Күндердің күнінде белгілі өзінің бойындағы әділдікпен танылған Халифа Омар ибн Абдул Азиз мұсылмандарды басқарып отырған уақыты еді. Ол әрдайым халқына жұмсақтық танытып, кез-келген істе асығыстық жасамайтын. Содан бұның мұндай әрекетін байқаған ұлы оған келіп:
– Әкешім, Сіз нене үнемі халыққа жұмсақтық танытасыз? Әрбір мәселені шешуде қатал болған дұрыс емес пе еді? Сіздің бұйрығыңыз бір сәтте орындалу керек емес пе? – деді. Сонда Омар ибн Абдул Азиз күлімсіреп:
– Ұлым, Құдіреті менен күшті Аллаһ Тағала пенделеріне жұмсақтық танытқанда мен неге оларға қаталдық танытуым керек? Мәселен, шарап ішу мәселесі мұсылмандар үшін бір уақытта бас тарту ауыр болғандықтан, Аллаһ оларға шарап ішуді бірден харам еткен жоқ. Барлық нәрсе әсте-әсте болады. Егер бір шешімде асығыстық жасап, халықтың ондай шешімге дайын болмай қалуынан қорқамын. Өйткені олай болған жағдайда халықтың арасында бүлік туындап, талас-тартыс орын алады. Сондықтан мен әрбір істе асықпай, жұмсақтықпен шешім шығарамын – деген екен.
Әкесінің мұндай жауабына риза болған бала оның халқына деген жұмсақтығы әлсіздіктен емес, керісінше, дінді терең түсінгендігін аңғарған еді.
Жалғас АСХАТҰЛЫ
Дінтанушы