Қыстың қақаған бір күні Франциск Арыстан атты жолдасы екеуі Перузадан Порционкюлге қарай сапарға шықты. Күннің суықтығы сондай: тістері тістеріне тимей қалшылдап келеді. Бір кезде Франциск алдында кетіп бара жатқан Арыстанды тоқтатып, былай деді: «О, Арыстан бауырым, Құдай Тағала бауырларымызға бүкіл жер бетінде әулиелік өмірдің үлгісін көрсетуді нәсіп етсін! Алайда, жазып қойшы: нағыз қуаныш бұл емес».

Арада біраз уақыт өткен соң Франциск Арыстанды қайта шақырды. «Арыстан бауырым, тағы жазып қойшы: егер де біздің бауырларымыз науқастарды емдеп, жындарды қуса да, соқырлардың жанарын қайтарса немесе өлгендерді тірілтіп жатса да – жазып қой: бұл да нағыз қуаныш емес».

Тағы біраз жүрген соң Франциск Арыстанға былай деді: «Арыстан бауырым, тағы да жаз: егер де біздің бауырларымыз барлық тілдерді, бүкіл ғылым мен барша қасиетті жазбаларды білсе де; болашақ жайлы сәуегейлік жасап, тап басып айтқанымен қоймай, ар-ұят пен жанның бүкіл құпияларын білсе де – жазып қой: бұнда да нағыз қуаныш жоқ».

Жолды біраз еңсергеннен кейін Франциск Арыстанды қайта шақырды. «Уа, Құдайдың құлы Арыстан бауырым, тағы жазып қойшы: егер де біз періште тілін меңгерсек те; жұлдыздар ағысын біліп, бізге жер шарының бүкіл байлығы ашылса да; құстар мен балықтардың, барша жануарлар мен адамдардың, ағаштар мен тастардың және сулардың тіршілік құпиясын танып-білсек те  – жазып қой: бұл да нағыз қуаныш емес».

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Қытымыр» сөзі қайдан шыққан?

Аз уақыт өткен соң Франциск Арыстанды тағы тоқтатты. «Былай деп жазып қойшы: егер де біз сондай ғажап уағызшы болып, бүкіл бұтпарастар мен кәпірлерді дінге кіргізсек те – жазып қой: бұл да нағыз, толымды қуаныш емес».

Сол кезде шыдай алмаған Арыстан таңырқай сұрады: «Уа, Франциск бауырым, нағыз қуаныш неде сонда?!»

Аз ойланған Франиск былай деп жауап беріпті сонда: «Ол мынада, бауырым: біз Порционкюлге шаршап-шалдыққан күйде жетіп, суық пен аштықтан қалшылдап, дірілдеп тұрып, дарбазаны қаққанда, күзетші: «Ей, елді алдап, қалтасын қағып жүрген қаңғыбас немелер, жоғалыңдар ары!» – деп балағаттап, есікті ашпай қойса. Сол кезде біз оған ренжімесек және кішірейген түрде, сүйіспеншілікпен: «Ол дұрыс айтады, оған бұл сөзді Құдай айтқызып тұр, осылай істетіп тұр» деп ойлай алсақ әрі аш-жалаңаш бүрсең қағып таң атқанша қар мен судың астында далада қалсақ та, көңілімізде күзетшіге қатысты еш реніш, титтей де кінәлау болмаса – міне, толымды бақыт, татитын қуаныш сол болмақ!»

Лев Толстой «Круг чтения»

Аударған Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

Пікір жазу