Матуридидің пайғамбарларға иман туралы көзқарасы

    321

     (немесе қазақ халқының пайғамбарға иманы)

    Адамзаттың жаратылысынан бастап ақырғы елші Мұхаммедке (с.ғ.с) дейін Алланың ескертуін, әмірлері мен тыйымдарын жеткізуші пайғамбарлар үзілген емес. Бұған Құран аяттары дәлел.

    Әбу Мансур әл-Матуриди өзінің «Китәб әт-таухид» атты еңбегінде тарихта азамзаттың пайғамбарсыз қалмағандығына мына аяттарды дәлел ретінде ұсынады: «(Адамзат тарихында) ішінде бірде-бір ескертуші болмаған үмбет жоқ» («Фатыр» сүресі, 24-аят), «ар-Рағд» сүресінің 7-аятында: «Әр қауымның тура жолға бастайтын бір жол басшысы бар», ал «әл-Муминун» сүресінің 44-аятында «Содан кейін де елшілерімізді бірінен кейін бірін үзбей жіберіп отырдық», делінген.

    Сондықтан Құран мен хадистерде аты аталған пайғамбарлардың барлығына иман келтіру, оларға Алланың елшісі ретінде сену – исламдағы сенім негіздерінің бірі. Мұсылмандар алғашқы пайғамбар Адамнан бастап, соңғы елші Мұхаммедке дейінгі пайғамбарлардың ешбірін бөліп жармай,  Алла Тағаланың дінін таратушы ретінде барлығына құрмет көрсетеді.

    Әбу Мансур әл-Матуриди пайғамбарлар арқылы келген әмірлер мен тыйымдардың әлеуметтік маңызына назар аударды. Оның көзқарасы бойынша құдайдан келген әмірлер мен тыйымдар – қоғамды тәртіпке келтіруші құқықтық, әлеуметтік құралдардың негізі. Егер Алланың қойған әмірлері мен тыйымдары болмағанда және оны ескертетін, түсіндіретін елшілері келмегенде адамдар арасында жауыздық, алауыздық белең алып, қоғамда тәртіпсіздік бой алар еді. Ал тәртіпсіздік пен текетірес адамзаттың жойылуына алып баратыны белгілі. Олай болса әмірлер мен тыйымдар – құдайлық хикметтің жемісі деп айтуға болады.

    Имам Матуриди Мұхаммед пайғамбардың сыртқы келбетіндегі және моральдық қасиеттеріндегі өзгеде кездеспейтін сипаттарға ерекше мән береді. Алла елшісінің екі жауырынының ортасында пайғамбарлық мөрі болғандығы, бала кезінен-ақ пұттардан аулақ жүргендігі, бет жүзі толған айдан да көркем, иісі мисктен де жұпар, тәні жібектен де жұмсақ болғандығы әл-Матуридидің көзқарасы бойынша оның жеке басына тән қасиеттерге жатады.

    Имам Матуриди Пайғамбардың (с.ғ.с) мынадай өнегелік қасиеттерге ие екендігіне де тоқталған: Мұхаммед ешқашан өтірік айтпаған, оның өтірік айтқандығын ешкім естімеген, жаңылғандығына ешкім куә болмаған, ешқашан дұшпаннан қашпаған, этикалық тұрғыдан айып саналатын әрекеттерге жуымаған, ешкімге жағынуға тырыспаған, қызыл кеңірдек айтыс-тартыстарға кіріспеген, жаман сөз айтпаған, жеке басының кегін алуға талпынбаған.

    Имам Матуриди Әбу Ханифаның ақида ілімінің аясында өз көзқарасын білдіріп, ислам сеніміндегі пайғамбарлықтың мәнін ашып, оның қажеттілігін, сипаттарын және ақиқат екендігін дәлелдеді.

    Әл-Матуридидің пайғамбарлыққа қатысты көзқарастары одан кейінгі дәуірлерде де құнын жоғалтпады. Орта Азия жерінен шыққан матуриди мәзһабының ғұламалары дәстүр ретінде пайғамбарлық мәселесін одан ары дәріптеп, заман талабына сай бейімдеп, уақыт толқынында ұмыт қалмауын қамтамасыз етті. Дәл сол секілді қазақ ақын-жырауларының шығармаларында да бұл пайғамбарлық түсінік, пайғамбарға деген сүйіспеншілік өз жалғасын тауып жатты. Мұны Нұржан Наушабайұлы ақын:

    Хақ жолдан орнымыз жоқ тоқтап қалған,

    Кәмілміз ықтиқаты нықтап қалған.

