«Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деп бекер айтылмаған. Өте нәзік әрі күрделі саланы бір адамдай игеріп, рухани кемелдікке жақындай түскендер де, тура жолды таңдадым деп теріс ағымдағылардың қатарын толықтырғандар да арамызда аз емес… Бұл ең әуелі діни сауаттың жоқтығынан, ізденістің аздығынан болып жатады.

Осы орайда біз Ақтөбе облыстық дін істері басқармасына қарасты «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теолог маманы Нұрбол Панаевты сөзге тартып, ел арасында жүрген көптеген сұрақтарға жауап алып, өңірдегі діни ахуал жөнінде білген едік.  

– Өзіңіз қызмет ететін орталық жанынан бірнеше жылдан бері «Сенім телефонының» жұмыс істейтінінен хабардармыз. Сіздерге хабарласатындар кімдер және оларды нендей мәселелер толғандырады?

– Иә, «Аңсар» ақпараттық талдау орталығында тұрғындардың рухани қажеттілігін қамтамасыз ету, жедел түрде дұрыс ақпарат беру мақсатында осындай қызмет ұйымдастырылған. Соңғы үш жылдан бері «Сенім телефонына» 8-776-074-07-00 ұялы байланыс нөмірі арқылы WhatsАpp қызметі қосылған. Көпшілік жұмыс телефонынан гөрі, ыңғайлылығы үшін осы байланыс көзіне хабарласады.

Айталық, былтыр сол арқылы 600 адамның 800 сұрағына жауап берсек, ал жыл басталғалы 300-ге жуық сұрақ түсті.

Сұрақ қоюшылардың басым бөлігі, әрине, жастар. Оларды негізінен дін мен дәстүр, халал мен харамды ажырату, «домбыра харам ба?» секілді және намаз оқуға қатысты сауалдар мазалайды. Жалпы, тұрғындардың дінге деген қызығушылығы жоғары.

– Ал арнайы іздеп келетіндердің арасында ерекше есте қалған оқиға болды ма?

– Әлгінде айтқанымдай, бізге көбінесе дін жолындағы жастар келеді. Жолыққандардың арасында деструктивті діни ағымды ұстанушы азаматтар да бар. Олармен орталықтың теолог, психолог мамандары арнайы жеке кездесулер ұйымдастырып, діни көзқарасы бойынша бағыт-бағдар береді. Дәстүрлі ұлттық құндылықтарымыз, ханафи мәзһабы бойынша ақпараттар ұсынылады. Кейбіреулеріне арнайы діни сабақтар өткізіліп, кітаптар да беріледі.

Айта берсек, оқиғалар көп. Кейбір мәселелер адамның жеке өміріне қатысты болғандықтан, құпия қалдырғанды жөн көреміз.

Бір оқиғаны баяндай кетейін: «Аңсар» орталығына өзге облыстың тұрғыны келді. Апайдың қаламызда білім алып жатқан студент қызы байланысқа шықпай, хабар-ошарсыз кеткен екен…

Намаз оқи бастаған, үсті-басын қара түсті киімдермен тұмшалайтын болған. Содан қызын әкеліп, біздегі мамандарға жолықтырды. Көп ұзамай бойжеткеннің деструктивті діни бағыттағы азаматпен танысып, жасырын неке қиғанын анықтадық. Қазіргі таңда аталған қыз баламен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Сіздің ойыңызша, қазіргі таңда жастардың діни сауаты, шариғаттан хабары қандай?

– Жастар сауатсыз деп кесіп айтудан аулақпын. Дей тұрғанмен, қазір көпшілігі сауат ашуды ғаламтор арқылы өздігінен іздену деп қабылдайды. Бұл қате. Осындай қадамның соңы өкінішке ұрындырып жатқанын өмірден көріп жүрміз.

– Ендеше, діни сауатымды ашамын, намазға жығылу мен құран оқуды, дұға-сүрелерді үйренем деген адам қайда жолықса болады? Ақтөбеде мұндай жағдай қарастырылған ба?

– Ақтөбе облысындағы мешіттердің жанында соған маманданған ұстаздар бар. Кез келген азамат дәстүрлі ханафи мәзһабы бойынша діни сауатын, білімін жетілдіре алады.

Қазіргі уақытта діни білім алуға жағдай жасалған. Мерзімі әр жерде әртүрлі, бұл ұстазға байланысты. Себебі мешіттегі арнайы сабақтардың кестесі болады. Соған сәйкес, өзіне қызықты Құран оқуға, фиқһ саласы, ақида, ислам әдептері бойынша сабақтарға жазылу арқылы қалаған уақытында барып, білімін жетілдіре алады.

Бұған қосымша ретінде дінге қызығушылық білдірген тұрғындарға «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теологтары ұлттық құндылықтар, дәстүрлі бағыт және оларды жат діни ағымдардан сақтандыру бойынша дәрістер, жеке кездесулер ұйымдастырады.

– Облыстағы Алға, Мұғалжар, Темір, Хромтау, Шалқар аудандарында діни ахуал күрделі. Сол жақтағы жамағатпен нендей шаралар жүргізесіздер?

– Теологтар мен психологтар аудандарға барып, тұрғындармен кездесіп, дін мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, облыстық мешіт имамдары жамағатпен уағыз-насихатын жасайды.

