Данияр Нұртаза – Нью-Йорк қалалық полиция депар­та­ментінің офицері. Інісін оқыту үшін Америкаға ілесе барған ол бала күнгі арманы – полиция қызметкері атану үшін кәсіп­кер­ліктен бас тартқан. Нью-Йорктің үш миллионға жуық адам тұра­тын Бруклин ауданындағы мет­ро­да толғағы қысқан әйелді босан­ды­рып алуға көмектесіп, БАҚ на­зарына іліккен. Америкадай алып елде арманына жеткенше ты­ным таппай, жұмыс істеген, өмірі шырғалаңға толы Даниярға ха­барласып, әңгімелескен едік.

– Полицей қызметіне дейін көлікті тұрақ­қа қоюшы, даяшы болып жұмыс істеп, тіпті жеке кәсіпкерлікпен ай­на­лысқан екенсіз. Нью-Йорк қаласының полиция департаментіне қалай жұ­мысқа тұрғаныңыз туралы сұрамас бұрын, Алматыдан Америкаға қалай барғаныңызды білгім келеді. Өзгелер секілді сіз де Америкаға арман қуып аттандыңыз ба?
– Әсте олай емес. Америкада тұруды еш армандамағанмын. 2002 жылы мектеп бі­тірген інім Колумбия университетінде оқы­ғысы келді. Мақтанғаным емес, бірақ інім – өте талантты жан, математикадан олим­пиадаларға қатысып, жүлделі орын­дар иеленген. Отбасымызбен ақылдаса келе, оқимын, талпынамын деген баланы бе­тінен қақпай, керісінше қолдау біл­ді­рейік деп шештік. Оның үстіне, оны бөтен елге жалғыз жібергіміз келмеді. Оған қоса, інімнің оқу ақысын төлеуді өз міндетім деп санадым.

Ол кезде мен жиырма жаста болатынмын. Сөйтіп, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқып жатқан оқуымды тастап, осында келіп, жұмыс істедім. Бастапқыда бейнетаспа сататын салонда жұмыс істедім. Қолым қалт еткен уақытта ағылшын тілін үйрететін оқу­лық­тар арқылы тіл үйреніп, ойымды еркін жет­кізетін, өзгелердің айтқанын қалтқы­сыз түсінетін болдым.

Сосын автокөлікті тұ­раққа қоюшы болып жұмыс істедім. Кейін­нен даяшылар жақсы жалақы ала­тынын естіп, «Баку» мейрамханасына жұ­мысқа тұрдым. Даяшы болып жұмыс істеп жүріп, жергілікті университетте туризм мамандығы бойынша білім алдым. Диплом алған соң, Delta әуекомпаниясына клиент­терге қызмет көрсету бөлімінде бес жыл бойы еңбек еттім. Мұнда жүріп көп нәр­сені, әсіресе адамдармен қалай тіл табысу керек екенін үйрендім.

– Сол екі аралықта Қазақстанға кө­лік әкелумен айналысқан екенсіз. Қолға алған бұл ісіңіз неліктен кейін­нен тоқтап қалды?

– Иә, Нью-Йорк қалалық уни­вер­си­те­тін­де маркетолог мамандығында оқи жү­ріп, Қазақстанға көлік әкелумен айна­лыс­тым. Бұл істе Алматыдағы жақын дос­та­рым маған көп көмектесті. Бұл кішігірім биз­нес бірте-бірте ұлғайып, үлкен кәсіпке ай­налды. Сосын бұл іске осында жүрген қа­зақтарды жұмылдырдым. Сондай-ақ, ел­дегі азаматтарды да іске тарттым.

Бірақ Қа­зақстан Кеден одағына кіргеннен кейін автобизнестен біржола қол үзу керек еке­нін түсіндім. Бұл қанша жерден табысы мол кәсіп болса да, заңды түрде жұмыс істеуіме мүмкіндік беретін әрі жаныма жа­қын қызметпен айналысқым келді.

– Жаныңызға жақын полиция қыз­меті болып тұр ғой сонда…

– Иә. Негізі, мен құқық қорғау о­р­ган­дарын­­да жұмыс істеуді бұрыннан ар­ман­дайтынмын. Әкем мен анамның туыс­тары­ның арасында полиция мен әскери салада қызмет атқарғандар да бар. Бала кезде сол кісілерге қатты еліктейтінмін. Оған қоса, Алматыдағы көрші тұрған полицияның та­панша қабын тексеріп, формасын киіп жат­қанына қызыға қарап, «Мен де осы кісі се­­кілді полицей болсам ғой!» деп ар­ман­дап, қиялға берілетінмін.

