«Егер бір мақсат үшін өмір сүрсем ол мынау: мен шығыс және батыс құдай түсінігінің бірлігін, Еуропа мен Азияның үйлесімділікте болғанын қалаймын. Бұл пікір қазіргі уақытта көптеген адамға оғаш көрінуі мүмкін. Тіпті қатаң түрде айыптауға да душар болар. Бірақ келешек ұрпақ бұны жақсырақ түсінер хақ». Күнімізде қайтадан күн тәртібіне көтеріліп отырған осы сөздерді сонау ХІХ ғасырда неміс ғалымы Макс Мюллер автобиографиялық кітабында жазып кеткен екен.
Макс Мюллер – діндер тарихының дербес ғылым саласына айналуына, батыс университеттерінде оқытылуына үлес қосқандардың бірі, тіпті бірегейі. Неміс текті философ, филолог, шығыстанушы және дін ғалымы. Макс Мюллер немістің атақты ақыны Иоан Людвиг Вильгельм Мюллердің (1794-1827) ұлы. Вильгельм Мюллер «Грек Мюллер» деген лақабымен дәуірінде атағы жер жарған ақын болған. Ақын әкенің сезімнің қылын шертіп, баурап алатын өлеңдері Мюллердің кейінірек ақындыққа бүйрегі бұруына, мифологиялық тілге және филологияға қызуғышылық танытуына, көркемдік тұрғыдан жоғары деңгейдегі еңбектерді жазуына әсер еткен. Ал анасы Хофратин Мюллер ағылшын, француз, италян тілдерін жетік білетін, музыкадан жоғары сауаты бар текті әулеттің қызы.
Макс Мюллер 1823 жылы желтоқсан айының 6 жұлдызында Германияның Дессау қаласында дүние есігін ашты. Бастауыш білімін сол қалада бастап, 1836 жылы Лейпцигте аяқтайды. 1841 жылы классикалық тілдерді, психология мен антропологияны оқу үшін Лейпциг университетіне түседі. Бұл жерде отбасы мүшелерінің ықпалымен алдымен санскрит тіліне қызығушылық танытқанымен, бірнеше жыл философиямен әуестенеді.
Макс Мюллер қабілеті мен парасат пайымымымен талайларды тәнті етіп, 1843 жылы Спинозаның төртінші кітабы «Этика» тақырыбында докторлық жұмысын аяқтайды. 1844 жылы Берлинге барып, сол жерде салыстырмалы филологияның негізін салушылардың бірі ретінде қабылданатын Франц Бопптың қарамағында салыстырмалы филологияға қызығушылық танытып, атақты философ Шеллингтің жетекшілігінде философия, мифология және индология салаларындағы зерттеулерін жалғастырады. Осы кездері Шеллинг Мюллердің тіл тарихы мен дін тарихының арасынан байланыс табуына үлкен үлес қосады.
Бұл кезеңде Мюллер санскрит тілі мен діндерді салыстармалы зерттеу үшін бір жыл Парижде болып, сол жердегі ұстазы Эжен Бюрнуф оның кейінгі кездерге тән мифологияға қатысты пікірлерінің орнығуына үлес қосады. Мюллер Парижде жүргенде Англияда санскрит тілінің маманы Фридрих Розен Ригведаның алғашқы бөлімін басып шығарған соң дүние салғанын естиді. Жақын досы және шығыстану маманы Барон Бунзен атақты отарлаушы фирма Ост-Үндістан компаниясын көндіріп, Ригведаны толықтай жариялау жұмысын жас ғалым Макс Мюллерге бергізеді. Макс Мюллер осы шақыртуға байланысты 1846 жылы Лондонға келген соң, Ригведаны басу шығындарына қатысты компаниямен келісімшартқа отырады. Екі жыл Лондонда болған соң 1848 жылы өмірінің қалған бөлігін өткізетін Окфордқа қоныс аударады. Бұл жерде бірінен кейін бірі 1949 жылы Ригведаның алғашқы бөлімін, 1853 жылы екінші томын, 1856 жылы үшінші, 1862 жылы төртінші томдарын басып шығарады.
Осы еңбегінің себебінен дәуірінің индологтарының басым көпшілігі үшін Макс Мюллер ведантистердің ведантисті деп атала бастады. Тіпті үнді текті ғалымдардың өзі осынау батыстық ғалымның Үндістанға келмей тұрып-ақ үнді мәдениетін қалайша өте жоғары деңгейде танып, меңгергеніне таңдай қағатын.
