Сұрақ: Мұсылмандардың басқа өркениеттермен тәжірибе алмасуы дұрыс па әлде өз қазанында қайнай бергені жөн бе?
Жауап: Мұсылмандардың басқа өркениеттермен тәжірибе алмасып тұрғаны туралы деректер көп және ол дұрыс деп санаймын. Ұлы ислам философы Ибн Рушт өркениеттердің араласуының маңыздылығын, басқалардың мәдениеттерін танып-білудің қажеттілігін заңды (шарғи) міндет деп баса көрсетеді. Ол былай дейді: «Олардың ақиқатқа сай нәрселерін қабыл қылдық, оған қуандық, ол үшін оларға алғыс білдірдік, ал олардың ақиқатпен астаспайтын нәрселеріне назар аудардық, одан сақтандырдық, оларын кешіре білдік».
Мұсылмандар әу бастан-ақ басқа өркениеттерге, грек, парсы, үнді өркениеттеріне мән берген. Олар, атап айтқанда, араб тіліне аударылған грек философиясы және ғылымын оқып-білді. Өздері таныс болған мәдениеттерді зерттей келе, мұсылмандар оларға тың ойлар қосты.
Екінші мыңжылдықтың алғашқы үш ғасырында Еуропа араб философтары мен ғұламаларының еңбектерін латын тіліне аударды. Осы орайда атап өтуге тұратын нәрсе, Еуропа ең алғаш грек философиясымен араб тілі арқылы таныс болды. Он бесінші ғасырдың екінші жартысында, яғни, османлы түріктері Константинополь қаласын басып алып, грек ғұламалары Италияға көшіп кеткеннен соң, еуропалық ғұламалар грек тіліндегі еңбектерді бірден латын тіліне аудара бастады.