Қазақтың салты мен дәстүрі, мәдениеті мен өнері де Ислам дінінің шеңберінде қалыптасқан бай дүние. Алайда, кейін жан-жақтан шабуылдаған өзге мәдениеттердің ықпалымен кейбір «современный» салттарымыз шариғат шеңберінен шығып кетіп жатқаны жасырын емес. Мен бұған Түркістандағы Қожа Ахмед Ясауи кесенесіне барғанда тағы бір көз жеткізгендей болдым.

Жуырда қазақ даласындағы көз тартар құнды да көне жәдігерлердің бірі саналатын кесенеде болып, іші-сыртын аралап көрдім. Сонда мені таңғалдырған жәйттердің бірі – кесене жанындағы орта ғасырларда салынған монша еді. Біздің ата-бабаларымыз іске шорқақ болған дегенді айтуға ауыз бармайды. Ежелгі Отырарда да жерасты су құбырлары, монша жұмыс істегенін тарихтан жақсы білеміз.

Түркістандағы монша ХҮІ ғасырда салынып, 1965 жылға дейін жұмыс істеген екен. Іші тас еденнің астындағы қыш құбырларға түтін айдау арқылы жылытылған. Жуыну бөлмесінен өзге уқалау, яғни массаж жасау бөлмесі де болған. Бұны көріп, қазақтың массаждың пайдасын сол замандарда-ақ білгендігін естіп таң қалыстық. Өкінішке орай, өткен ғасырдың 60-жылдары Алматыда Арасан моншасы салынатын кезде, Түркістан моншасының астындағы құрылысты тексеру үшін қазған екен. Сол қазғаннан моншаның қызметі бұзылып, істен шыққан. Жаңа Арасан үшін көне Түркістандағы монша құрбандық болды. Кейін монша мұражайға айналдырылған.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Данияр ИМАШЕВ: Қазақты ұлт ретінде сақтап қалатын бір күш болса, ол – Ислам!

Менің айтайын дегенім, осы көне моншадағы адамдардың шомылу мәдениетіне қатысты. Ол кезде мұсылмандар моншаға беліне дейін жапқышпен оранып түскен екен. Бұл шариғат талабы екендігі даусыз. Адамның әурет жері әркез жабық болуы тиіс. Еркек әйелдің не әйел еркектің ғана емес, тіпті еркек еркектің де әурет, яғни ұятты жеріне қарау – күнә. Міне, орта ғасырдағы Түркістан моншасында осы шариғат талабы дұрыс орындалған.

Ал бүгінде ше? Кеңес үкіметі келіп, дінді ұмытқан біз, шариғат талабын да есімізден шығарып алдық. Қазіргі қалалық моншаларда қырғын адам бірге тырдай жалаңаш шомылады. Ол ол ма, еркектер моншасындағы киім шешетін жерде әйелдер жұмыс істейтінін қайтерсің?! Мұның бәрі Ислам дінінің талаптарын аяқ асты ету екендігі даусыз. Көшеге шыққанда үстіне киім киіп, ұятты жерлерін жауып жүретін адамдардың моншаға кіргенде ұят дегенді жайына қалдыруын өз басым құптамаймын.

Халық арасында Ислам дінінің өріс алуымен, осы мәселе де шариғатқа сәйкестендірілсе деп үміттенеміз.

Мұхаммед Әли

Пікір жазу