Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған Қазақы стильдегі мешіт құрылысы бойынша жұмыс тобының алғашқы мәжілісі өтті.

Жиынға ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы және жұмыс тобының мүшелері қатысты.

Алдымен сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Мешіт тұрғызуда әр халық өзінің сәулет өнері мен дәстүрін ескеріп, ұлттық нақышын көрсетуге тырысқан. Сондықтан еліміздегі мешіттердің де өзінің қазақы стилі болуы тиіс. Себебі бұл мешіттер ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып, халық игілігіне қызмет етеді» деп атап өтті.

Белгілі сәулетші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сағындық Жанболатов Діни басқарманың қолға алып отырған жобасын қолдайтынын айта келіп, арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Жұмыс тобына сәулетшілер Бірлік Ережепов, Есімбет Қапабаев, Қанат Құрғановты, Есенғали Ахметовті және мүфтият мамандарын қосуды ұсынды.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Еуразияда бейбіт және тұрақты болашақ қалыптастыруда зор серпіліс керек – Тоқаев

Сондай-ақ жиын барысында қазақы стильдегі мешіт жобасы мен макетін бекіту, мешіт құрылысына қатысты кемшіліктерді болдырмау үшін инженерлік жұмыстарды жетілдіру, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңына мешіт құрылысы бойынша бап немесе тармақ енгізу секілді мәселелер қаралды.

Пікір жазу