2016 жылғы лаңкестік оқиғадан кейін, бас прокуратураның тапсырмасына сәйкес, жыл сайын Ақтөбеде «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында аудандарға, елді мекендерге жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, білім, дін, спорт салаларының мамандары барып, жан-жақты жұмыс атқарады. Яғни халықпен түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұған жоғарыда аталған аудандар да қамтылады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Медресе ұстазы» ақпаратына қатысты ҚМДБ мәлімдемесі

Одан бөлек, діни ахуалы күрделі аудандарда дін мәселелері бойынша арнайы орталықтар жұмыс істейді. Бұлардың ашылғанына 2-3 жылдан астам уақыт болды.

Былтыр Ақтөбе облысы әкімшілігінің қолдауымен 2019-2020 оқу жылдарында Нұр-Мүбарак университетіне білім алуға ниетті 8 жасқа грант берілді және осы университетте ақылы негізде оқитын 5 студенттің бір жылдық оқу ақысы қоғамдық қорлар арқылы төленді. Ал Ақтөбедегі медресе-колледждің 2 түлегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жолдамасымен Мысыр Араб Республикасының  Ал-Азһар университетінде оқуын жалғастырып жатыр.

Бүгінгі таңда барлығы 153 ақтөбелік студент Қазақстандағы теологиялық оқу орындарында білім алып жүр.

– Бұл ретте шетелде, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында теология бойынша оқып жатқан, білім алған ақтөбеліктер аз емес. Олардың өңірдегі дін саласына оң әсері тиіп жатыр ма?

– Қазіргі таңда өзге өңірлерде діни мамандықты игеріп жатқан жерлестеріміз аз емес. Жыл сайын теология және исламтану бойынша мамандарды қамтамасыз ету үшін жергілікті билік те қолдау көрсетіп келеді.

Мысалы, биыл бұл мақсатта 4 грант бөлініп отыр. Аталған бағыттағы оқу орындарын тәмамдаған жас мамандар өңіріміздегі мешіттерге имамдық қызметке тағайындалып, кадр мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Яғни өзіндік игіліктері бар.

Нұрбол Аханұлы, Ақтөбеде сақалын бей-берекет өсіріп, балағы қысқа шалбар киетін жігіттерді әлі күнге кездестіруге болады. Оларға тыйым салып, жауапқа тартуға бола ма, әлде бұл адамның жеке басына қол сұғушылық болып есептеле ме?

– Қазіргі уақытта деструктивті бағыттағы, яғни псевдосалафилік көзқарастағы азаматтардың белгілерінің бірі – қысқа балақ және өзіңіз айтқандай бей-берекет сақал өсіру элементтері кездеседі. Бұл – теріс ағымдағылардың басты сыртқы сипаты. Өкінішке қарай, бұған қатысты заңды тұрғыдан ешқандай шектеу, тыйым жоқ. Зайырлы демократиялық құқықтық мемлекетте өмір сүргендіктен, кез келген адам қандай киім кисе де өзі біледі. Біз тек олармен жеке сұхбаттар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізе аламыз.

– Ал хиджап киіп, тұмшаланып жүретін қыз-келіншектерге қатысты не айтасыз? Бұл қазаққа тән киім үлгісі емес қой…

– Хиджаб – орамал, мұсылман әйелінің ар-намысын қорғайтын жаулығы. Ислам діні мұсылман ер мен әйелдерге әуретін жауып, Шариғат әдебі бойынша киінуді бұйырған. Үйден тыс, қоғамдық орындарда ұзын етек-жеңді киім кию – мұсылман әйелдің ары мен абыройын сақтайды. Құран және Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі мен мұсылман ғұламаларының бірегей пікірі бойынша, мұсылман әйеліне орамал тағу – парыз.

Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және иман келтіргендердің әйелдеріне айт: үстеріне жамылғыларын түсірсін…» («Ахзап» сүресі, 59-аят) деп бұйырған.

Аятта киімнің түсі немесе үлгісі анық айтылмаған. Сондықтан әр ұлт Алланың әмірін өз ұстанымдары, тарихи таным-түсініктері бойынша орындайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді. Көзге ерсі көрінетін, дене бітімін айқындайтын, қара түсті киім-кешектерді кимеген дұрыс. Ал паранжа (ниқаб) кию – дәстүрлі дінімізге, салтымызға қайшы. Бұл діні мен дәстүріне берік болған ата-бабларымыздың жолы емес.

– Жалпы, дін туралы айтар әңгіме көп. Теолог ретінде соңғы кезде өзіңізді толғандырып жүрген мәселеге тоқталсаңыз. «Осы жерден қателесіп жүр, жолы мынадай» дегендей ойда жүрген түйткіл бар ма?

– Деструктивті діни ағымның жетегінде жүрген азаматтардың адасуы діни мәтіндерді дұрыс түсінбеудің салдарынан дәстүрлі бағытқа келе алмай жүргенінің көрінісі. Діни түсінікті дұрыс қалыптастыру үшін жергілікті дін мамандарынан сабақ алса, мұндайға ұрынбас еді…

Сондықтан барша жұртшылыққа білікті, тәжірибелі теологтардың кеңесін тыңдап, болмаса біздің орталыққа жолығуды ұсынамын. Қай істе де өз ісінің кәсіби маманының айтқанына құлақ асып, соған сенсе, соңы жаман болмайды.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

Журналист,

Ақтөбе

Пікір жазу