Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Нұр-Сұлтан қаласының қажыларына арналған дайындық дәрістері басталды.

Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан дәрістің негізгі мақсаты – бес парыздың бірін өтеуге ниет еткен елордалық жамағатқа қажылық ғибадатының қыр-сырын үйретіп, қасиетті мекендегі сапарларының сауапқа толы өтуіне септігін тигізу.

Осы орайда дайындық дәрістерінің алғашқы сабағын өткізген «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев  жамағатқа жалпы қажылық ғибадаты мен оның шарттары жөнінде, қажылық парыздары турасында түсініктеме беріп, қажетті ақпараттарға қанықтырды.

Арнайы бекітілген кесте бойынша болашақ қажыларға бүгін бірден екінші дәріс өтіп, «Әлжан» мешітінің бас имамы Әділхан Серікбай «Тәлбия, Миқаттар, Ихрам» ұғымдарын кеңінен түсіндіріп өтті. Дәріс барысында қатысушыларға арнайы видео сабақтар ұсынылып, дайындық процесі көрнекілік құралдарымен жандана түсті.

Қос сабақтың да соңы жамағаттың сұрақтарымен жалғасып, қажылық ғибадатының қыр-сыры егжей-тегжейлі баяндалды.

Айта кетейік, қажылық сапарына дайындық дәрістері 18 шілдеге дейін жалғасады. Дәрістердің тақырыбын мына сілтемеден көре аласыз.