Матуриди мәзһабы Маураннаһр сияқты жабықтау аймақта, Басра мен Бағдат секілді ғылым орталықтарынан алшақта белең алғандықтан, әшғарилік сияқты кең танымал бола алмады. Әрі әйгілі Бақиллани (403/1013), әл-Жуәйни (478/1085), әл-Ғазали (505/1111), Шахристани (548/1153) сынды ғалымдардың Әшғари мектебінен шыққаны да бұған белгілі бір дәрежеде әсерін тигізді.
Маураннаһр кәлам ілімінен гөрі, фиқһ және усулу-фиқһ саласындағы пікірталастардың көбірек орын алған аймағы болатын. Кәлам ілімі көбінесе, Маураннаһр аймағындағы түркілердің арасында кең тарады.
Көптеген деректерде кәлам ғылымы мен ғұламалары туралы сөз қозғалғанда Матуриди жайлы айтылмайды. Мысалы, ибн Надим (955 ж.) Матуридидің замандасы имам Тахауи (933 ж.) жазбаларынан Матуриди жайлы дерек кездестірмейсіз. Ибн Халдунның (1360ж.) «Муқаддимасында» кәлам ғылымы жайлы сөз қозғалғанымен, Матуриди туралы айтылмайды.
«Китабу-т Таухид», «Тәуилату әһли сунна» атты бірегей шығармалардың авторы әрі әһли сүннет бойынша екі ғұламаның бірі болғанына қарамастан, мәзһабтар тарихы жөнінде кітаптар жазған ғалымдардың еңбектерінде Матуриди есімінің аталмауы − түрлі жорамалдардың тууына сеп болды. Мәселен, бұл тұрғысында Мұхаммед ат-Танжи: «Имам Әшғариді нағыз Ислам ғұламасы етіп көрсетпек болғандар − Матуриди беделін әдейі төмендеткен» деген пікір айтады.
Негізі, бұның себебі, сол кездегі тарихи және географиялық жағдайлармен тікелей байланысты. Өйткені, әл-Матуриди ислам әлемінің орталығында емес, Ойкуменаның ең шығысындағы Самарқандта өмір сүрген. Еңбектерін де сонда жазған. Батыс аймағындағыларды, әсіресе, бағдаттықтарды аса қызықтырмағандықтан, әл-Матуриди алғашында тек қана Маураннаһрде танымал болған. Сондай-ақ, ұстазы Әбу Ханифа сол кезеңнің ең беделді тұлғасы ретінде саналды. Оған қоса, әл-Матуридидің ұстазын ұлықтауы оның көлеңкесінде қалып қоюына жағдай туғызды.
Ал Салжұқ мемлекетінің уәзірі Низамул-Мулк (1092 ж.) Нишапур мен Бағдат медреселерінде Әшғари ақидасына орын берген еді. Осылайша, Салжұқтар дәуірінде Фарста, Мәмлуктер дәуірінде Мысырда, Әйюбилер дәуірінде Шам аймақтарында бұл ақида кеңінен тарау мүмкіндігіне ие болды.
Бұған қоса, Маураннаһр аймағында моңғол шапқыншылығы кезінде көптеген дерек көздерінің жоғалып кетуі де, матуридиліктің кеңінен жайылуына кедергі болған. Себебі, бұл кезде көптеген кітапханалар, қолжазбалар мен қалалар отқа оранған еді.
Қалмахан ЕРЖАН, т.ғ.д. PhD, доцент