31 мамыр – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, KazIslam ақпараттық порталының ұжымы «АЛЖИР» мұражайына барып, экскурсия жүргізушісі Қыдырбаева Назеркеден сұхбат алып қайтты.

 – «АЛЖИР» лагерінің тарихы жайында қысқаша айтып өтсеңіз?

– Бұл мұражайды құрудағы негізгі мақсат – қазіргі ұрпаққа қиын-қыстау заманнан қалған тарихи ескерткіштерді жеткізу және сақтау. «Алжир» лагері, толық атауы – «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» 1937 жылы желтоқсан айында ашылады. Қасіретті лагерьге арасында бір жастан үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдердің алғашқы легін 1938 жылы 6 қаңтарда «Сталин» вагонымен алып келеді. Оны тұтқындалғандар «қызылша» вагон деп те атаған. Қазіргі кезде мұражайдың аумағында бұл вагонның түпнұсқасы жәдігер ретінде қойылған.

Бұл жерге қоғам қайраткерлерінің еш айыбы жоқ жұбайларын «күйеулеріңмен кездестіреміз» деп алдап алып келеді. Сеніп қалған келіншектер бар сәнді әшекейлерін тағып, әдемі киініп жолға шығады. Алайда, жол ортасында басқа жаққа апара жатқандарын сезген.

Олар күткендей ешқандай кездесу болмайды, бәрін Теміртаудың арғы жағына бір мекенге апарып, жауып тастайды. Екі айдай әйелдерді Кеңес одағының түкпір-түкпірінен жүк пойызымен осында тасып әкеледі. Жолға шыдамай өліп кеткен әйелдердің денесін белгісіз стансаларға тоқтағанда лақтырып кете берген. Қағазға оралған тұзды балық пен нанды ғана жеген жазықсыз әйелдер шөлдегеннен қатып қалған мұзды ерітіп сусын ретінде ішкен. Аяздың қаттылығынан, тіпті, шаштары темір вагонға жабысып қалады екен.

Лагерьге аман жеткендердің «біздің айыбымызды айтыңыздаршы» деген сұрақтарына «Халық жауының» отбасы мүшесі болғандықтары үшін 5 жыл мен 8 жыл аралығына тұтқындаласыңдар деп жауап берген. Шындығында, бұл лагерьдің негізгі мақсаты – оларды тегін жұмысқа салу және балаларын аналық мейірімнен, әкелік махаббаттан айырып, «халық жауларының» әулетін үрім-бұтағымен жою еді.

Айта кетсек, зиялы қоғам қайраткерлерінің жұбайлары болғандықтан, мұнда әкелінген әйелдердің 80% жоғары білімді болған.

Лагерь бірнеше саман барактан, төрт мұнара мен темір тордан тұратын. Қаңтар мен ақпан айларында тұтқындалғандар үздіксіз кезең-кезеңмен келіп жатты. Тұтқындарға шағын ғана лагерь тым таршылық ете бастады. Сондықтан да жаңа келгендер қатты боран мен дауылға, ыстық пен жаңбырға қарамай барактар салып, оларға жатуға арналған сәкілер жасады. Ағаш тақтайдан жасалған сәкілерге шөп төсеп жатты.

Баракты жылыту үшін қамыс орып, оны отын ретінде пайдаланды. Жылуы жоқ, жалпылдақ қамыс екі қыс бойы олар үшін отынның негізгі түрі болды. Кезекшілікте тұрғандар түні бойы үздіксіз қамысты пешке лақтыратын, алайда оның жылуы 6-8 градустан жоғары көтерілмейтін.

– Бұл жерде негізінен қай ұлттың өкілдері тұтқында болды және Кеңес одағының қай өлкелерінен әкелінді?

– «АЛЖИР»-дегі әйел тұтқындар 62 ұлт өкілдерінен құралды, оның ішінде көбі орыстар болған. Сондай-ақ «Бутыр» түрмесінің өзінен 1600 әйел әкелінді.

Мұнда әйелдер сол кездегі одақтың түрлі өлкелерінен: Мәскеу, Ленинград, Украина, Грузия, Армения, Орта Азиядан жіберілді.

