңіз бірден тарауих намазына қосыла алмайсыз. Алдымен құптан намазының парызын оқисыз содан кейін ғана тарауих намазына қосыласыз. Тарауих намазының қалып кеткен ракаттар санын жаағат намазын оқып болғаннан кейін өзіңіз толықтырып оқисыз. Тарауих намазынан кейін үтір намазы жамағатпен оқылатындықтан елмен бірге үтір намазын оқып, артынан қалған ракаттарын толықтырып оқуға болатыны секілді, алдымен тарауих намазының қалған ракаттарын өзіңіз оқып алып, кейін үтір намазын оқысаңыз да болады.