Мәңгілік елді жырлаған ақындар айтысы

    0
    3

    Аламан айтыста Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан келген ақындар және өңірімізден, барлығы 24 айтыскер бақ сынасты. Айтыста бүгінгі күнгі діни сауатсыздық, теріс діни ағымдардың жастарға ықпалы сыналып, дәстүрлі дініміз бен дәстүрімізді жырлауға бағытталды. Алғашқы айналымда көш бастаған  ақындардың ішінен, 14 айтыскер суырылып шығып, ақтық мәреге жолдама алды. Бұл айтыста да өнер десе елең етер халық арасынан, ақындардың шабытын қамшылап, қолдау көрсетуге келгендер аз болмады.

    Сүбелі жыр сайысының бас жүлдесін атыраулық Айзада Дәулекенова иемденді. Бұл айтыскерге Атырау облыстық Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев арнайы диплом мен жүлделі 250 000 теңге сыйақы табыстады. Басқарма басшысы Еркінбек Керімбекұлы өз сөзінде: «Айтыс, бұл – қазақтың тойы. Бүгінгі айтысымыздың ерекшелігі күні кеше ғана Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезімен қатар келіп отыр. Ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып кеткен ата дініміз бен ата дәстүріміздің байланыстылығын одан әрі дамыту негізінде, бұл айтысты дәстүрлі түрде жыл сайын өткізуді жоспарламақпыз. Өз жерін сүйетін әрбір азаматтың туған өлкесінің лайықты азаматы болуға, оны қорғау, дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосу дәстүрі де бар. Мұның барлығы өзара бірлікпен жасалар іс болмақ» — деп, елбасымыз көтерген мәңгілік ел идеясының мақсаты да ел бірлігі екендігін баса айтып өтті. Әділқазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі Ө.Әлімгереев  бұл айтыстың негізгі ерекшелігі дін тақырыбын жан-жақты қамтығандығын айта келіп, жүлделі 1 орын иеленген ақтөбелік Ершат Қайболдинді арнайы диплом мен 200 000 теңге сыйлықпен марапаттады. Жүлделі 2 орынды Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, айтыскер ақын Ж.Қарасаева ұтқыр әзілдерімен көрерменнің ықыласына бөленіп жүрген атыраулық Шалқарбай Ізбасаровқа арнайы дипломмен және 150 000  теңге сыйлық табыстады. Жүлделі үшінші орынды атыраулық екі айтыскер С.Сәрсенбаев пен Б.Ширмеденұлы бөлісті. Бұл жүлдені Ақпараттық-талдау орталығының басшысы Ж.Есенғалиев табыстап, ақындарға 50 000 теңгеден сыйақы ұсынылды.

    Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген аймақтық ақындар айтысы өте тартысты өтті. Халық жүрегіндегі сөзді ақын ғана айта алатындығын ескерсек, сөзден сарай салған ақындарының сөз тартысын көрермен назардан тыс қалдырмай, өнерге сусындаған халық айтысты тапжылмай тамашалаумен болды.

    Пікір жазу