Жалған айыппен тұтқында отырғандардың арасында есімі елге белгілі қазақтар да аз болған жоқ, оларың ішінде Әзиза Рысқұлова мен оның анасы Әрипа Есенғұлова, Дәмеш Жүргенова, Рабиға Асфендиярованы атаса болады. Олардан бөлек, әнші Лидия Русланова, жазушы Галина Серебрякова, маршалл Тухачевскийдің отбасындағы әйелдер, жазушылар Борис Пильняктың әйелі Кира Андронникошвили, Юрий Трифоновтың әйелі Евгения Лурье, Болат Окуджава мен Мая Плисецкаяның аналары және т.б сынды мемлекет, саясат және қоғам қайраткерлерінің әйелдері болды.

Жалпы осы жерде отырған 18 мыңдай әйел адамның қазіргі күні 8 мыңға жуығының ғана аты-жөндері белгілі. Қалғандарының кім екендіктерін анықтау үшін үздіксіз жұмыстар жүргізілуде. Олардың белгісіз болуының себебі – 1953 жылы Сталин өлгеннен кейін лагерь жабылғанда тұтқыннан босатылған әйелдерден «лагерь туралы ешкімге жақ ашпау» туралы қолхат алынады. Байғұс әйелдер өмірлерінің соңына дейін үреймен өтіп, лагерьде отырғандары жайында ешкімге тіс жармай кеткен. Сондықтан көбінің есімдерін білу әзірге мүмкін болмай тұр.

 

– «Халық жауы» атанған әйелдердің, олардың балаларының өмірі немен аяқталды?

– Емшектегі нәрестелері бар әйелдер үш жасқа толғанша балаларын өздері қараған, кейін сәбилерін әртүрлі балалар үйіне оларды алып кетіп отырған. Соның салдарынан ол балалар аналық махаббатты сезінбей өсті.

Бұл жерде тәулігіне 14-16 сағаттан жұмыс істеген аналарының бала емізуге де уақыттары болмаған. Дәмеш Жүргенова сол лагерьде дәрігер қызметін атқаратындықтан, емізетін және жүкті әйелдерге бір күндік жұмысқа жарамсыз деген жалған анықтама жазып беріп жүрген. Ауыр кезеңді көтере алмай қиын тағдырдан есінен айырылып қалғандары да аз емес еді.

600-ге жуық әйел сол лагерьдің қабырғасында жан тапсырған деген дерек бар. Себебі, ер азаматтар істейтін ауыр жұмыстарға шыдамаған. Барак салу, мал шарушылығымен, егін шаруашылығымен айналысу, алма бағын өсіру сынды жұмыстарда тіпті құрал-сайман жетіспей, қара жұмысты жалаң қолмен де істеген. Күндіз осындай адам төзгісіз жұмыстарға жексе, түнде жендеттер әйелдерді жеке-жеке шақырып алып, тергеп отыратын.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Ғибадат тұтқасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті

Құнарлы тамақтың жетіспеушілігінен нәрестелер арасында да шетінеу жағдайлары көп болған. Себебі оларға берілетін тамақ быламық сорпа мен нан ғана еді. Оны да егер өз нормасымен жұмыс істемесе, бермей қойған және хат жазуға да рұқсат берілмеген.

– Олар қандай да бір кәсіппен айналысқан ба?

– Әрине, тұтқындалған әйелдердің көбі жоғары білімді болғандықтан, қандай да бір кәсіппен айналысқылары келген. Олардың киетін басқа киімдері болмағандықтан, тігін цехын ашып берулерін өтінеді. Сол жерде өздеріне униформа тігіп киген. Екінші дүнижүзілік соғыс басталғанда жауынгерлерге форма тігумен айналысқан.

Айта кетсек, оларға ешкім соғыс болып жатқанын айтпаған еді. Әйелдер жауынгерлерге арнап униформа тігуді бастағанда ғана соғыстың басталғанын сезгендерін айтады.

Мариям Ансис есімді әйел осы тігін цехының басқарушы қызметін атқарады. Сол кісінің альбомы екі нұсқада мұражайда осы күнге дейін сақталып тұр. Ол альбомда кестелеп тіккен киімдердің үлгілері бар.

Кейбір әйелдер лагерьден босап шыққанда өздері тіккен кестелері дүкен сөрелерінде сатылып тұрғанын көреді. Яғни, күзетшілер олардың жұмыстарын сатып, өздеріне пайда жасап отырған деген мәлімет бар.

– Осындай қиын заманда жақындарына хат жазуға мүмкіндіктері болды ма?

– Оларға екі жыл бойы хат жазуға рұқсат етілмейді. Кейін жылына бір рет қана жазуға рұқсат берген.

