– Өзіңіз жұмыс істейтін автошаруашылық жайында айтып бере аласыз ба? Мекемеңізде қанша көлік бар және кімдерге қызмет көрсетесіздер?
– ҚР Президенті Іс Басқармасының автошаруашылығы 1997 жылы еліміздің астанасы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшкен жылы 27-тамызда үкімет қаулысымен құрылған болатын. Қызметтің негізгі мәні – мемлекеттік органдарға, ресми іс-шараларға, шетелдік делегацияларға, сондай-ақ басқа да жеке және заңды тұлғаларға автокөлік қызметімен қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда кәсіпорында 490 қызметкер жұмыс жасайды. Оның 381-і, яғни 77 %-ы жүргізушілер құрамы болып табылады. Ең көп бөлігі өткен жылы автошаруашылықтың кеңейтілуіне байланысты бірден 40 бірлікке өсті. Жүргізушілеріміз дербес, кезекші бекітілген автобус, шағын автобус және арнайы техникалардың жүргізушілері болып бөлінеді. Сондай-ақ өтінімдерді тәулік бойы қабылдайтын диспетчерлік қызмет жұмыс істейді.
Автокөлік құралдарына келсек, қазіргі таңда 453 автокөлік құралы теңгерімізде тіркелген. Оның ішінде жеңіл автокөлік – 374. Солардың 53 %-ын отандық өңдірушілер шығарған. Болашақта біз бұл санды 80%-ға дейін өсіргіміз келіп отыр. Қалған 20%-ды әйгілі, әлемдік брендтерге қалдырамыз. Бүгінгі күні Кәсіпорынның жоғары білікті жүргізушілерімен Kia: optima, cadenza, quoris, k 5, Škoda Superb, Hyunday Sonata, Toyota camry маркалы жайлы өкілдік, бизнес және эконом класстағы жеңіл автокөліктері, Volkswagen маркалы кезекші автокөліктері, сондай-ақ 11 ден 45 орынға дейінгі түрлі сыйымдылықты Toyota және Hyundai маркалы микроавтобустары мен автобустары, 9 дана арнайы техника мен басқа да көліктер бар Автокөліктердің техникалық жағдайы ең күрделі және ұзақ тапсырыстарда жұмыс жасауға мүмкіндік береді.
– Жүргізушілердің жұмыс тәртібі қалай? Олардың денсаулығына қаншалықты мән беріледі?
– Жүргізушілер құрамының жұмыс кестесі кәсіпорынның ішкі тәртібіне сәйкес жүргізіледі. Олардың ауысыммен жұмыс істеуі – жүргізушінің әрдайым сергек сезінуіне әсер етеді. Денсаулық мәселесі де күн тәртібімізден тыс емес. Кәсіпорында медицина қызметкерлері демалыссыз тәулік бойы қызмет көрсетеді.
Себебі күн сайын желіге шығар алдында әрбір жүргізуші медициналық тексерістен және алкотестерден өтеді. Жылына бір рет кәсіпорынның қаражатынан толық прафилактикалық диагностика алады. Бұл өз кезегінде қызметкерлеріміздің денсаулығын толық бақылап отыруға мүмкіндік беріп отыр.
Автошаруашылық жүргізушілерінің қалыпты көңіл-күйде жолға шығулары үшін кәсіпорын тарапынан барлық жағдай жасалған. Бұл тұрғыда қосымша қызметтердің рөлі өте маңызды деп айтар едім. Қаржы, кадр және ғимараттарды пайдалану қызметі болсын немесе жөндеу-механикалық шеберхана, қойма, автожанармай құю станциясы, автожуу барлығы дерлік жүргізушінің қажеттіліктерін өтеу үшін қызмет атқарады. Себебі, жүргізушілер – негізгі жұмыс күші.
– Білуімізше, сіздер қызметкерлерді конкурс бойынша қабылдайсыздар. Сонда қатысушылар қандай талаптарға сай болуы керек?
