Сұрақ: Мұсылман ғалымдары тек дінмен шұғылданды ма?

Жауап: Мұсылман ғалымдары тек діни пәндермен, дін ғылымдарымен ғана машғұл болды деп түсіну үлкен қателік. Олар адам мен Құдай бұл дүние мен ақырет, күнә мен сауап сияқты діни мәселелермен бірге мемлекет, қоғам, билік, бірінші басшы, мемлекеттік қызметші, қоғам мүшелері, азамат, құқық, дін және мемлекет, дін және билік іспетті және т.б. салаларға терең көңіл бөлді.

Аталмыш ұғымдар мен құрылымдар, бүгінгі мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, органдар мен институттар бүгін пайда болған дүниелер емес. Бұлар ертеден бар. Бұларға қатысты ғалымдар қанша ғасыр бұрын талдау жасаған, оларға іргелі әрі құнды зерттеулерін арнаған.

Мысалы, мемлекет, билік жүйесі, азаматтық қоғам, мемлекеттік қызметші сияқты мәселелерге зерттеулерін арнаған ғалымдардың бірі, әлемде Екінші ұстаз атанған ғұлама – әл-Фараби. Ғалымның көптеген шығармаларының ішінде әйгілі «Әл-Мәдинату әл-фазилә» (Қайырымды қала тұрғындары) және «Әс-Сиясату әл-Мәдәния» (Азаматтық саясат) атты трактаттары бар.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Ислам бай адамды мүсәпір секілді киінуге шақыра ма?

Бұл шығармаларында ғалым жоғарыда айтып өткен ұғымдардың әрбіріне кеңінен талдау жасайды. Қоғамдағы азаматтардың әдетте қанша топқа бөлінетіні, отанды қорғайтын қарулы әскердің болу қажеттілігі, мемлекеттің негізгі функциялары секілді мәселелерді түсіндіреді. Тіпті, мұнда мемлекеттік қызметшінің «Ар-намыс кодексі» немесе «Қызметтік этикасы» да қамтылған. Әл-Фарабидің тілімен айтқанда «Бірінші басшыдан» бастап, қоғамдағы қарапайым азаматтың қарым-қатынас жасаудағы әдептілік нормаларын жазып көрсеткен.

Ал енді, «Худжату әл-ислам» (исламның айғағы) атанған мұсылман теологы Әбу Хамид әл-Ғазали мемлекет пен қоғам азаматтарына «Насихату әл-Мулук» (Патшаларға кеңес) шығармасын арнайды. Кітаптың аты айтып тұрғандай, мұнда билік иелеріне, басшыларға қызмет барысында мемлекеттік қызметші ұстануы тиіс этика, әдептілік нормалары айтылады.

Басшының тәкәппарлық, зұлымдық сияқты жаман мінездерден сақтануы, кісі ақысын жемеуі, өзгенің құқығын қорғауы керектігі айтылады. Осылайша мұсылман ғалымдары демократиялық азаматтық қоғамды қалыптастыру негіздерін теориялық түрде талдап, практикада қолданудың әдістерін ұсынады.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу