Қиылған некеден шариғат үкімдерінің туындауын қамтамасыз ететін шарттар – некенің дұрыс болуының шарттары деп аталады. Аталған шарттардың бірі кем болған жағдайда Әбу Ханифа мәзһабы бойынша неке дұрыс болып саналмайды. Некенің шариғатқа сай болу шарттары төмендегідей:
- Некелесуге рұқсат етілген жандар. Яғни, үйленуге рұқсат етілмейтін туыс, сүттес, біреудің әйелі немесе апалы-сіңлілі екі қызды бірдей алу сияқты жағдайлардың орын алмауы.
- Өмірлікке некелесу. Үйленетін жандар өмірлік некені мақсат етулері тиіс. Шариғт бойынша уақытша үйлену шартты түрде үйлену некеге жатпайды.
- Куәгерлік. Қиылған неке дұрыс болу үшін куәгердің болуы шарт. Бұл мәселеде мәзһаб имамдары арасында талас жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Өкілсіз және екі әділетті куәгерсіз неке қиылмайды», – деген. Куәгерлікке ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған екі мұсылман ер немесе бір ер, екі әйел кісі жарайды.
- Екі жақты разылық. Егер екеуінің бірі зорлықпен үйлендірілсе неке дұрыс болмайды. Бұл жайында Айша анамыздан (р.а.) риуаят жеткізілген: «Бірде маған бір бойжеткен келіп: «Әкем мені отбасымыздың беделін көтеру үшін өзім ұнатпаған адамға тұрмысқа берді», – деп шағымданды. Мен оған «Пайғамбар (с.ғ.с.) келгенше отыра тұр», – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.) келген соң оған мән-жайды айттық. ОЛ (с.ғ.с.) қыздың әкесін шақыртып алды да, таңдау еркін қызға берді. Сондай бойжеткен қыз: «Шынында мен әкемнің ісіне разы едім. Тек әйелдерге әклердің билігі жүрмейтіндігін анық білгім келіп еді» – деді. (Имам Ахмет риуаяты). Демек, бір адамды зорлықпен үйлендіру дұрыс емес.