Кез келген қызметкер үш деңгейлік емтиханнан өтеді. Біріншіден, кадр бөлімі, яғни HR менеджері жүргізушінің жұмыс өтіліміне қарайды. Кем дегенде жұмыс өтілімі үш жыл болу керек. Соңғы жұмыс орнынан мінездеме, медициналық анықтама сұралады. Демек, ресми тіркелген жұмыс орны болуы керек деген сөз. Ал «Indriver», «yandex» сынды желілерде тіркелмеген жұмыс өтілімі есептелмейді.
Сондай-ақ қандай әкімшілік құқық бұзғаны жайында мәліметтерін тексереміз. Әсіресе апаттан зардап шеккен тұлғаның болмауы, алкогольді өнімдерді пайдаланбауы ескеріледі. Себебі, қызметкердің түйіндемесі арқылы жүргізушінің бар болмысын көру мүмкін емес. Ал оның бізге дейінгі мекемеде қалай жұмыс істегені маңызды. Жол қозғалысы қағидаларын көп бұзуға бейім адам біздің автошаруашылықта жұмыс істей алмайды.
Екінші деңгейде жол жүру қозғалысының Ережелері бойынша теориялық білімін тексереміз. Бейне бақылауы бар екі компьютермен тест тапсырады. Оны жол қауіпсіздігі жөніндегі екі инженер мен экзаменаторлар қабылдайды. Жалпы тест 20 сұрақтан құралған, 4 сұрақтан ғана қате жіберуге шектеу қойылған. Тест қорытындысын кез келген уақытта базадан көруге болады. Емтихан тапсырып болғаннан кейін қатемен жұмыс істелінеді. Бұл сұрақтар кәсіби жүргізушілерге еш қиындық тудырмайды. Себебі сұрақтар негізгі базадан алынған. Сонымен қатар практикалық білімін «автотренажер» арқылы тексереміз.
Алғаш 2017 жылы жол жүру қауіпсіздігі бойынша инженер болып жүрген кезімде осы тренажерды алуды ұсынған болатынмын. Басшылық мені қолдады. Сөйтіп Ресейде өндірілген «Forward» маркалы автотренажерды пайдалана бастадық. Бұл кейде өзіне тым сенімді жүргізушілердің сергіп қалуына пайдасын тигізеді.
Ал конкурстың соңғы кезеңінде үміткермен әңгімелесу өткіземіз. Кәсіпорынның мақсаты, негізгі қызметі жайында толық мағлұмат беріледі. Әңгімелесу барысында жүргізушінің шыдамдылығы, өмірге көзқарасы, адами болмысы, отбасылық жағдайы назарға алынады.
Қазіргі таңда ең жақсы жүргізушілердің қаймағы біздің орталықта жиналған деп ауыз толтырып айта аламын.
– Сонда жүргізушілердің айына алатын айлығы қанша?
– Жүргізушінің айлық ақысы санатына байланысты. 3-санат – 185 мың, үстемеақымен – 293 мың, 2-санат – 210 мың, үстемеақымен – 318 мың, 1-санат – 235 мың, үстемеақымен – 343 мың алады. 20 %-дық үстемеақы жақсы жұмыс істеген жүргізушілердің айлығына ғана қосылады.
Ең басында жұмысқа қабылданған қызметкер 3-санаттың мөлшерлемесімен алады. Жарты жыл нәтижелі жұмыс көрсеткеннен кейін келесі санатқа өтеді. Ал ең жоғарғы санатқа бір жылдан кейін ғана ауыса алады. Сапалы және жедел қызмет көрсету жоғары білікті жүргізушілердің көмегімен жүзеге асырылады.
Егер де жоғары санаттағы жүргізуші жол қозғалысы қағидасын сақтамай көп айыппұл алатын болса, онда бірден төменгі санатқа түседі. Сонымен қатар оларды пирамида сызбасына түсіріп отырамыз. Яғни ең көп айыппұл жинаған жүргізуші пирамиданың ең ұшындағы қызыл аймақта орналасады. Ол жүргізушілерге жол қозғалысында қателіктер жібермеуге талпыныс береді.
