Сұрақ: Фиқһ мәзһабтарының таралуына қандай себептер әсер еткен?
Жауап: Фиқһ мәзһабтарының түрлі аймақтарға таралып, жақтас жинауының астарында саяси, құқықтық және әлеуметтік түрлі себептер бар. Солардың бірқатарына қысқаша тоқтала кетейік:
- Мемлекет басындағы басшының белгілі бір мәзһабты қолдауы: Аббасилер кезеңінде Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Юсуфтың қадиул-қудат (бас қазы) ретінде сайлау арқылы ханафи мәзһабын қолдады. Түркі мемлекеттерінің басшылары да көбіне осы ханафи мәзһабын қолдады. Махмуд ибн Сәбуктегін, Низамулмульк, Салахуддин Әйюби секілді әмірлер мен уәзірлер Шафиғи мәзһабын қолдады. Малики мәзһабы Андалуссияда қолдау тапты.
- Белгілі бір мәзһабтың үкімдерін үйрету мақсатында медресе мен қорлардың құрылуы: Кейбір басшылар медресе мен қорлар құрғаннан соң ол жерлерге қызметке белгілі бір мәзһабтың ғалымдарын тағайындап, айлықтарын қазынадан бөліп, қызметтерін солар арқылы жүргізіп отырды. Білім ізденушілер сол жерлерде білім алып, ұстаздар ол жерлерде қызмет ете алу үшін бір мәзһабты таңдауы қажет болды. Өз кезегінде бұл жағдай медресе мен қор құрылған аймақта үкімдері мен негіздері оқытылатын мәзһабтың кең таралуына әсер етті.
- Мәзһаб имамдарының көп шәкірт тәрбиелеп, сол шәркірттерінің барған жерлерінде имамдарынң көзқарастарын оқытулары сол мәзһабтың таралуына себеп болды.
- Мәзһабтардың үкімдері мен әдіснамаларының жазылып жинақталуы: кейбір мәзһабтардың үкімдерінің жинақталуы сол мәзһабтардың таралуына ықпал етті. Үкімдері жинақталмаған Ләйс ибн Сағыд секілді мужтахид ғалымдардың мәзһабтары уақыт өте келе ұмытылып, тарих сахынасынан жойылып кетті.
- Алау ӘДІЛБАЕВ