Салық пен зекет екеуі де материалдық тұрғыдан өтелуі тиіс міндеттілік болғанымен екеуінің арасында көптеген айырмашылықтар бар. Сондықтан салық зекеттің орнына жүрмейді. Енді сол айырмашылықтардың бір қатарын айта кетейік, мәселен, зекет мұсылмандарға Аллаға деген шүкіршілігін өтеу және Оған жақындау үшін бір құлшылық ретінде парыз болып бекіген. Ал салық төлеу құлшылықты білдірмейтін, толығымен қаржылық міндеттілікке жатады. Сондықтан зекетте ниет ету шарт, ал салықта шарт емес. Зекет шариғат тарапынан белгіленген діни міндет, ал салық ондай емес. Салық мемлекеттің ықтиярындағы бір міндеттілік. Зекеттің мөлшері нақты әрі тұрақты, ал салық мемлекеттің қажеттілігіне қарай өзгеріп отырады. Зекет арнайы 8 санаттағы жерлерге беріледі. Ал салық мемлекеттің негізгі қажеттіліктерін жабу мақсатында қолданылады. Зекет беру үшін қолдағы байлық нисап мөлшеріне жетіу тиіс, ал салықта нисап негізге алынбайды. Зекетте діни, рухани, тәндік, қоғамдық көптеген мақсаттары бар, ал салықта ол мақсаттардың бірқатары жоқ (У. Зухайли, әл-Фиқһул-ислами уә әдиллатуһу, т.3, 379-б.)
Салық – кез келген мемлекеттің негізгі кіріс көзі. Салық арқылы мемлекет өзінің көптеген қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық мәселелерін шешіп, азаматтарына жағдай жасап, тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сондықтан азаматтарынан салық алмайтын мемлекет жоқ. Зекеттің арнайы жұмсалатын жерлері белгілі және шектеулі болғандықтан ислам тарихында зекеттің тысында мемлекеттік қажеттіліктер үшін салықтар алына келген. Сондықтан «Мен салық төлеп жатырмын, зекет бермей-ақ қойсам болады»,– деу қалайша зекеттің жұмсалу мақсатына қайшы болғандықтан мемлекетке салығын төлеген адамның, одан тыс зекетін де беруі тиіс. Сонымен қатар «Мен зекетімді беремін. Сондықтан салық төлемей-ақ қойсам болады»,– деп салықтан жалтару да исламға жат. Салықтан жалтару кез-келген мемлекетте үлкен қылмыс саналады. Ал мұсылман баласының мұндай қылмысқа баруы, ислам дінінің негізгі мақсатымен үйлеспейді. Сондықтан зекет беру, салықтан жалтаруға себеп бола алмайды.