Елордадағы үш бірдей мектепке бомба қойылған деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан полиция басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
11 қазанда полицияға 16, 37 және 72 нөмірлі орта мектептердің электронды мекенжайына жарылғыш заттар қойылды деген хаттар жіберілгені туралы қоңырау түскен.
“Тексеру жүргізілді, ақпарат расталмады. Жарылғыш зат табылған жоқ. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде. Нұр-Сұлтан қалалық полиция басқармасы жарылғыш зат туралы біле тұра жалған хабар түскенін ескертеді. Кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды”, – делінген хабарламада.
Полиция сонымен қатар азаматтардан үрейленбеуді және мессенджерлерде жалған хабарламалар жібермеуді сұрады.