Біз еліміз үшін, жұртымыз үшін тарихымызды, мәдениетімізді, санамызды, ғұрпымызды өзіміздің тіліміз арқылы ғана жеткізе аламыз. Қазақтың кейбір сөз оралымдарын, Абайдың сөз өрнегін басқа тілге, мәселен, орысшаға, ағылшыншаға аударып көрші. Ол мүмкін емес. Себебі тілдің өз қасиеті бар. Сондықтан тіл жоғалатын болса, сол қасиет те жоғалады. Сол сияқты біз тәуелсіздік жылдарында дінімізге қайта оралып жатырмыз. Қарап отырсаң, қазақ ешқашан дінінен айрылып көрген емес. Ешқандай уақыт үзілісі болмағандай, дінімен қайта қауышты да, әрі қарай жалғастырып жүре берді. Бұрынғыдай қорықпай, жасқанбай, дінге бас иіп, Құдайға құлшылық етіп, мешіттер салып жатырмыз. Қаншама азаматтарды – білімді, дінді насихаттайтын молдаларды дайындап келеміз. Осының барлығы дұрыс қой, дініміз де, дәстүріміз де қазаққа керек, әрине. Дегенмен, тек біздің дініміз ғана дұрыс екен деп жүрген басқа елдердің жағдайы мүшкіл болды. Мысалы, бір мұсылманның ішінен сүннит пен шиит болып бөлініп, қан төгіп жатқан халықтар қаншама? Бір діннің ішінде өзара ұғыспай, ағымдармен келіспей, соғысып жатқан католиктер қаншама? Сондықтан біз абайлауымыз керек. Біздің дініміз керемет, басқа діндердің керегі жоқ демеген жөн. Біздің дініміз – өзіміздің дініміз. Бірақ басқаны да үйренуіміз, білуіміз, сыйлауымыз, құрметтеуіміз қажет. Сонда мұсылманның діні де құрметтелетін болады. Дінге бас ұрып жүріп, біз оның теріс жағына түсіп кетпеуіміз керек. Бізге зиян келтіретін дін ағымдары бар. Қан төгіп, соғыспен, дінмен мемлекет орнатып, мемлекеттік дін жасаймыз деп жүргендер бар. Баяғы Мұхаммед пайғамбардың сахабалары тұсындағы, Әбубәкір, Омар, Осман, Әлидің кезіндегі халифатты қайтадан орнатамыз деген ұмтылыс жаулап алу ниетінен туған болатын. Біз бұдан ажырап, дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек. Құранның қасиетті үкімдерін орындау үшін кемтарларға көмектесу, бір-бірімізге жанымыз ашу, бауырмал болу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеп өсіру, Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендеткен жөн. Сонда діннің мемлекетке зор пайдасы, үлкен қамқорлығы болады. Ол елдің басын біріктіреді. Міне, осындай исламды құрметтеуіміз керек.
Екінші жағынан, елдің барлығы мешітке барады екен деп, оларға топырлап көп адам ілеседі. Менің мәліметім бойынша, Қазақстан халқының 60 пайызға жуығы ислам дінін қолдайды. Соның ішінде нағыз дін ұстанып жүрген халықтың мөлшері 20-25 пайыздан аспайды. Тобырмен жүргендер де бар ішінде. Бұл да жақсы, барып үйрене берсін. Дегенмен, мешітке барған, қажылық жасаған дұрыс екен деп құр әншейін сән көріп жүрмесе болды. Осы күні қалтасында ақшасы болса, ұшаққа отырып, қажылық жасап қайтатындар көбейді. Заманның ағымына байланысты ол да дұрыс шығар. Бірақ қажылықтың қасиеті басқада. Оған жолдың азабын көріп, бірнеше ай жүріп баратын болған. «Абай жолы» романынан Құнанбайдың жасаған қажылығы жөнінде оқыдыңдар ғой. Ойлап қараңдар, ол кезде ат арбамен қаншама ай жүріп, жол қиындығын тартып, әзер жететін. Сондықтан дінге бас иетіндер шын жүрекпен, әділеттілік үшін, имандылық үшін барса деп ойлаймын. Құдайға шүкір, дініміз өзіміздікі, қолымызға тиді. Қазір бізге ешкім одан алшақта деп айтпайды. Әркімнің өз еркі бар. Бірақ осыны дұрыс жолмен жүргізуіміз керек.
(Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ұлытау төріндегі сұхбатынан)
Akorda.kz сайтынан алынды