Есейген соң бұл істі шындап қолға алу кеш емес екенін өзі­ме үнемі айтып жүрсем де, әркез кейінге қал­дыратынмын. Бірақ кәсіпкерліктен қол үзген соң, сол арманды мақсатқа айнал­дыратын кез келгенін түсініп, поли­ция академиясында оқуға түсуге бел бу­дым.

«Академияға оқуға түсу» деп айта салу оңай, негізінен сол академияға қабылдану үшін өте күрделі байқаудан өтуің қажет. Онда бір орынға 15 адам таласады. Ал­ды­мен есте сақтау, байқампаздық қабілетін тек­серетін тестілеуден өтіп, соңында пси­хо­логиялық тест тапсырдым. Емтиханнан жо­ғары балл алған соң, физикалық емти­хан­нан өттім. Біраз салмақтан сол кезде арылдым (күліп).

Негізі, үміткерлердің ба­сым көпшілігі психологиялық және фи­зи­калық тестілеуден өте алмай қиналып, ақырында оқудан шығып тынды. Негізі, біз, қазақтар жан аямай күресе білген жауын­гер, жылқы мінездес халықпыз ғой. Сол мінез, сол дала өмірінің дағдысы қиын тап­сырмаларды орындап, қауіпті сынақ­тардан өтіп, түрлі қиындықтарды еңсеруге септігін тигізеді. Сол себепті полиция қыз­меткерлері қатарына қосылу үшін барым­ды салып, тырысып бақтым. Жалпы айт­қан­да, полиция департаментіне жұмысқа тұру үшін 4 жыл уақытым кетті.

Dizayn bez nazvaniya 20
– Бруклин ауданындағы метрода аяғы ауыр әйелді босандырып алуға кө­мектескеніңіз туралы америкалық жә­не қазақстандық БАҚ жарыса жаз­ды. Бірақ сіз көпшіліктен мұны ерлік деп санамауын өтініп, бар болғаны аза­маттық парыз деп түсінуі қажет еке­н­ін айтады екенсіз.

– Дәл солай. Мен мұны көпшілік айтып жүргендей ерлік деп есептемеймін. Мұндай жағдайда кез келген адам менің орнымда болса, дәл осындай қадамға барар еді. Жал­пы, бұл – өте сирек кездесетін жайт.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Гауһар ОМАРХАНОВА: Парсы әлеміне қазақ руханиятын танытқым келеді

Сол кез­де метро стансасындағы патрульдеу бе­ке­тінде тұрғанмын. Диспетчер рациядан стансада аяғы ауыр әйелдің толғағы кел­генін айтып, барып көмектесуімді сұрады. Метро аймағы үлкен болғандықтан, оны іздеу біраз уақыт алды. Іздеп жүргенде же­дел жәрдем қызметкерлерінің Нью-Йорк­тегі ұзын-сонар кептеліс салдарынан мет­роға тез арада келе алмайтынын түсін­дім.

Бізге академияда баланы босандырып алу үшін не істеу керек екенін үйреткен бо­латын. Метродан көшеге шыққанша сол нұсқаулықтарды еске түсіруге тырыстым. Көшеге шықсам, көмекке шақырылған фе­льдшер жігіт те әлгі әйелді таппай жүр екен. Бір мезетте айқайлап, көмек сұраған әйелдің дауысын естідік. Әлгі әйел емханаға бара жатса керек, бірақ толғағы қысқан соң, пойыздан түсіп қалып, сол маң­да орналасқан құрылғыдағы Help ба­тыр­масын басқан. Көмек келгенше шы­да­май, далаға қарай көтеріліп, такси ұстамақ бо­лыпты. Сөйтіп, фельдшер екеуіміз бала­ны аман-есен босандырып алуға көмек­тескеніміз бар.

– Дегенмен басшылық елеп-ес­ке­ріп, марапаттаған болар?

– Басшылық өзім тікелей жауапты емес істі атқарғанымды бағалады. Ол жердегі ме­нің басты міндетім – метродағы бекетті патрульдеу. Біз күн сайын небір қылмыс­тың бетін ашамыз, жоғалған адамдарды табамыз, жазатайым оқиғаларды тергеп-тексереміз.

Тиісінше күн сайын ондаған адам бізді алғысқа бөлеп жүреді. Біз бұл қыз­метті адамдарға көмектесу үшін таң­дадық. Сол себепті көрсеткен әр көме­гі­мізді міндет санап, ерлікке балап жат­қан­дарға марқайып, кеудемізді керіп кетсек адам­дығымыздан не қалады?!

– Сіз бақылайтын ауданда ең көп та­ра­­ған қылмыс түрi қандай?

