Сұрақ: Нәпсімен күресу деген не?

Жауап: Нәпсімен күресу дегеніміз, адамның өзін-өзі тәрбиелеуі. Нәпсімен күрес – жиһад атаулының ең ұлығы. Өйткені нәпсінің жақсы көретін нәрселері – құмарлық, тойымсыздық, жалқаулық, бейқамдық, рахат өмір сияқты т.б.

Нәпсінің қалауына қарсы күресу – нәпсі үшін ең қиын әрі ұнамсыз іс. Сол үшін Алла Тағала нәпсімен қүресуге жігерлендіріп, оны жеңген адамға жәннатты уәде етеді:

«Кім өзінің нәпсісін тыйса, оның барар орны жәннат» (Назиғат: 40-41).

Ал енді керісінше пенде нәпсісін тазартып, шыңдаудың орнына оның құлы болып, бойындағы құмарлықтың айтқанына көніп, айдауында кетсе, оның түбі орны толмас қасіретке айналады.

Құранда мынадай аят бар: «Алланың жолында лайықты күреспен күресіңдер» (Хаж: 78).

Ибн Мүбарак осы аяттағы «күресу» сөзін нәпсімен күрес деп түсіндірген. Аяттың өзінде де нәпсімен кұрескенде селқос қарамау керектігін, мұқият әрі абай болу қажеттілігі айтылады. Өйткені нәпсімен күрес – қауіпті.

Жәбірден жеткен риуаятта сахабалар ұрыстан жеңіспен оралады. «Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Жеңіспен оралдыңдар! Сендер кіші жиһадтан үлкен жиһадқа келдіңдер – дейді.

Сахабалар:

– Уа, Расулулла! Үлкен жиһад деген не? – деп сұрайды.

Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Ол – пенденің өзінің нәпсісімен күресі – дейді».

Сол сияқты Әбу Сағид әл-Худри (р.ғ.) келтірген риуаятта пайғамбарға (с.ғ.с.) бір бәдауи келіп:

– Уа, Расулулла! Адамдардың ең жақсысы кім? – деп сұрайды.

Сонда пайғамбар (с.ғ.с.):

– Ең жақсы адам – нәпсісімен күрескен мүмин, сосын – тау тастардың арасында оқшауланып Раббысына құлшылық еткен адам – дейді.

Жалғас Садуахасұлы

Пікір жазу