Сұрақ: Жігітіммен бір универде оқимыз, келешекте үйленуді жоспарлаудамыз. Оқуды бітіріп, некемізді қиғанға дейін бірге тұруға бола ма?

Жауап: Жастар арасында, әсіресе, студенттер қауымының ішінде «жігіт пен қыз» болып «келешекте үйленеміз» деген сылтаумен пәтер жалдап, некесіз бірге тұру әдеті байқалады. Үйленбесе де, некесіз қосылып, ерлі-зайыптылар құсап бірге тұруды «азаматтық неке» деп атайды. Некенің мұндай түріне ислам тыйым салған. «Біз бір-бірімізді жақсырақ танимыз», «біз әлі студентпіз» немесе «келешекте бәрібір үйленеміз» деген сияқты т.б. түрлі сылтаулар үзірге жатпайды. Исламда некенің бір ғана түрі бар, ол – дәстүрлі ақ неке. Қалған «некелердің» (уақытша неке, азаматтық неке, махаббат некесі және т.б.) барлығы да харам саналады. Осы сияқты некесіз болған қатынасты «зина» деп атайды. Бұл туралы қасиетті Құранда:

«Зинаға мүлде жоламаңдар. Шын мәнінде, ол – анық арсыздық әрі ең жаман жол» (Исра: 32)

Расында да, өмірлік тәжірибе көрсеткендей, мұндай некелерде отбасылық жауапкершілік сақталмайды. Тән рахатын көздеген қулар, белгілі уақыттан соң отбасын асырау жауапкершілігінен қорқып, қашып кетеді. Ортада қалған сәбилер балалар үйлеріне тапсырылады, тірі жетімдердің саны көбейеді. Бұған қоса, неке АХАЖ-ға тіркелмегендіктен, ер азамат заң алдында жауапты емес, сондықтан оған алимент төлеу міндеттелмейді және т.б. Мұндай некелердің жеке адамға және қоғамға тигізетін зиянын көптеп сая беруге болады.

Ал енді дәстүрлі түрде некесі қиылып, АХАЖ-ға тіркелген «ақ некеде» жағдай басқа. Ақ некенің шарты бойынша екі жас Құдай алдында, ағайын-туыс пен заң алдында да бір-біріне адалдық сертін береді. Мұнда ер азаматқа отбасын асырап-бағу, нәпақа табу міндеті жүктеледі. Ажыраса қалған жағдайда заң ер азаматқа алимент төлетеді, әйел мен балаларына жалғыз басты ана ретінде мемлекеттен әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылады.

Жалғас Садуахасұлы

2 ПІКІРЛЕР

  1. дұрыс емес қой. Сонда отбасылық өмірді ойыншық көретіндер болып тұр ғой.

  2. Жігіттер мен қыздарда осылай бірге некесіз тұрып, кейін екі бөлек кету әдетке айналып барады. Құдай ақырын берсін!

Пікір жазу