Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.  

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!  

Құбыла сөзінің тілдік мағынасы «тарап, бағыт» дегенді білдіреді. Ал шариғи мағынасы – намаз оқу, азан шақыру кезінде мұсылмандардың Меккедегі Қағба тарапына бет бұруы.

Намазды құбыла тарапына қарап оқу – парыз. Себебі, Алла Тағала Құран Кәрімде: «(Намазда) жүзіңді «әл-Харам» мешітіне қарата бұр. Әрі қай жерде болсаңдар да (намазда тұрғанда) жүздеріңді сол жаққа қаратыңдар»[1] деген.

Қағбаны көріп тұрған адамға Қағбаға жүзін бұрып намаз оқу – міндет. Мекке қаласының тұрғындарына Харам мешітіне бет бұрып оқу шарт. Ал Мекке қаласынан тыс жерлерде тұратын мұсылмандар намазын құбыла тарапына бет бұрып оқиды. Құбылаға дәлме-дәл бет бұру шарт емес[2].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шығыс пен батыс аралығы – құбыла»[3], – деген. Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) келген риуаятта: «Қағбаны көріп тұрған адамның құбыласы – Қағба, Харам аймағындағы тұрғындардың құбыласы – Харам мешіті. Харам аймағы – менің үмбетімнің шығысы мен батысында тұратындардың құбыласы»[4], – деген.

Мекке қаласынан тыс жерлерде мұсылмандықты қабылдаған елдерге құбыла тарапты бекітіп беру сол елдерге дінді жаю мақсатында барған сахабалар тарапынан іске асып отырған. Бүгінгі күндегі сол елдердегі құбыла тарап кезіндегі сахабалар бекітіп берген бағыт бойынша келе жатыр.

Имам Әбу Ханифа (Алла оған рақым етсін) егер Иракта болса, батыс тарапты оң жағына, шығыс тарапты сол жағына қойып, солай намаз оқитын. Өйткені сахаба Омар (Алла оған разы болсын): «Батыс тарапты оң жағына, шығыс тарапты сол жағына қойып сол екеуінің арасында намаз оқыса, Ирак халқының құбыласы сол», – деген.

Сахабалар «Қорасанның құбыласы жаз мезгілінің күн батысы мен қыс мезгілінің күн батысының арасы» деп белгілеп берген. Әбу Мансур әл-Мәтуриди (Алла оған рақым етсін): «Егер құбыланы анықтағың келсе, күн ұзақ кездегі күннің батуына және күннің ең қысқа мезгіліндегі күннің батуына қарап, кейін оң жағыңнан үштен екісін, сол жағыңнан үштен бірін тастап, сол екеуінің арасындағы бағытқа қарап намазыңды оқы. Осы екі аралық – құбыла»[5], – деген.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Маңғыстау: Мешіттерінің жылдық есебі тыңдалды

Ибн Абидин (Алла оған рақым етсін) «Радду әл-Мухтар» кітабында: «Қағбадан аз ауытқу намазға зиян етпейді. Яғни намаз оқушының жүзі немесе жүзінің бір жағы Кағба тарапына бағытталып тұрса, намазы дұрыс болады»[6], – деген.

Алыс жерде тұратын мұсылмандарға заманауи құралдарсыз Қағбаны дәл тауып, бет бұруы қиын. Сондықтан құбыла тарапқа қарап намаз оқитын адам Қағбадан 45º-қа дейін оң немесе сол жаққа ауытқыған жағдайда намазы дұрыс саналады. Ал құбыланың қай жақта екенін біле тұра, 45º-тан артық оң немесе сол жаққа ауытқыған жағдайда намазын қайта оқиды.

Құбыланы дәл анықтайтын заманауи құралдарсыз тұспалдап салынған кейбір мешіттердің құбыласы Қағбадан 45º-қа дейін оң немесе сол жаққа ауытқуы намаздың дұрыстығын бұзбайды. Ондай мешітте оқылған намазға күмәнмен қарауға болмайды [7].

Ал егер мешіттің құбыласы 45º-тан артық оң немесе сол жаққа ауытқыған болса, оны дұрыстау қажет.

ҮКІМ:

1. Құбыла тарапқа бет бұрып намаз оқу – парыз.

2. Қағбадан 45º-қа дейін оң немесе сол жаққа ауытқыған жағдайда намазы дұрыс саналады.

3. Мешіт құбыласы 45º-тан артық оң немесе сол жаққа ауытқыған болса, оны дұрыстау қажет.

[1] «Бақара» сүресі, 149-150-аяттар.

[2] «Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/120.

[3] Тирмизи, Ибн Мажә риуаят еткен.

[4] Имам Байһақи риуаят еткен.

[5] «Әл-фәтауа Қазихан», 1/69-70 бет.

[6] «Хашияту Ибн Абидин», 1/430.

[7] «Din işleri yüksek kurulu, Fetvalar», 122-123 бет.

Пікір жазу