Сәбиінің тірі не өлі екенін біле алмаған ана үшін ең сорақысы осы болды. Тіпті, анасы мен баласының бір-біріне жазған хаттары көбіне бармай қалатын. Кейде әйелдер өз жақындарына жазған хаттарының күннен көлегейлеу үшін терезеге жапсырылып тұрғанын көретін. Яғни лагерь қызметкерлері олардың хаттарын жібермей, күнделікті қажеттеріне пайдаланып отырған.

– Тұтқындалған әйелдердің немесе лагерьде дүниеге келген балаларының ішінен қазіргі кезде көзі тірілері бар ма?

– Қазір АЛЖИР-де отырған әйелдердің ешқайсысы бұл өмірде жоқ. Ең соңғы көзі тірі «алжирлік» тұтқын Анна Индановна 2014-жылы 97 жасында қайтыс болды.

Біздің музей қызметкерлері сол әйелдердің ұрпақтарымен үнемі кездесу ұйымдастырып отырады. Шетелге де іссапармен шығып тұрады. Өйткені, кейде адамдар осы лагерьде отырған әйелдің ұрпағымыз, сол кісіден қалған жәдігерлер, құнды естеліктер бар деп хабарласып, біз оларға арнайы барып, кездесу өткіземіз. Себебі әрбір аты аталмай қалған жазықсыз әйел жайындағы мәлімет біз үшін құнды.

Біздің мамандар ТМД, Еуропа, Америка елдеріне барып зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Өйткені, «АЛЖИР» тарихының көп бөлігі әлі зерттелген жоқ.

Лагерьде отырған әйелдердің ұрпақтары бір-бірімен әлі күнге дейін байланыс орнатып тұрады. Олардың өзі қазір 90 жасқа келіп қалды.

– «АЛЖИР» тарихын зерттеу бойынша басқа да шетелдік және отандық музейлермен қарым-қатынас жасап тұрасыздар ма?

– Әрине, тарихпен байланысы бар басқа да мұражайлармен байланыс орнатып отырамыз. Қазақстан бойынша Қарағанды облысында орналасқан КАРЛАГ-пен тұрақты байланыстамыз. Өздеріңіз білетін шығарсыздар, «АЛЖИР» лагері КАРЛАГ-тың бөлімшесі ретінде жұмыс істеп, соған бағынған. Ал КАРЛАГ бүкіл Кеңес Одағындағы лагерьлердің басын қосқан ГУЛАГ-қа (толық атауы: «Главное управление лагерей») бағынды.

Қазіргі күні карантин режиміне байланысты басқа лагерьлермен онлайн платформасында түрлі конференциялар мен семинарлар өткізіп жатырмыз.

Осы жылы мұражайдың ашылғанына 14 жыл толады. Соған байланысты түрлі шаралар өткізу жоспарлануда. Мұражайымыздың кинотеатрында «АЛЖИР-дің ызғарлы суығы» деген деректі фильмді көрсетеміз. Сондай-ақ оны музейдің Youtube арнасынан көре аласыздар. Аталған фильм «Халық жауы» атанған әйелдердің ұрпақтарымен сұхбат түрінде түсірілген

– Қазіргі күні «АЛЖИР» лагерінің құрылыстары сақталған ба?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, 1953 жылы Сталин өлген соң, лагерь толықтай жабылды. Мұндай лагерьдің болғанын тарих жадынан өшіру үшін барлық құрылыстары тып-типыл етіп қиратылып, оның орнына ауыл салынады. Бұл бұрынғы Малиновка, қазіргі Целиноград ауданының орталығы Ақмол кенті. Сондақтын КАРЛАГ-тан айырмашылығы, «АЛЖИР» лагерінің ешбір құрылысы бүгінгі күнге жеткен жоқ.

– Пандемия кезінде қалай жұмыс істеп жатырсыздар?

– Пандемия жағдайына қарамастан, келушілерге есігіміз ашық. Әр адамның дене қызуы тексеріледі және қолдарын дезинфекциялайды. Бізге топпен келушілер алдын ала жазылады. Мұражайға көп адам келсе, топ-топқа бөліп тастаймыз.

60 адамға есептелген кинотеатрға тек 30 адамнан асырмай кіргіземіз. Яғни карантиннің барлық сақтық шараларын сақтап жұмыс істеп отырмыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Балжан ӘБДІРАШ

Пікір жазу