Исламдағы алғашқы ақжал толқынының қатарына Хақ Елшісі (с.а.у)-ның үзеңгілес серіктері сахабалар мен олардың ізбасарлары табиғиндер және табаға-табиндерді (табиғиндерді көруші) жатқызамыз. Діни әдебиеттерде салафи-салихин деген атпен белгілі осы алғадай момын-мұсылмандардың салт-санасы мен тәжірибесі кейінгі толқын дін мұсылман қауымына ғұмырлық өлшем болды десек асыра айтқандық емес. Себебі, сахабалар тікелей тәлімі мінсіз тәлімгер Мұхаммед (с.а.у) сабақ алса, табиғиндер саф исламның мәйегінен сусындаған сахабалардан тағылым алған еді. Ал, таба-табиғиндер ақжал толқыннан жеткен рухани қазынаны жүйелеп, тәпсір, хадис, ақида, фикһ ілімдерінің негізін салды.
Құран-Кәрімде алғашқы салих мұсылмандар туралы: «Әсіресе, сондай жұрттарынан, малдарынан қуылғандар; Аллаһтан мархамет, ризалық іздеп, Аллаһқа, Елшісіне көмек еткен пақыр мұхажірлер үшін. Міне солар шыншылдар» (Хашыр, 59/8) деп баяндалады
Бұл аятта Хақ Тағала салафи –салихтар қатарына Жаббар Хақтың разылығы үшін дүние-мүлкі мен туған-туысқандарын тастап, қасиетті шаһар Меккеден жаңа қоныс Мәдинаға ауа көшкен мұхажірлердің ерен-ерлігін айтып, мәртебесін көтермелеген.
Ал, Құран-Кәрімде ансарлар хақында: «Бұрыннан Мәдинада қоныстанған иман иелеріне де (беріледі). Олар өздеріне босып келгендерді жақсы көріп, оларға берілген нәрселерге көңілдерінде кірбіңдік болмайды. Сондай–ақ, өздерінде таршылық бола–тұра оларды өздерінен артық көреді. Әлде біреу сараңдықтан сақсынса, солар құтылушылар» (Хашыр, 59/9) деп бұйырылады.
Иә, Ұлы Жаратушы бұл аятта Ислам діні үшін Меккеден үдере көшкен мұхажірлерге илаһи достық құшағын ашып, үйінің екі бөлмесі болса, бір бөлмесін, бір бөлме болса, бір бұрышын оларға беріп, тіпті, дүние-мүлкімен қатар бір үзім нанның өзін бөлісіп жеген мәдиналық ансарлардың ақырет күні Тәңірдің құзырында жүздерінің жарқын болатындығын баяндаған.
Ал, Құран-Кәрімде табиғиндер мен таба-табиғиндер жөнінде: «Сондай олардан кейін келгендерге де (бұл олжадан беріледі). Олар: «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбіңдік қылма. Раббымыз шүбәсіз Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің» (Хашыр, 59/10) деп бұйырылады.
Хақ Елшісі (с.а.у): «Адамзат баласының ең жақсы кезеңі — менің өмір сүрген ғасырым, одан кейінгі жақсы кезеңдер — мен өмір сүрген ғасырдан кейінгі ғасырлар» деп, осы алғадай момын-мұсылмандар дәуірін меңзеген болатын. Демек, кейінгі мұсылмандар қанша жерден тыраштанса да Құран және Сүннетте аты өткен салафи-салихиннің дәрежесіне жете алмайды. Яғни, «салафилерміз» деп жүргендің әрекетін алғадай мұсылмандардың атын өз мақсаттарына пайдалану деп ұққан жөн.