2021 жылы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға енгізілген түзетулердің арқасында мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық комиссияларға қоғамдық кеңестердің мүшелері алғаш рет қатысуда.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 3 қаңтарында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға бірқатар түзетулер енгізіп, олардың мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айтарлықтай кеңейтті. Олар қоғамдық кеңестердің мүшелерін сатып алу комиссияларының жұмысына тартуды көздейді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық кеңестер қызметі саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган ретіндегі мониторингі қоғам белсенділерінің ұйымдастыру және өткізу қағидаларының ережелерін ескере отырып, қоғамдық бақылау нысандарына кіріскенін көрсетеді.

Мысалы, қаржы мониторингі агенттігінің Қоғамдық кеңесінің мүшелері 5 конкурстық комиссияның жұмысына қатысты, ал отын-энергетика кешені мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелері Энергетика министрлігінің 14 мемлекеттік сатып алуын жүзеге асыруға қатысты.

Сондай-ақ, бүгінде агроөнеркәсіптік кешен, ішкі істер органдарының қызметі, мемлекеттік қаржы мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестердің мүшелері Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер және Қаржы министрліктерінің Мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссияларының құрамына енді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Індет жұқтырғандар саны 200 млн адамға жуықтады

Сонымен қатар, жұмыс еліміздің өңірлерінде де жүргізілуде. Осылайша, мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық кеңестердің мүшелері Жамбыл және Алматы облыстарының конкурстық комиссияларының құрамына кірді.

Бұдан басқа, қоғамдық кеңестер квазимемлекеттік сектор субъектілерін қоспағанда, Мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының іске асырылу мониторингінің нәтижелері туралы есептерді талқылауды тәжірибеге енгізді.

Денсаулық сақтау, мемлекеттік қаржы, отын-энергетикалық кешен мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестерде «Фармация» СК ЖШС, «Электрондық қаржы орталығы» АҚ, «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА, «Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы» АҚ сияқты ведомстволық бағынысты ұйымдардың есептері тыңдалып, олардың қорытындылары бойынша тиісті ұсынымдар берілді.

Пікір жазу