Сұрақ: Мәйітті ораған кілемді артында қалған отбасының пайдалануына рұқсат па?
Жауап: Біз мәйітті күнде көрмейміз әрі дінде өлімді адамға ақыретті есіне түсіретін үлкен ғибратты жағдай екені айтылады. Адам табиғатынан өзіне мәлім болмаған нәрседен аяқ тартады. Сол үшін қоғамда «Мәйіттің киімін киюге бола ма?», «Қайтыс болған адамның бөлмесіне ұйықтау дұрыс па?» немесе «Мәйіт жатқан бөлмеге шырақ жағып қою шарт па?» деген сияқты көптеген сұрақтар туады.
Біздің бүгінгі кезекті сұрағымыз осылардың қатарына жатады. Әдетте халық арасында мәйітті кілемге орау және оралған кілемді мешітке атау немесе мазар қазған адамға беру үрдісі қалыптасқан. Ол үшін арнайы жаңа кілем сатып алып жатады немесе үйдегі тәуір деген кілемге орайды. Сондықтан мәйіт оралған кілем таза әрі пайдалануға жарамды.
Әрине егер марқұм жұқпалы ауру салдарынан қайтыс болмаса. Мұндай жағдайда мұқият болу қажет. Біз жалпы қайтыс болған адам жайында айтып отырмыз. Егер мәйіт шыққан отбасы жарлы немесе әлеуметтік жағдайы төмен болса яки қайтыс болған адамнан естелік ретінде сақтағысы келсе, әлгі кілемді өздеріне қалдырып, пайдалануының еш әбестігі жоқ.
Ал егер мәйіт уәлиі (иесі) кілемді мешітке атауды немесе бір мұқтаж жанға беруді шешсе, өз еркі. Оның қолын ешкім қақпайды. Сауап табу жолдары көп.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