Сұрақ: Пайғамбардың (с.ғ.с.) христиандармен жасаған Наджран келісімі туралы айтып берсеңіз?

Жауап: Бұл оқиға ислам дінінің басқа дін өкілдерімен өзара келісімге отырғандығын дәлелдейді. Бүгінде әлемде болып жатқан дінаралық келісім мен бейбітшілік, конфессияаралық сұхбаттардың бастауы – осы Наджран келісімі деп айтсақ артық болмас.

Пайғамбар дәуірінде Наджран – Йеменнің солтүстік шекараларында орналасқан айбатты, жүз мындаған әскері бар христиан өлкесі болатын. Алла елшісі (с.ғ.с.) араб жазирасының саудасында өзіндік орны бар бұл елдің дінбасына исламды насихаттап, елші жібереді. Халқымен ақылдаса келе епископ Мединаға құрамы 14 адамнан тұратын делегация жібереді.

Бұлардың ішінен пайғамбарға (с.ғ.с.) келісім үшін дін қызметкері Абду Харис ибн Алқам мен дәулетті Кураз ибн Алмақом келеді. Алғашқыда үлде мен бүлдеге оранған бұл екеуін (үстерінде жерге сүйретілген қымбат маталы шапандары, қолдары толған алтын сақиналар) пайғамбар (с.ғ.с.) құзырына қабылдамайды. Кейін мұны түсінген олар киімдерін ауыстырып келіп, қабылдауға кіреді. Әуеліде Нажрандық елшілер пайғамбармен (с.ғ.с.) көп пікір тартысады. Бұл туралы «Әли Имран» сүресінде де айтылады. Кейін  өздерінің христиан діндерінде екенін айтып, мұсылмандармен бейбіт келісімге отыратындарын мәлімдейді. Өйткені мұсылмандардың саны күннен күнге артып келе жатқан еді. Нажран келісіміне сәйкес, олар мұсылмандардың қорғауында болады, діндері мен мәдениетіне, шіркеулеріне, салт-дәстүрлеріне зиян келмейді, тиісті мөлшерде салықтарын төлейді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Алладан жарылқау тілеудің арнайы дұғасы бар ма?

Мәдинеде қалған бірнеше күн ішінде Нажран елшілері мұсылман халқының арасында өздірінің амандықта болатындарына көз жеткізді. Еркін отырып-тұрып құлшылықтарын жасады.

Бұл келісімнен алатын өнеге көп: халықтар арасындағы бейбітшілік, конфессияаралық келісім, дінаралық сұхбат және тағы да сол сияқты. Елімізде дәстүрлі түрде әрбір үш жыл сайын өтіп отыратын «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі» осының бүгінгі күнгі көрінісі іспеттес.

Жалғас Садуахасұлы

Пікір жазу