Мешіттің ішінде жүргенде сақталуы керек ережелер бар. Оны мешіт әдебі деп атаймыз. Құранда Ағраф сүресі, 31-аятта: « Уа, адам балалары! Әрдайым мешітке кірген сайын әшекейлеріңді тағыңдар (әурет жерлеріңді жабатын киімдеріңді киіңдер)», – деген. Яғни, мешітке әурет жерлерді жабатын киімдер киіп бару қажет. Мешітке оң аяқпен кіру керек. Мешітке кірген соң 2 рәкағаттық «Мешітпен сәлемдесу» намазы оқылады. Бұл намаздың үкімі сүннет болып табылады.
Оның тысында мешітте қатты дауыспен сөйлеуге, дауласуға, қарқылдап күлуге, сауда жасауға болмайды. Себебі мешіт құлшылық орны болып табылады. Адамдар намаз оқып жатқанда оларға кедергі келтірмеген жөн. Сондай-ақ жағымсыз иіс шығып тұратындықтан мешітке келердің алдында сарымсақ, пияз жемеген дұрыс.
Мешітке дәретсіз кіруге болады. Бірақ міндетті түрде бой дәрет, яғни ғұсыл дәреті болу керек. Мешіттің ішінде бос жер бола тұра адамдар жүретін жолға тұрып намаз оқуға болмайды. Ал егер жамағатпен намаз оқылатын болса, имамның артынан бастап оң жағы мен сол жағына кезектесіп қатарды толтыру керек. Қатарда тұрғанда бір сызықтың бойында, қатарды дұрыс сақтап тұру қажет. Дегенмен алдыңғы қатарлардағы бос орындарға өту үшін басқа адамдардың да мазасын алмаған дұрыс. Мешітте басқа істермен айналыспай, намаз, құран оқып, зікір айтып, дұға тілеп уақытты берекелі өткізуге тырысу керек.
“Мешітке дәретсіз кіруге болады. Бірақ міндетті түрде бой дәрет, яғни ғұсыл дәреті болу керек”.
Нақты не кіреді “Мешітке дәретсіз кіру” деген ережеге?
Мешітке кіргенде басқа адамдар намаз оқып жатқанда амандасып кіруге болады ма?