Осы орайда, мектеп оқушыларына аталған пәнді қалай оқытады, қандай маман иесі білім береді? Осы пәнге деген білім алушылардың қызығушылығы қандай?

Көптің көкейінде жүрген осынау сұрақтарға жауап алу үшін KazIslam  ақпараттық порталының тілшісі елордадағы №74 мектеп-гимназиясының 9-шы сынып оқушыларының «Зайырлылық және дінтану негіздері» сабағына қатысып, оқытушы  Гүлмира Базылбекқызымен әңгімелесіп қайтты.

Мұсаева Гүлмира Базылбекқызы – 20 жылдай тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Дінтану пәнінен сабақ беріп жүргеніне екі жыл болыпты. Бұл саланы оқыту үшін арнайы сертификаты бар. Ұстаздың айтуынша, жыл сайын «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсынан өтіп, сертификат алу қажет екен.

— Гүлмира Базылбекқызы, дінтану саласына келгеніңізге көп уақыт болмапты, жаңа пән қиындық тудырып жүрген жоқ па?

Аталған пәнді 9-шы сынып оқушыларына 2018 жылдан бастап оқытып келемін. Оқушылар бұл пәнді қызыға оқығандықтан, аса қиыншылықтар тумайды. Дегенмен, сабақ аптасына бір рет қана болатындықтан, кейде тапсырмаларды орындап үлгермей қаламыз.

— Сабақ беру барысында қай авторлардың оқулығын пайдаланасыз? Қосымша материалдарды қайдан табасыздар?

Біз жалпы орта білім беретін ұйымдарға ортақ Д.Т. Кенжетаев, Ә.Ә. Сайлыбаев, Ө.О. Тұяқбаев авторларымен шыққан «Зайырлылық және дінтану негіздері» атты оқулыққа сүйенеміз. Сондай-ақ ақпараттық-коммуникативтік технология бойынша, бейне-жазбаларды көрсетеміз, одан кейін дін туралы ақпарат беретін арнайы танымдық порталдардан тақырыбымызға сай керекті үзінділерін оқушыларға интерактивті тақтадан көрсетеміз.

Қосымша материал ретінде әр оқушыға сұрақтары бар қима қағаздарын таратамыз немесе баяндама әзірлеуге тақырыптар бөліп береміз. Соған байланысты оқушылар өз жауаптарын жазып, берілген тақырыпқа жүйелі баяндамаларын жазады.

— Дінтану пәні нешінші сыныптан бастап оқытылады?

Негізі бағдарлама бойынша, жылына 34 сағат берілген. Сабақ аптасына бір рет 9-шы сыныптарға жүргізіледі.

— Өз тәжірибеңізге сүйене отырып, осы пән оқушыларға қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?

Маңызы зор деп ойлаймын. Себебі қазіргі таңда әлемде болып жатқан әртүрлі қақтығыстар бәрімізді толғандыратыны сөзсіз. Дінге байланысты әлемдік және дәстүрлі діндердің жай-күйі, олардың өздерінің салт-дәстүрлері мен ұстанымдары балалардың санасына теріс ағымдардың жетегінде кетіп қалмас үшін жан-жақты дін туралы түсінігін қалыптастырады.

 

Сондай-ақ бұл пән біздің балаларымызға тәлім-тәрбие беруде, рухани құндылығын көтеруде, интеллектуалды дамуына үлкен үлесін қосады деп ойлаймын.

— Діни білім беруде қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыз?

Жалпы педагогикада қолданатын әдіс-тәсілдер өте көп. Соның ішінде жиі қолданылатындары: балық қаңқасы, іріктеу, бес саусақ, сканер, сұрақ-жауап, дұрыс-бұрыс, суреттеу әдістері. Балалардың білімін тексеруде тест жұмыстарын аламыз. Сондай-ақ топқа бөлініп, өзара сұрақ-жауап әдісін жиі қолданады. Әр сабақта түрлі әдістерді пайдалануға тырысамын. Ол оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады.

— Діни білімді алудан мүлдем бас тартатын оқушылар бар ма?

Біздің мектепте дінге деген қарсылық білдіретін оқушылар жоқ. «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнін оқудың маңызды екеніне өздерінің де көзі жетті. Бұл сабақ тек өз дінімізді, ділімізді білуге ғана емес, сондай-ақ, басқа өркениетті мемлекеттердің дінің, салт-дәстүрін, танымын білуге үйретеді. Оқушыларымыздың айтуы бойынша, болашақта ел-жер аралағанда бұл пәннің берер пайдасы мол деп ұғынады.

— Дінтану пәні мен жаратылыстану ғылымында адамзаттың жаратылу тарихы туралы қарама-қайшылықты қалай түсіндіресіздер?

Бізде «Адамзаттың шығу тарихы» деген тақырып бар. Онда үш тұжырым бар. Чарльз Дарвиннің пікірі, адам топырақтан жаратылды, үшінші биологиялық процесс, яғни, төменнен жоғары қарай микро организмдерден пайда болды деген ұғымдар. Бірақ та біз болжам жасау арқылы ғана түсіндіреміз.

— Оқушылар оған қалай қарайды?

Әрине, оқушылар діндегі көзқарасқа сенеді. Олар әр ғылымның өзінде ерекшеліктер мен айырмашылықтар бар екендігін ескеріп, өздерінің негізгі тұжырымдарын қорытындылайды. Десек те, кей оқушыларға өзіндік болжам жасауға қиындық туындатқызады. Сол кезде маман ретінде нақты бір жауап бере алмайтынымызға іштей қиналамыз. Сонымен қоса, оқушыларға болжам шығаруға ата-аналарының әсері тиіп жатады.

— Сізді кәсіби маман ретінде қандай мәселелер толғандырады?

Дінтану пәніне оқу жоспарында бір жылға берілген сағат саны. Кем дегенде аптасына екі сағаттан оқыту қажет деп ойлаймын.

— Сұхбатыңызға рақмет! 

Пікір жазу