Біздің жүргізушілер айына табатын табысқа қарағанда достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Яғни командалық жұмыс қызметкерлердің рухын көтереді, ұжымның ұйымдастырушылық өмірін біріктіреді.
Бүгінде Автошаруашылық жоғары технологиялар мен цифрландырудан тұратын микс болып табылады. Бірақ ең басты актив – бұл жоғары білікті кадрлар.
– Қызметкерлердің квалификациясын көтеру қалай және қанша уақыт аралығында жүргізіліп отырады?
– Автошаруашылықта жылына екі рет жол қозғалысы Ережелері бойынша техминимум жүргізіледі. Бұл базалық білімді бекітуге ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысы ережелеріне енгізілетін заңнамалық өзгерістермен таныстыруға мүмкіндік береді. Жыл сайын әрбір жүргізуші міндетті түрде теориялық емтихан тапсырады. Ал қосымша емтихан жүргізуші санаты жоғарылаған жағдайда қабылданады. Бұл өз кезегінде жүргізушілерге өз дағдыларын дамытуға және лауазымдық жалақысына қосымша үстемеақы алуға мотивация береді.
Айта кету керек, автошаруашылық жүргізушілері кез келген автомектептен білім алмайды. Мысалы, экстремалды басқару курстарының аясында шаршау, реакция жылдамдығына, стреске төзімділігін тексереміз.Көрінбейтін қалалық тұзақтарды анықтау, мұздағы доңғалақтардың кенеттен жарылуы, жолда ашық люк, құлаған ағаш, яғни кез келген қауіп-қатерге тез және дұрыс әрекет етуге үйретеміз.
– Ақылы қызметтер сіздерде бар ма? Бар болса, олардың тарифтерін кім бекітеді?
– Шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық кәсіпорын болғандықтан, мемлекеттік ұйымдарға тарифтер Президент Іс Басқармасымен келісіліп бекітіледі. Тарифтің құны километраж бен оған кеткен уақытқа байланысты есептеледі. Сондай-ақ автокөліктің санатына байланысты. Ең жоғарғы класс – 800 мың, бизнес класс орта есеппен –700 мың. Мысалы Mercedes-Benz-тің соңғы класы мемлекеттік ұйым үшін сағатына – 2.500 тұрса, бір реттік тапсырыс берушілерге – 16 000 тұрады.
Табыстың 10 % мемлекеттік бюджеттен түссе, қалған 90 % Кәсіпорынның жеке тапқан пайдасы. Жыл сайын қойылған жоспарды орындап келеміз. Пандемия кезінің өзінде ешкіді қаражатсыз қалдырған жоқпыз. Кәсіпорын жыл сайын өсіп келеді.
– Жұмыс барысында есіңізде қалған қызық оқиға бар ма? Сол жөнінде айтып берсеңіз.
– Иә, есіме бір қызық оқиға түсіп отыр. Жапониядан келген азаматтар Кореяның көлігіне мінбейді, ал корейлер керісінше жапондықтардың көлігіне отырмайды. Неге десеңіз, Жапония мен Кореяда автомобиль өнеркәсібі өте жақсы дамығандықтан, өзара бәсекелестіктің әсері деп ойлаймын. Ал «Mercedes» көлігіне қуана-қуана отырады.
– Биыл автошаруашылықтың 25 жыл толуына орай қандай мерекелік шаралар жүзеге асырылмақ?
– Иә, биыл автошаруашылығымызға 25 жыл толады. Мерейтойдың қарсаңында қазақ және орыс тілдерінде Кәсіпорын жайында ақпарат беретін кітап шығардық. Мерекелік іс-шарамызға ардагерлерді шақырамыз. Ол кісілерді басқа мерекелерде де шақырып, ақыл-кеңес сұрап отырамыз. «Құрмет», «Алғыс хатпен» марапатталған қызметкерлерімізге қосымша үстемеақы беріледі. Сондай-ақ әріптестерімізбен қосылып Ботаникалық бақта 25 түп ағаш отырғызбақпыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Балжан ӘБДІРАШ