Консервативті ағылшын аристократиясының ортасында әлі де этникалық бастауға құрмет көрсететін ұлтшыл неміс Мюллер өзіне тән діни және саяси түсініктеріне байланысты 1860 жылы профессорлық атақтан шеттетіледі. Алайда 1861 жылы корольдық одақта тіл біліміне қатысты лекциялары оның атағын ағылшын ғылыми ортасында асқақтатып, 1868 жылы салыстырмалы филология профессоры деген дәрежеге ие болады.
Одан кейін Англия отаршылдығының алтын дәуірінде Мюллер ғылымда еркін құлаш сермейді. 1870 жылы Ақпан айында Корольдық институтта діндер тарихына қатысты көптеген баяндамалар жасайды. Діндер тарихының классикалық еңбектерінен саналатын бұл еңбек 1873 жылы «Дін ғылымына кіріспе» деген атпен жарық көрген.
Мюллер 1873 жылы Ригведаның соңғы томын басып шығарған соң, 1875 жылы аз уақыт Оксфордтағы атақты Бодлиан кітапханасының кеңесшісі болып тағайындалғанымен сол жылы барлық қызметтерінен бас тартып, өзін біржолата 53 томдық «Шығыстың қасиетті мәтіндері» (1879-1904) көптомдығының басып шығаруға арнайды.
Бір ғылымның құрушысы ретінде Мюллердің зерттеулері әр түрлі тақырыптарды қамтыған. Десек те зерттеулерінің өзегі неміс классиктері мен өлеңдері, салыстармалы тіл зерттеулері, үнді тілдері мен діндері, үнді философиясына арналды. Ригведалар, упанишадтар, дхаммапада секілді кітаптарды басып шығарып, ағылшын тіліне аударды.
Үндінің қасиетті кітаптарына зерттеу арқылы көзқарасын негіздеуге тырысқан Мюллер діндердің бастауына қатысты «натуризм» немесе «аниматизм» деп аталған теорияны қорғаған. Натуризм теориясы – табиғатқа табыну яғни физикалық ортада кездескен күштердің құдай ретінде қабылдануы дегенді білдіреді. Бұл теория бойынша адамдар күннің күркіреуін, жанартаудың атқылауын, найзағай, дауыл, ай, жұлдыз, қараңғылық, күн мен айдың тұтылуы, теңіз,өзен және т.б. табиғат күштеріне таң қалып, қорқыныш пен құрмет сезініп, оларға табына бастаған. Мюллердің пікірінше, дін осындай қорқыныш пен таңданыстан туған табынудан бастау алып, адамзаттың алғашқы діні табиғатқа табыну арқылы пайда болған. Макс Мюллер көзқарасын дәлелдеу үшін адам алғаш дүниеге келгенде оның таңданысы мен қызығушылығын тудырған нәрселер табиғат күштері екендігін, осылайша алғашқы қауымдағы адамның назарында тағбиғатты өмірдің үлкен күші, қорқыныштың себебі және таңданыс нысаны ретінде көрінгендігін айтады. Оның пікірінше бұл адамның бойында дін пікірін оятып, адамдар табиғат күштерін құдайға айналдырып, оған табына бастаған. Мюллер бұл көзқарасын үнділердің қасиетті кітаптарындағы құдай аттарының табиғат күштерін білдіретіндігімен дәлелдеуге тырысқан. Бірақ Мюллердің бұл пікіріне сын айтқандар да жетерлік. Десек те ол сындар ғалымның дін ғылымына қосқан үлесіне зәрредей де кесірін тигізе алмайды.
Макс Мюллердің «Бір дінді білген адам, ешбір дінді білмейді» деген сөзі дінтанушылардың ұранына айналған десе де болатындай. Діндерді салыстырмалы түрде зерттеуді алға қойған да осы ғалым. Бір саланы өз алдына дербес қалыптастырып, тыңнан түрен салудың қаншалықты мол қайрат пен еңбекті қажет ететіні де түсінікті. Саналы ғұмырын діни мәтіндерді аудару мен салыстырмалы зерттеуге арнаған Мюллерді ғалымдардың «діндер тарихын құрушы» деп бағалауы орынды деп ойлаймыз.
Макс Мюллердің зерттеулері діндер тарихына қалам тартқан ғалымдардың құлабызына айналған. Күніміздегі зерттеулерде де оның жұмыстырына қайырылмай өту мүмкін емес. Фридрих Макс Мюллер артына өшпес мұра қалдырып 1900 жылы 20 қазанда дүниеден өткен.
Ернар ЕСІМҚҰЛОВ
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті
Дінтану кафедрасының аға оқытушысы