Наурызбай қажы Тағанұлы: Шетелде білім алу үшін Діни басқарманың рұқсатын алу міндетті

    143

    Айтулы мәжіліске ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, бас мүфти кеңесшісі Қуат Раев, ҚР Сыртқы істер министрлігі консулдық департаментінің басқарма бастығы Мұхтар Кәрібаев, Білім және ғылым министрлігінің бас сарапшысы Нұршат Айтбаева, Дін істері комитетінің басқарма бастығы Бауыржан Бәкіров және «Нұр Мүбәрак» университетінің оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Али Рауфұлы қатысты.

    «Бүгінде Ирак, Сирия, Түркия, Иорданияның елдерінде ИШИМ ұйымы тарапынан орын алған әрекеттер бізді толғандырып отыр. Өйткені, аталған террорлық ұйымның құрамында қазақстандықтардың да болғаны анықталған. Тіпті, олардың арасында шетелдерде діни білім алғандары бар. Сол себепті, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы шетелдегі теологиялық оқу орындарында оқитын жастарымыздың радикалды топтардың құрамына еніп кетуіне жол бермеу және олардың Әбу Ханифа мәзһабы бойынша білім алуын қадағалау мақсатында тиісті мемлекеттік органдармен бірге жұмыс істеуді міндеттеген болатын. Бұл ретте Бас прокуратура, Білім және ғылым министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, «Нұр Мүбәрак» университеті және Дін істері комитетімен келіссөздер жүргізіп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасаймыз» деген наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ендігі шетелде діни білім алғуға ниеттілерге тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсатымен, келісім-шарт жасалған елдерге ғана жолдама берілетінін жеткізді.

    «Биыл сәуір, мамыр айларында шетелдегі қазақстандық студенттердің білімін бақылау мақсатында ҚМДБ мен Дін істері комитеті делегация бірқатар елде болып, болашақ дін мамандарымен кездесулер өтті. Атап айтқанда, Түркия, Мысыр, Сауд Арабиясындағы жастарымыздың қандай бағытта білім алып жатқанын, елге келгеннен кейінгі мақсаттарының қандай екенін біліп қайттық. Сапар барысында өзекті проблемалардың бар екендігі айқындалды. Нәтижесінде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мысыр мүфтияты арасында ресми келісім жасалды. Енді ел жастары діни басқарма жолдамасымен барған жағдайда ғана ондағы оқу орындарына қабылданатын болды. Сондай-ақ, Ресей, Түркия елдерімен осындай ортақ құжат қабылданды. Алдағы уақытта Сауд Арабиясымен де келісімге келмекпіз. Мемлекеттік органдармен шетел оқу орнына мүфтияттың рұқсатнамасы негізінде қабылдау  туралы келісімдер жүргізіледі» деп сөзін түйіндеді наиб мүфти.


     

    Пікір жазу