Аға буынның бала буынға сынмен әрі сеніммен қарауы – жазылмаған заңдылық, адам болмысында бар мінез. Осыдан екі мың жыл бұрын жазылған бір жәдігерде: «Заман азып барады, жастар үлкенді сыйламайтын болды» делінген екен. Бірақ, одан бері де екі мыңжылдықты еңсердік, құдайға шүкір, жүзінде ибасы, жүрегінде иманы бар жастарымыз әлі де аз емес. Сол кезде солай айтылды екен деп «адам баласы азғындағаннан азғындап, құрып бітуге айналды» десек, күпірлік болар.
Әр кезеңнің өз қиындығы, өз қайғысы бар, сонымен қатар өз жаңалық-жақсылықтары да бар. Кезең-кезеңімен рух та жаңғырып, имани ізгі қасиеттер қайта түлеп, бой көтеріп отырады. Кей жағдайда ол азғындай бастаған қоғамға деген наразылықтан туындаса, кейде адам болмысына етене тән руханилыққа деген құлшыныстан туындайды. Біреуде аз, біреуде көп болар, біреу байқап, біреу мән бермес, бірақ бұл үдеріс адам бойында, адамзат қоғамында үздіксіз жүріп жатады.
Әр адам өз тәжірибесіне сүйеніп сөйлейді, мен де қазіргі жастардың бір көргенді көре алмағанына қынжыламын. Алысқа бармай-ақ қояйын, өз перзенттерім мен көрген рухани игіліктердің көп бөлігін көре алмай өсіп келеді.
Біз қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өстік, еркіндік пен кеңдікті сезініп, ақындарша айтқанда «табанымызға өз топырағымыздан ыстық өтіп» тұрғанын сезіп өстік. Ауылдағы әр үй өзіміздің үйіміз сияқты еді, ол кезде «біреудің баласы» деген ұғым болмаған тәрізді. Кез келген уақытта кез келген үйге еркін кіріп, араласып жүре беруші едік. Той-томалақ, бас қосу үзілмейтін. Сондайда алыстан ат арытып келіп, үйімізде неше күн қонақтап жататын қариялардың өткен-кеткенді қаузаған естеліктерін, есті сөздерін, жарасымды қалжыңдарын тыңдап, санамызға сіңіре беретінбіз.
Біздің кезімізде мектеп бағдарламасы да қазіргідей күрделі болмаған шығар, біз оны ойнап жүріп-ақ игеріп, үй шаруасына да, кітап оқуға да, шығармашылыққа да уақыт табатынбыз. Әке-шешеміздің бізге басы-қасымызда жүріп, ақыл айтуға да мұршасы болмаған, сонда да көргенімізді көңілге түйіп, «тәйт» дегізбей өстік.
Торқалы той тұрмақ, топырақты өлім де бізге өнеге болған тәрізді, Құран бағыштау мен бата беруді біз бесіктен беліміз шықпай жатып-ақ ести жүріп, құлағымызға құйдық. Тірісінде сыйласып, өлісінде жыласа білген ағайынның жоқтау жырының да тұнып тұрған ғибраты бар екенін бала жанымызбен сездік.
Ең бастысы – біз күн мен айды күнде көріп, табиғатпен тел өстік. Тау мен тас, өзен мен су – бәрі өзіміздікі болды. Біздің бойымыздағы еркіндік, кеңдік, тереңдік сол табиғатымыздан дарыған болар…
Осының көбі бұйырмаған бүгінгі буынның (негізінен қалада өскен қазақтарды айтып отырмын) кешегілердей кең мінез бен қабілетке, шексіз таным мен қасиетке ие бола алмауы заңды. Өкінішке орай, «заманына қарай амалы» демекші, «темір төсеніп, тасқа таңылған» өркениет өз дегенін жасатуда. Далада туған дәстүрді санада сақтап қала алсақ та ендігі буынға аз олжа болмайтын тәрізді.
Сондықтан сауалыңызға «Ет жүрегім қан жылап тұрып, мен жастарға сенемін» деп жауап берсем шынайырақ болатын шығар…