– Біздің жұмыста күн сайын, тіпті са­ғат сайын неше түрлі күтпеген жағдайлар бо­лады. Тиісінше әртүрлі қылмыстық құ­қықбұзушылықтарды көресің. Сон­дықтан мынадай қылмыс көп жасалады деп кесіп айту қиын. Әлбетте, жұмысқа әркез «Бүгінгі жұмыс күнім шытырман оқиғасыз, оңай өтсе екен!» деп шығасың, бірақ мұндай жұмыс қарқынына етім үйреніп алды.

Академияда оқып жүргенде төзімділік пен күш-жігерімізді тексеріп, әбден сынақтан өткізді. Соның көп көмегі тиіп жатыр. Мұнда «академияны бітірдің, ары қарай өз бетіңше жетіл» деген әңгіме жоқ. Полицияда қызмет етіп жүргеніме жеті жыл болса да әлі күнге дейін небір тренингтерге жіберіп, кәсіби тұрғыда жетілуімізге көп көңіл бөлінеді. Өйткені қа­ласақ та, қаламасақ та әлем өзгеріп жа­тыр. Біз сол өзгерістер салдарынан туын­дай­тын өзекті мәселелерден хабардар бо­лып, құқықбұзушылықтың алдын алуымыз қажет.

Dizayn bez nazvaniya 22
– АҚШ-та тұрғындардың құқық қор­ғау органдарына сенім деңгейін зерттеумен айналысатын Гэллап инс­титуты ұсынған дерекке сенсек, аме­рикалықтардың 48 пайызы поли­ция­ға сенім артады екен.

– Америкада полицияға біржақты көз­қарас жоқ. Нью-Йорк – көпұлтты қала. Бұл бір жағынан жұмысқа оң әсерін тигізеді. Бірақ мен кейбір халықтың салт-дәстүр­лері мен әдет-ғұрыптарын түсінбей, дал бо­ламын, әсіресе әйелдер мен балаларға, сон­дай-ақ қарт кісілерге деген қарым-қа­ты­­насын көріп, таңғаламын.

Бірақ қызмет барысында көбіне жағымды тұстарға көңіл бөлуге, әр нәрсенің тек жақсы жағын көруге тырысамын. Менің міндетім – тұр­ғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал тұрғындардың басым көпшілігі мұны жақ­сы түсінеді. Ең бастысы сол.

Rozovyy i Kremovyy Akvarel Letyaschiy SHrift Svadebnyy Rassadki Plan 12 1– Өзіңіз секілді Нью-Йорк поли­ция­сында жұмыс істейтін тағы бір қа­зақ Димаш Ниязовпен қызмет ба­бы­мен талай мәрте кездескен болар­сыз. Жұмыстан тыс уақытта да бас қо­сатын боларсыздар?

– Иә, Димашпен жұмыс барысында бір­­­неше рет кездескенбіз. Одан бөлек, оның шар­шы алаңда өткізген барлық кездесуіне ба­рып, жанкүйер боламын. Ара-тұра осын­да өтетін іс-шараларда да кездесіп қала­мыз, үнемі байланыстамыз. Мен секілді Нью-Йорк полициясында қызмет ете­тін­дік­тен, әрі ұлтымыз қазақ болғандықтан екеуімізге ортақ дүние көп екені айтпаса да түсінікті.

Жалпы, мен осындағы Қа­зақ­стан елшілігі немесе қазақтар ұйым­дас­ты­ра­тын іс-шаралардан қалмауға тыры­са­мын. Америкаға келіп, өзгеріп кеткен түгім жоқ. Елден жырақ жүрсем де, кіндік қаным тамған жермен байланысым үзілген жоқ, үзілмейді де.

Мейрамханада даяшы болып жұмыс істеп жүрген кезде тамақтануға кел­ген екі жігіт менің Қазақстаннан еке­нім­ді білгенде бас салып құшақтап, көз жа­­­сына ерік беріп, егіле жылағаны бар. Сөйтсем, ол екеуі Қызылордада туған ағайын­ды еврей жігіттер екен. Екеуі осын­да он-он бір жаста көшіп келсе де, бәрібір аң­сары Қазақстанға ауып тұратынын ай­та­ды. Қарап тұрсаң, екеуінің де жағдайы жа­­ман емес, үлкен кәсіпті дөңгелетіп отыр. Бі­рақ олар үшін Отан ол – Қызылорда. Мен үшін де Отан – Қазақстан. Қазақ бо­лып тудым, қазақ болып қаламын. Қайда жүр­сем де, құласам демеп, тұрсам қолдай­тын туған жер бар екенін жақсы білемін.

Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Пікір жазу