Насихат айту Құранда мүминдердің бір қасиеті ретінде сипатталған. «Еске сал, бəлкім, еске салғаның мүминдерге пайдасын тигізер» (Зарият: 55). Хадистерде де насихат айту керектігі туралы сөз болады. Бір сөзінде ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дін дегеніміз – насихат» дейді. Сахабалар «Кімдер үшін насихат?» деп сұрағанда, «Алла елшісі, кітабы, мұсылман басшылар жəне бүкіл мұсылмандар үшін» деген жауап естіген (Бұһари, иман, 42).Ғалымдар бұл хадисте өткен насихат сөзінің мына мағыналарға келетінін айтқан: Алланың бар екеніне əрі бір екеніне шын көңілмен илану, хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбар екеніне сеніп, сүннетін берік ұстану, бойындағы ізгі қасиеттерін үлгі ету, Құрандағы үкімдерді үйреніп, басқаларға үйрету, білмейтіндерге дұрысын көрсету, білмеген мəселелерінде жөн сілтеу, өзге мұсылмандар алдындағы борышын шынайы атқару, мұсылмандардың баршасына игі дұға етіп, жақсылықты дəріптеу.
Діннің төрттен бірін қамтыған деп білінетін бұл хадис расында да терең мағыналарға жетелейді. Ғалымдар хадистегі насихаттың кімдер үшін айтылатындығында берілген реттіліктің де өзіндік мəні барын айтуда. Мəселен, əуелі Алла жəне елшісі үшін делінген. Бұдан насихат айтушы ниетіне пендешілік пиғыл араластырмай, Алла үшін ғана насихат айтуы керектігін түсінуге болады. Өйткені, шынайы ниетпен айтылған сөз ғана жүрекке жетпек. Ал насихат тыңдауға жиналғандар да өздерінің менмендігін басып, тақырыпты жеткілікті біліп тұрса да кішіпейілділік танытып, Алла үшін деп келуі тиіс. Неге десеңіз, толы ыдыстың су қабылдамағаны не судың тасқа сіңбегені секілді менбілемдікке салынға адамға насихаттың пайда бермесі белгілі. Сахабалардан хазірет Аббас (р.а.) хазірет Омардың (р.а.) мешітте хұтба оқитынын естігенде Меккеде жүрсе, екі араның бес жүз шақырымдық жол екеніне қарамастан, күні бұрын келіп сол мешітке жайғасатын. Бұдан насихатқа көңілі құмар адамға ғана насихаттың пайда беретінін түсінуге болады.
Насихат Алла үшін айтылатындықтан, насихатта Алла туралы, Алланы сүйдіру туралы, екінші ретте елшісі туралы айтылуы керек. Ал «мүминдер үшін» делінгені сол мүминдерге діни ағарту жұмысын жүргізу, рухани сауықтыру көзделуі тиіс. «Насихат» сөзі шынайылықты, берілгендік пен адалдықты білдіреді. Ендеше, «дін – насихат» деген сөзді дін деген шынайылық таныту, ықыласты болу, өзгелердің жақсылығын ойлау деп түсінуге болады. Насихатты кез келген адамның қажетсінетіні белгілі. Көбіне жанашыр жандардың тəлімді кеңесі мен дұрыс ақылы өмірде қателеспеуге, адамшылықтан қия баспауға, əрі-сəрі күй кешкен екіұдай жағдайларда оң шешім қабылдауға себеп болады. Ал, қателік пен күнəнің алдын алып, біреудің жақсылығына себеп болудың үлкен сауап екені белгілі. Бəлкім, Құрандағы «Сен насихат айт, ол мүминдерге пайда береді» дегенде де осы меңзелген болса керек.
Құдайберді БАҒАШАР,
исламтанушы