Ханафи мәзһабында ғылыми тереңдігі мен жеке тұлғалық қасиеті мен мәзһабтың қалыптасуы тұрғысында имам Ағзам Әбу Ханифаның беделінің жоғарылығы күмәнсіз. Сонымен қатар аты айтып тұрғандай ханафи мәзһабы тек қана Имам Ағзамның көзқарасынан тұрмайды. Тарихи даму барысында түрлі даму сатыларынан өтіп, әр кезеңде түрлі беделді ғалымдар тарапынан көзқарастар дамытылып, мол мұра қалыптасқан. Уақыт талабына қарай түрлі жаңа көзқарастар пайда болып, ақыр соңында бұлардың бәрін жүйелі түрде қолдану үшін ханафи мәзһабының өз ішінде көзқарастарды таңдау тәртіптерінің белгіленуі ді заңды құбылыс. Ендігі кезекте осыларға тоқтала кетейік.
- Кітаптар тұрғысынан таңдау. Таңдалатын көзқарасты анықтау барысында ол көзқарастың қай қайнаркөз кітаптарда орын алғандығы маңызды болып табылады. Бірінші кезекте имам Ағзам Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және имам Мұхамметтен риуаят етіліп имам Мұхамметтің «заһирур-риуая» деп аталатын алты («Мабсут», «Зиядат», «Жамиус-сағир», «Жамиул-кабир», «Сиярул-кабир», «Сиярус-сағир») кітабындағы осы үш имаманың көзқарасы негізге алынады. Ал осы кітаптардың ішінде бір мәселеге қатысты әр-түрлі көзқарас болса, олардың жазылу кезеңдеріне мән беріледі. Олардың арасында ең алғаш жазылғаны «әл-Мабсут», ал соңғы жазылғандардың бірі ретінде «әс-Сиярул-кабир» саналады.
- Имамдар тұрғысынан таңдау Таңдалатын көзқарастың кімге тән екендігі де маңызды рөл ойнайды. Зәрулік жағдай орын алмаса, қағида бойынша мәзһабтағы имамдардың бір ауыздан келіскен көзқарас негізге алынады. Ал мәзһаб имамдары бір мәселеге қатысты түрлі көзқарас білдірген жағдайда мына тәртіп негізге алынады.
- Бір мәселеге қатысты түрлі көзқарастар білдірілсе алдымен имам Ағзамның көзқарасы таңдалады. Егер ол мәселеге қатысты Имамның көзқарасы жоқ болса, алдымен Әбу Юсуфтың, сосын имам Мұхаммедтің, содан кейін үлкеннен кішіге қарай Зуфар мен Хасан ибн Зияд секілді ғалымдардың көзқарасы таңдалады. Имам Зуфар мен Хасан ибн Зиядтың деңгейлерінің бір екендігі де айтылады.
- Бір мәселеде имам Ағзам мен екі шәкіртінің ойлары келісімді болса, ол пәтуадан шегінуге болмайды.
- Сахибәйн деп аталатын екі шәкіртінің (Әбу Юсуф пен Мұхаммед) бірі имам Ағзаммен бір көзқарасты ұстанса, Әбу Ханифаның көзқарасы таңдалады.
- Бір мәселеге қатысты мәзһаб имамдарының көзқарасы жоқ болып, кейінгі келген ғалымдар ол мәселеге бір ауыздан келіссе, соған қарай пәтуа беріледі.
- Кейінгі ғалымдардың пікірі әр түрлі болса, көпшілік ғалымдардың көзқарасы таңдалады. 3. Тақырыптық тұрғыдан таңдау
- Кейбір ерекше жағдайлардың тысында мәселе құлшылыққа қатысты болса, онда имам Ағзамның көзқарасы таңдалады
- Мәселе сотқа, мирасқа және куәліктерге қатысты болса, Әбу Юсуфтың ойы алға шығады.
- Мәселе туыстық қатынастарға қатысты болса, Мұхаммедтің ойы алға шығады.
- Үшеуінің келісімі бойынша истихсан тәсілі қияс тәсілінің алдына шығады. Қияс ижмағ пен ғұрыпқа қайшы болған жағдайда истихсан қиястың алдына шығады.
- Кейбір жағдайлардың тысында екі көзқарастың бірі мұсылманды күпірлікпен айыптаудан сақтаса, әлсіз болса да сол көзқарас таңдалады.
- Бір мәзһабтағы үкімді басқа мәзһабтың үкімімен жарамсыз ету дұрыс емес.
- Өз мәзһабы бойынша қате істелген құлшылықты қайта атқармауы үшін, басқа мәзһабтағы «дұрыс» деген үкімге сүйену дұрыс емес.
- Бір мәзһаб бойынша істеліп жатқан құлшылық сол мәзһаб бойынша аяқталуы уәжіп.
- Бір мәселеге қатысты «дұрысы мынау», ал «пәтуа» мынау деген екі ой кездескенде пәтуа алға шығады. Өйткені, ханафи мәзһабындағы «Заһирур-риуая» дәрежесіндегі мәтіндерде ыждағатты бекіген «пәтуа» ұғымы «сахих» ұғымынан күштірек. «Биһи юфта» (пәтуа осы бойынша беріледі) сөзі «әл фәтуа әлейһ» (пәтуа осы бойынша) сөзінен күштірек. «Асахх» сөзі «сахихтен», ал «Әхуат» сөзі «Ихтиат» сөзінен қуаттырақ.
- Мұқтаждық қысқан ауыр күй тумаса, мүфти әлсіз сөзбен үкім айтпайды және пәтуа бермейді.