    Расулға иман келтіріп, Алла бір деп,

    Үмбетіміз деп сәлемін сақтап қалған − деп жырлайды.

    Бабалар сөзінде өмірлік бағыт-бағдар беруші ретінде пайғамбарды

    Расул Алла – ғаламға гауһар шырақ,

    Осы сөз өзге сөзден артығырақ – десе, енді бірде:

    Расул Алла – ғаламға бір бәйтерек,

    Ұзыны көкке жетер сондай биік – деп пайғамбарды теңдессіз бәйтерекке теңеп, адамдарға жол сілтеуші шамшырақ деп мақтан етті.

    Өтім ақын Балтуғанұлы:

    Пайғамбарды сыйлаған,

    Алланы сыйлаған.

    Бұл өмірде оңбайды,

    Мүміндерді қинаған.

    Ондай адам бақытсыз.

    Өз ойына әруақыт

    Жамандықгы жинаған.

    Мұсылман деп айтуға,

    Болмайды оны құлақ сал.

    Жолы бұзық адамдар

    Бұл дүниеде неге көп

    Қинайды осы сұрақтар — деп жырлайды.

    Ұлжан Бекенқұлқызы ақын онан әрі:

    …Пайғамбар өр пенденің күні болды,

    Ақынның шаттандырар үні болды.

    Момындар оқығанда нәр алатын,

    Әрқашан таусылмайтын жыры болды.

    Пайғамбар –­­ асыл сөздің иесі ол,

    Пайғамбар – әр пенденің киесі ол.

    Үңілсең әр сөзіне еңбектеніп,

    Ақылдың бойға енген жүйесі ол…

    — деп Мұхаммед пайғамбарды биікке көтереді. Мұхаммед пайғамбардың әрбір сөзі ақылдың кені деп бағалайды.

    Бұл өлең жолдары Ахмет Жүйнекидің:

    …Айтайын артықтығын Пайғамбардың,

    Ұғып ал толғауымен ой мен ардың.

    Құт қонған ізгінің ол бақыттысы,

    Ішінде тендесі жоқ жаны бардың… — деген өлеңімен үндесіп жатыр.

    Ақын-жыраулар осылайша пайғамбардың ардақты тұлғасын, көркем мінезі мен ерекше сипаттарын жырлау арқылы пайғамбар бойындағы асыл қасиеттерді дәріптеп, дін исламның қазақтар арасында таралуына ықпал еткен.

    Дін – насихат. Үгіт-насихат дұрыс жүргізілгенде ғана дін шынайы сенімге ұласады. Осыны ескерген мұсылман шайырлары пайғамбардың ардақты тұлғасын, көркем мінезі мен ерекше қасиеттерін жырлау арқылы Исламды таратуға атсалысқан. Көркем шығармаларда Алла елшісінің өнегелі өмір жолы мен асыл қасиеттерін қамтыған туындылар – Сияр деген атпен жазылған. Олар «Сирәтун-нәби», «Сиәри нәбәуи», «Сияр шәріп» деген атпен мұсылмандар арасында сұранысқа ие болған.

    Алла елшісінің дүниеге келуі, пайғамбарлық міндетінің жүктелуі, һижрет, миғраж секілді тақырыптарды қамтыған туындылар қара сөзбен де, өлең шумақтарымен де жазылған.

    Осылайша қазақ даласынан шыққан ақын-жыраулар Алла елшісінің асыл қасиеттерін халыққа ұғынықты өлең жолдарымен жырлау арқылы Ислам дінінің кеңінен жайылуына септігін тигізген.

    Қалмахан Ержан

    Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті

     

    Пайдаланылған әдебиеттер

    1. Matüridi, ‘Kitâbü’t-Tevhid Tercümesi’. (çev. Topaloğlu) Ankara, Türkiye Diyanet Vakfı, İSAM, 2002.
    2. Н.Наушабайұлы, Алаш (құр: А. Шаяхмет), Қостанай, 1997.
    3. Бабалар сөзі, I, Астана, 2002.
    4. М.Әбілұлы, Қазақ әдебиетіндегі діни-исламдық поэзия, Тараз, «Қайнар» 2003,
    5. Т.Қыдыр. Мұхаммед пайғамбардың көркем бейнесінің әдебиетте жырлану ерекшеліктері. ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. №1 (76). 2016.

    Пікір жазу