«Қап, қиын болды-ау! Мүмкін оны келген соң басқа бір жерге орналастырармыз. Ол жағынан көмегімізді аямаспыз», – деді ата-анасы.
«Жоқ! – деді баласы қатқыл дауыспен, – оның бізбен бірге тұрғанын қалаймын!»
«Балам, – деді бұл жолы әкесі де ашуға басып, – сен бізден не қалап тұрғаныңды білесің бе?! Ондай мүгедек адамға қарау оңай емес, оны өмір бойы өзімізге масыл ғып қайтеміз, әркімнің өз тіршілігі бар дегендей. Не дегенмен оған рұқсат ете алмаймын, балам. Одан да ол жолдасыңды таста да, үйге өзің қайт! Ол өз жайын өзі реттей жатар…»
Осыны естігені мұң екен, баласы бірден телефон тұтқасын тастай салды.
Содан көп уақыт хабар болмады. Алайда, бірнеше күннен кейін Сан-Франциско полициясынан хабар келіп, балаларының биік ғимараттан құлап қайтыс болғандығы туралы хабар жетті. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жас жігіт өзін-өзі өлімге қиған көрінеді. Қайғы арқалаған ата-анасы бірден Сан-Францискоға ұшып барып, балаларының өлімін анықтау үшін қала мәйітханасына жетеді. Ата-анасы балаларын бірден таниды, алайда шындықтың байыбына барғанда, қайғы үстіне қайғы жамалды: қайтыс болған балалары бір қол, бір аяғынан айырылған мүгедек екен…
Құдайберді БАҒАШАР