Негізінде мұсылман мемлекеттерінің экономикалық және әлеуметтік тұрғысынан батыс мемлекеттеріне қарағанда артта қалуы діннің кесірінен емес, бәлкім діндарлардың дінді дұрыс түсінбеуінен дегеніміз дұрысрақ. Себебі, ортағасырда ислам мәдениеті мен ғылымының гүлдену дәуірі болды. Мұсылман ғалымдары мен ойшылдары білімнің әр түрлі салаларына: саясат пен құқыққа, этика мен экономикаға, теология мен философияға, әдебиет пен поэзияға, музыка мен жаратылыстану ғылымдарына, тарих пен техникаға, география мен космогонияға, алхимияға, геометрияға, алгебраға, лингвистикаға, медицинаға және т.б. назар аударды. Ал дінді дұрыс түсіне алмаған бүгінгі күнімізде бұл көрстекіш керісінше төмен кетті.
Экономикалық жағдайы ауыр, элеуметтік деңгейі нашар мемлекетте, халық кітап оқымайды, «қайтсем қарнымды тойдырамын? қалай әл-ауқатымды көтеремін? бала-шағамды асырап оларды ел қатарлы мектепке беремін? деген сияқты күнелту сұрақтарымен әлек.
Әдетте кітапты кім оқиды? Жұмыспен қамтылған, тұрақты айлығы, алдында жейтін азығы бар, өзін интелектуалды көтеруді немесе уақытын пайдалы өткізуді қалаған адам оқиды. Әйтпесе, ислам ортағасырдағы христиан шіркеулері сияқты «кітап оқыма», «кітап Құдайдан алыстатады», «ғылым – күпірлік» деп айтпайды. Керісінше, дін ислам ғылымды ардақтайды, кітап оқуға, ғылыммен шұғылдануға шақырады. Құрандағы ең алғаш түскен аят «Оқы!» деп бұйрық райымен басталады. Сол үшін исламда ғылымның мәртебесі жоғары: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» (Зумар: 9). Аятта көргеніміздей білімді адам мен білімсіз адам тең емес яғни, оқыған мен оқымаған, қараңғы адамның мәртебесі екі басқа. Ислам ғылым мен білімді үйренуде және кітап оқуда тілге, дінге немесе нәсілге қарап бөлмейді. Мысалы IX ғасырда әл-Мамун халифтің әмірімен көтерілген, аты әлемге әйгілі «Бәйту әл-Хикма» (Даналық үйі – Дом мудрости) болған. Бұл ислам академиясының басты мақсаттарының бірі – үнді, грек тілдеріндегі астрономия, математика, медицина, химия, метафизика, философия т.б. шығармаларды араб тіліне аудару еді. Мұнда қандай тілде болсын білім туралы кітап алып келген адамға немесе аудармашыға сол кітаптың салмағымен тең күміс берілген.
Сондықтан да ислам дінін ұстанатын мемлекетердегі азаматтардың кітапты еуропа тұрғындарынан аз оқуы олардың дініне байланысты деп ойлау қате деп айтар едім.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Кітап оқу – бұл тек бос уақытты қызық өткізу ғана емес. Сонымен бірге тұлға болып қалыптасуға орасан зор көмегі тиетін өте пайдалы іс.
Мұсылмандар білімді. Тек қазір адамның ойын өзіне бұрып алатын нәрсе көп. Сондықтан, кітап оқуға қол тимей жататыны шындық.